Өлең, жыр, ақындар

Соңғы шабыс

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 399
Атымның аяғына шор байланды,
Орнынан әрең тұрып, зорға айналды.
Шор байланды –
Маған да шер байланды,
Жануар бүктетіліп оңбай қалды.
Көкпарды көк кептердей ала қашып,
Кетуші ек көк сағыммен араласып.
Өлердей өзгелермен жағаласып,
Қалайша байқамағам қара басып?
Жануар жатып алды сұлады да,
Оқ тиген ақбөкендей құлады да.
Селт етіп жерден басын жұлып алар,
Шалынса ат дүбірі құлағына.
Өксиді ыңыранып, шер байланып,
Қалқиған құр сүлдері өлмей қалып.
Шыңғыра кісінейді ауық-ауық,
Шыққысы келе ме әлде жерді айналып?
Шабатын әр төбеден шаң шығарып,
Өмірі көрмеп едім қамшыланып.
Қайырылып қалғанын-ай қанатының,
Сіңірін кесе басып, жаншып алып.
Беймәлім не болары келешекте,
Тұлпарым төзер ме екен көрешекке?
Мұң болып таяқ тастам, қарға адым жер,
Жете алмай қор болар ма көк есекке?
Шойырылып сол жатқаннан жатып алды,
Тек қана жылқы деген аты қалды.
Күрсіне иіскеп қойып топырақты,
Имиіп инеліктей қатып алды.
Бір күні құдай оңдап, бұрып бетті,
Бір аунап сілкінді де тұрып кетті.
Ақырын жылжи басып жүріп кетті,
Көңілді күпті қылған күдік кетті.
Тағы да үмітімді артып көрдім,
Сауыңнан
Сырқатымды артық көрдім.
Көк ерді күпшек белге тастай салып,
Көкпар-жын қайдасың деп тартып бердім.
Жөнелді жануарым заулап алып,
Дауылдай соғыла ма тауға барып?
Құйындай көкпарға кеп киліктім де,
Қағып ап кете бардым шаңға малып.
Төрт тұяқ қатар соққан тастан қатты,
Түтіндей қою шаңды аспанға атты.
Көкжиек көз алдымда дөңгеленіп,
Жануар жанарымнан жас парлатты.
Сабылтып, соңын жойқын жорық қылып,
Суырылды шабысына жер ұттырып.
Біреудің көңілін кетті торықтырып,
Біреудің өлтірді атын зорықтырып.
Соңыма сол шапқаннан бір қарамай,
Ауылға жалғыз жеттім түнге қарай.
Қайран қап қарап тұрмын,
Біле алмадым,
Бұл шабыс әсер етті кімге қалай?
Қолтыққа дем берді ме шапқан жазып,
Өзендей бауырында аққан жазық.
Асты да бір аяғын тұрып қалды,
Үш аяқ қақиды да – қаққан қазық.
Ақсайды ауырсынып жетелесем,
Кемтарлық, тиіп тұрсың жетеге сен.
Тұғырға алты аяқ та аздық қылар,
Тұлпарға үш аяқ та жетеді екен...

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сарыала қазым саңқылдап

  • 0
  • 0

Сарыала қазым саңқылдап,
Сайранда сазда салқындап,
Қуанышымның көл-көсір
Қазаны қайнар сарқылдап.

Толық

Таң алдында

  • 0
  • 0

Еркелейді аққудың балапаны,
Әлдилейді айдын көл алақаны.
Ақ жүзіндей ананың мейірімді,
Аяулы едің не деген, дала таңы!

Толық

Бәйтерек

  • 0
  • 19

Түбiне тiршiлiктiң тағдыр ие,
Тәңiрдiң ғұзырында бар дүние.
Қызыл тiл қара тасты балқытады,
Келгенде қылқобыздай зар күйiне.

Толық

Қарап көріңіз