Өлең, жыр, ақындар

Өмір сәулесі

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 502
Біреу егіз өмірде, біреу сыңар,
Ана деген бәріне тілеуші бар.
Жалғыз болса шыдайды ол қашанғы –
Опырылып оп-оңай тіреу сынар.
Түспегенмен жалқылық өз басыма,
Куәгермін талайдың көз жасына.
Бөлінбеске бүтінге кепіл бар ма,
Амал қайсы асылдың тозбасына?
Қағыс қалған қайғыдан пенде қашан,
Оңашада гөй-гөйге мен де басам.
Күңгірт тартып көңілім бара жатса,
Тұмшалаған ой көзін пердені ашам.
Түскен сезім әлекке әуреленіп,
Шыға келер уайымды сәлде жеңіп.
Жүрегіме сарғайып солғын соққан,
Жан-жағымнан құйылар сәуле келіп.
Шуақ төккен сол сәуле, бәлкім, анам,
Күнім бар ма нұрына балқымаған?
Ақ сүтімен бір соның өлшенеді
Алатұғын өмірден әр сыбағам.
Жанымдағы сол сәуле, бәлкім, жарым,
Шұғыласына шомылып жарқылдадым.
Мейірімі бір соның, махаббаты,
Жүрсе менің түгел боп бар тұрманым.
Қарындасым сол сәуле, қызым, бәлкім,
Гүлмен өріп жүретін ізімді әр күн.
Арқасы ғой солардың қуатының,
Айналама көрінсе жүзім жарқын.
Қызым, жарым, қарындас, анам да бар,
Олар барда жайым жоқ алаң болар.
Бергеніңе, уа, тәңір, мың шүкірлік,
Осы-ақ шығар бақ болса маған қонар.
Соларменен тамырым тарамдалар,
Бұл тірлігім оларсыз тәмамдалар.
Бірі үзілсе сол нәзік сәулелердің,
Жарық дүние мен үшін қараң қалар.
Қамқорым да солар ғой, қорғанышым,
Қайрат-күшім, ақылым, ар-намысым.
Олар қоршап тұрғанда бір патшамын,
Мекен еткен жап-жасыл орман ішін.
Айналам гүл құлпырған шешек атып,
Қыз – қуаныш, жар – тірек, шеше – бақыт.
Тиетіндей алдымен соларға кеп,
Жүрсе біреу сыртымнан кесек атып.
Мүмкін менің биіктен болар дәмем,
Қуыс болса кеудеме қонар ма әуен?
Қасиеттеп киедей әйел затын,
Қайда жүрсем бас ием соларға мен.
Шықпаса да атағы алты арысқа,
Өледі екен ер жігіт арпалыста.
Тәңірісі әркімнің – өз анасы,
Аналыққа сыйынған Алпамыс та.
Не көрмеді бұл қазақ жаралғалы,
Сан жыртылды ыдырап жамалғаны.
Күн туғанда әйтеуір басымызға,
Бізді қолдап келеді ана аруағы.
Әлі талай дүние қайталамақ,
Тарқамасын мереке – той-томалақ.
Күні кеше бабамыз жауға шапты
«Қарақабаттап!», «Қызайлап!», «Айпаралап!».
Соның бәрі, байқасақ, ел анасы,
Аруағының шыбын жан садағасы.
Келеді алып аналар адастырмай,
Өтсін қанша тағдырдың өліарасы.
Бірде солып, бірде өмір толуменен,
Замандарды келеді шолуменен.
Әйел заты ерге жар бола алады,
Құдай болу – елге ана болу деген!

1987



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әттең, шолақ дүние-­ай!

  • 0
  • 0

Әттең, шолақ дүние­-ай, құйрық-жалын күзеген,
Жүзге жасым жетер ме, жазсам саған жүз өлең?
Мүйіздейді күнде кеп қабырғасын қорамның,
Қатер деген бір дойыр қара бұқа сүзеген.

Толық

Айдын көлім, айтсайшы...

  • 0
  • 0

Айдын көлім, жел желпіген ақ жібектей ару көлім,
Толқыныңды толқын болып сүюші еді жаным менің.
Естен кетпес шаттығыңа шақырғандай бетің шалқып,
Менің аппақ аяулымдай жатырсың сәл езу тартып.

Толық

Семейдегі сөз

  • 0
  • 0

Шақырған сауыққа да, сайранға да,
Дүние неге теріс айналды, аға?!
Әкенің қасиетін біле бермес
Шешенің уызына тойған бала.

Толық

Қарап көріңіз