Өлең, жыр, ақындар

Жүрегімнің жыл құсы

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 552
Күндер, күндер – жүрегімнің жыл құсы,
Қызығыңды жырлап бітпес бір кісі.
Жылап келсең көз жасыңды сүртеді,
Аппақ бұлттар – көк аспанның сүлгісі.
Бақыт нұры – маған қарай ұшқаның,
Тар ғұмырдың көпсінбеңдер пұшпағын.
Желпіп өткен лептеріңе масайып,
Ләйліп кетсін торын құрған дұшпаным.
Қайта тауып өкпелескен дос­жаран,
Көңілді бір әуелесін асқақ ән.
Қылпылдатып қайрап кетсін көзелдер,
Семсерімнің жүзін тоза бастаған.
Қайта оралып сонау алыс жылдарға,
Алтын бұлақ ағып жатса жылғамда,
Рахаттанып күлген бала болайын,
Күйгелек шал өз сақалын жұлғанда.
Бір шықпаса биігіне шарықтап,
Менің кеудем – қурап­солған ғаріп бақ.
Ыстық қиял құшағында балқиын,
Ақ ордалар көз ұшында қалықтап.
Ұшқан түтін шаңырақтан көкке өрлеп,
Мал мамырлап бара жатса бөктерлеп.
Қиса Тәңірім тамылжыған сол сәтті,
Мына өмірге мысқалдай бір өкпем жоқ.
Сылдыр қағып күміс дүние шолпысы,
Толса ғазиз үмітімнің олқысы.
Тұрары хақ темірқазық жұлдыздай,
Жарық сыйлап ғұмырымның сол тұсы!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұлы қайғы

  • 0
  • 0

Өмір өтті арпалыспен, тартыспен,
Кездерім көп артық кеткен, кем түскен.
Бабалардан маған дейін ұласқан,
Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен.

Толық

Қобыз-жүрек

  • 0
  • 0

Қобыз үнін тыңдашы, керемет қандай,
Ғасырларды қиялмен аралатқандай.
Қорқыт бабам оралып көне заманнен,
Желмаясын желдіртті келе жатқандай.

Толық

Балқаштың соңғы жолбарысы

  • 0
  • 0

Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны,
Қандай қиын соңғының долданғаны.
Қызыл өрт боп көзіне көрінгендей
Қалың қопа кешегі болған бағы.

Толық

Қарап көріңіз