Өлең, жыр, ақындар

Жақсылыққа зар болып

  • 25.09.2021
  • 0
  • 0
  • 464
Аспан мен жер ортасында біраз ғұмыр кешірдім,
Әлсіреген үміт отын мың жағып, мың өшірдім.
Құрқылтайдың ұясындай қалтыраған бұтада,
Жел аударған қара қосты әр төбеге көшірдім.
Орын тимей опық жедім тусыраған түбектен,
Жапалақтай балапанын жар басына түнеткен.
Олақ қатын қолындағы күйген көсеу секілді,
Қара шапан тігіп кидім тас қараңғы түнектен.
Атқан таңның сәулесінен ақ орамал бұйырмай,
Өтті қанша қапас күндер қапқа салған бұйымдай.
Алтын өмір көз алдымда жүре берді арзандап,
Қайыршының уысында сылдыр қаққан тиындай.
Запы қылды жәдігөйлер сырты жылтыр жылмағай,
Оқ атқанын аңғармайсың қай жағыңнан кім қалай.
Бақ пен сордай аралары ажырамас екі елі,
Қайда барсаң қосақтаулы бір қожайын, бір малай.
Атын ерттеп әуре болдым әумесердің жын ұрған,
Қысқа күнде құйындатып қырық мәрте құбылған.
Заман мынау қу мүйізін кезіктірсе құлжаның,
Аш қасқырдай аласұрып, сілекейі шұбырған.
71
Тұрман бүтінделгенменен, түгелденіп мал­басы,
Тірлігіңнің сынбай қоймас өгіз жеккен арбасы.
Адам да бір Тәңірідей етікшінің қолында,
Күндіз­түні тықылдатып шеге қаққан балғасы.
Жұмыр басы сопаң етіп соғылады қайда ұрса,
Айдалаға қаңғып кетер жазатайым тайдырса.
Өлшеп­пішкен дүниеден артық дәулет дәметер,
Лақтырғанды қағып алып, жаутаңдаған маймылша.
Жібі үзілсе ғұмырыңды ұстап тұрған түйменің,
Жан сақтауға жарамайды ішкенің мен кигенің.
Сорлы байғұс армандайды асқар таудай бақытты,
Жақсылыққа зар боп жүріп жасуындай иненің.
Арман құсын тұлпар мінген бабам қуып жетпеген,
Мен де жетіп жарытпаспын ұшсам­дағы көкпенен.
Бізді қойып, қасиетті сүйген ұлы Алланың,
Мұхаммедтің омырауы да көз жасынан кеппеген.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ән­-домбыра

  • 0
  • 0

Саған ғана жан сырымды ашайын,
Саған ғана маржанымды шашайын.
Қосыл кәне әуеніме, домбыра,
Қоңыр кеште қоңыр әнге басайын.

Толық

Жалындап шаттық құшамын

  • 0
  • 0

Жалындап шаттық құшамын,
Көңілдің жоқ қой тояры.
Естимін көктен құс әнін,
Желпінтіп жанды жеткен бе

Толық

Семей

  • 0
  • 0

Бүгінгі жұртқа мәлім Жаңа Семей,
Немене кешегі Алаш қаласы емей?
Шешесін көзге шұқып туған қызы,
Көрінді әкесіне баласы өгей.

Толық

Қарап көріңіз