Өлең, жыр, ақындар

Қайырын берсе түбі...

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 319
Ақтарыл ернеуіңнен, төгіл, жүрек,
Қалмасын қапа көрген өмір жүдеп.
Қобыздай күңіренбей қайғы шалған,
Бір сәтке болайыншы көңілдірек.
Астында қас қағымның жатыр ғалам,
Нөсердей ағыл­тегіл лақылдаған.
Кенеттен ыстық сезім лапылдаған,
Найзағай ашық күнде шатырлаған.
Тұрса да ақырзаман аран ашып,
Кетесің от пен суға араласып.
Кіресің тылсым дүние құшағына,
Дауылмен жалғыз өзің жағаласып.
Сескенбей, қатер төнсін, қай жағыңнан,
Соқса да қара дауыл майда құмнан,
Тотықпай асыл жүзің айға бұрған,
Жарқылдап жел еседі айдарыңнан.
Тыйылып ащы зары аңыраудың,
Қайтады қаһары да долы жаудың.
Тіл бітіп меңірейген мылқауға да,
Ашылар тас құлағы саңыраудың.
Аруақ та көтеріліп тыныш жатқан,
Балқиды қасіретің құрыш батпан.
Қолы да қарақшының қалтырайды
Жуастың желкесіне қылыш шапқан.
Ғаламға сәуле шашып шақша басың,
Түкпірін түнектің де ақтарасың.
Періште, пайғамбар да, патшадасың,
Аждаһа аузынан да бақ табасың.
Рахат, шапағатқа мейір қанар,
Жоғалып арсыз ниет пейілді алар.
Анаңнан қайта туып келгендей боп,
Азабың, тозабың да кейін қалар.
Күпінген желбуаздар төсін қағып,
Күнелтер көрінгеннің пешін жағып.
Шығады судан алтын балықтай боп,
Балтадай батып кеткен есіл ғарып.
Жабықсын, мейлі, жалған құлазысын,
Осы үшін тіршілікке разысың.
Қайырын берсе түбі қатал тағдыр,
Садақа – зая кеткен біраз ісің...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сені іздеймін

  • 0
  • 0

Сені іздеймін, ей, қалқа, сені іздеймін,
Аңсағанда ақ таңға көз ілмеймін.
Сен жоқ жерде айырылған сыңарынан,
Сынық қанат аққудың өзіндеймін.

Толық

Келші, жастық

  • 0
  • 0

Қайран жастық, қайдасың, қайран дәурен,
Күндеріңді өткіздім сайрандаумен.
Қайта айналып сен маған оралмайсың,
Дөңгеленіп он екі ай айналғанмен.

Толық

Сұрама

  • 0
  • 0

Сұрама руымды, қадірлі аға!
Көзімді ашып тұрмын қазір ғана.
Ойыңнан шықпай қалсам –
Өкінішті,

Толық

Қарап көріңіз