Өлең, жыр, ақындар

Ана тілім

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1036
Қыран құстай аспандап ана тілім
Көтерілсе, қауырсын­қанатымын.
Шалатұғын қиырдан не болмаса
Жарқылдаған көзінің болатымын.
Самғау ғана жарасар көк құсына,
Тегеуріні менмін ғой, топшысы да.
Уа, Тәңірім, бар болсаң шыныменен,
Жолатпа оны атылар оқ тұсына.
Жерге түссе қонатын тұғырымын,
Тұғыр болар тамырдың түбірімін.
Не болсам да болайын тілім үшін,
Керегіне жарасам ғұмырының.
Тұлпар болса алысқа арындайтын,
Тынысымын ешқашан тарылмайтын.
Тұяғымын немесе көк темірдей,
Тасқа соқса сынбайтын, жарылмайтын.
Үйлесімін табамын, жарасымын,
Тілімдікі бойдағы бар асылым.
Тұра шапса көк мұзда тайдырмайтын
Табандағы немесе тағасымын.
Түскен кезде тағдырдың егесіне,
Тағасының боламын шегесі де.
Қасиетіңнен, ана тіл, айналайын,
Халқым менің көтерген төбесіне!
Тұлпарым да өзіңсің, қыраным да,
Намысым да өзіңсің, ұраным да!
Көз жұмылып, қараңғы көрге кірсем,
Сенің үнің жатады құлағымда!
Иманым да өзіңсің, құраным да,
Жағылатын басыма шырағым да.
Өлген соң да сен үшін күресемін,
Аруақ болып орнымнан тұрамын да!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен байғұсты мүсіркесе

  • 0
  • 0

Бар қазаққа жөн сілтейтін болмасам да ұлы Абай,
Анда­санда шолтаң қағып, сөйлеп қоям шыдамай.
Үрей толы сұрқай тірлік басқан сайын аяқты,
Шошытады қарақшы мен ұры бұққан жырадай.

Толық

Қазағым

  • 0
  • 0

Армысың, асыл жұртым, арман елім,
Тау асып, тасты басқан тарлан елім!
Ту ұстап, тұлпар мінген бабалардың
Жұртында жұрнағы боп қалған елім!

Толық

Елбасы

  • 0
  • 0

Кісімін ата көрген, ана көрген,
Көтердім көптің жүгін шама келген.
Батасы Мұқағали қабыл болып,
Сөзіме қалың елім баға берген!

Толық

Қарап көріңіз