Өлең, жыр, ақындар

Шүкір, шүкір!

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1385
Мен бар екем,
Ояу екем бүгін де.
Шүкір, шүкір бүгін де естіп отырмын
Құстар даусын,
Жапырақтың сыбдырын.
Тереземнен күн түседі бір қырын —
Сайра, сайра, домбырам,
Менің момын бұлбұлым,
Сөйле, сөйле, бүгінгі күн тілінде;
Кешегіні ұмытпа,
Көңілім менің, ертеңгіден түңілме.
Мен тірі екем, бар екенмін бүгін де.
Ербең-ербең жүгірме,
Көлеңкелер, қара еменнің түбінде.
Қара еменнің жапырағы былтырғы
диуананың шапанындай бір түрлі.
Алыс асфальт жолдардағы гүрілге
ауық-ауық қояды үріп cap күшік.
Бұталарға торғай қонып, қарға ұшып,
Су сөйлейді сәбилердің тілінде.
Өзгеріс бар тастардың да түрінде:
Ол да елеңдеп қарайтындай бір үнге.
Нұрдың нәзік саусағының астында
Сен де, мәрмәр, мамыққа ұсап дірілде.
Бір үн қосылып діріл қақты бір үнге,
арқам қозды әлденендей дүбірге —
Шүкір, шүкір, ояу екем,
тірі екенмін бүгін де.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сымдар

  • 0
  • 0

Аспан тұрды айналаны тұйықтап,
Жалт қарадым – тоқтадым,
Жалап-жалап дүниенің оттарын
Үндемейді жел де, тілі күйіп қап.

Толық

Атылды да жас бұлақ

  • 0
  • 0

Атылды да жас бұлақ
бір дір етіп тоқтады.
Анау кәрі тас бірақ
күліп жатқан жоқ па әлі?..

Толық

Ақ саусақ билейді, билейді...

  • 0
  • 0

Ақ саусақ билейді, билейді
кәдімгі ақ мата үстінде.
Көк жіпті сұр ине сүйрейді,
көк ала кестелер түсті де

Толық

Қарап көріңіз