Өлең, жыр, ақындар

Тұңғыш сапар

  • 03.10.2021
  • 0
  • 0
  • 405
Есімде. Әкеме еріп жолға шықтым,
Көрінген көкжиектен белге асықтым.
Шанаменен Шәуешекке келе жатып,
Сапардың ұзақтығын алғаш ұқтым.
Сүйреген шанамызды кершолақ ат,
Зулайды ұшатындай берсе қанат.
Арқамда Тарбағатай тауы қалды,
Болғайсың дегендей бір сау-саламат.
Жалғасып салған ізім жан­-жақпенен,
Жер бетін содан бері шарлап келем.
Келбетін жарық дүние танып­-білдім,
Сырына ой жіберіп салмақпенен.
Көппенен кемдік көрмес араласқан,
Жақсыға жақын жүрдім бала жастан.
Кең жайып құшағымды жарқылдадым,
Есігін адамдарға маған ашқан.
Көргенін мен де көріп сан ұрпақтың,
Іздеген керегімнің бәрін таптым.
Бөлісіп қолда барды достарыммен,
Ащының, тұщының да дәмін таттым.
Жар сүйдім, бала сүйдім ел қатарлы,
Өмірдің өзі түзу жолға салды.
Еліме еңбек етіп азды­-көпті,
Менің де маңдай терім жерге тамды.
Жалғанда шыр-айналып дөңгелеген,
Періште болған емес пенде деген.
Тапсын деп ырыздығын тіршіліктен,
Тәңірім таңдайыма берген өлең!
Телміріп түкпіріне қара түннің,
Қаламға сүйеніп сан таң атырдым.
Кім білсін халқым қалай бағаларын,
Өзгеше тағдыры бар әр ақынның.
Кісімін тірі жанға қас қылмаған,
Есесін жіберген жоқ ешкім маған.
Қылтасын қай қазақтың қандамаған,
Ақситқан азу тісін қасқыр заман.
Ұялап несін айтам көңілге мұң,
Жүректі жібек құрттай кеміргенін.
Белгісіз қанша жерге созылары,
Басталған сол сапардан өмір жолым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Туғанша ақырзаман

  • 0
  • 0

Жетпеппін қадіріне көп күндердің,
Өтінде қаңғалақтап өткір желдің.
Қураған жапырақтай жаным күйді,
Шарпылып жалынына от тілдердің.

Толық

Көрінгенге жүгіріп...

  • 0
  • 0

Әлдекімнің ауласын сағалаған,
Бұралқысың қоқысты жағалаған.
Жуынды ішсең қоймайсың әдетіңді,
Көрінгенге жүгіріп абалаған.

Толық

Сен екенсің

  • 0
  • 0

Жабықсам көтеріп көңілімді,
Жайнайсың күліп күндей.
Кей кезде өзіңнің қадіріңді
Біле алмай жүріппін ғой.

Толық

Қарап көріңіз