Өлең, жыр, ақындар

Сайын

  • 07.10.2021
  • 0
  • 0
  • 326
Өлеңмен ақ қағазға уайым сыздым,
Жыл толды. Өтіп жатыр Сайынсыз күн.
Біздерге соңғы кезде көп түсіп тұр
Тұзағы ажал деген тойымсыздың.
Қояйын көңіл айтып көп қазаға,
Осымен тыйылса екен, тоқтап аза.
Соңынан ағасының Өтепберген,
Жөнелді Тұрсынғазы, Баққожа да.
Өксіген іші-бауырым жанып іштен,
Ағаны ойға аламын сағынышпен.
Асылдың тұяғы еді тұлпар текті,
Тұнықтан жүзіп барып қанып ішкен.
Болыпты қашан оңай жұртқа жақпақ?
Жан еді судан тұнық, сүттен аппақ.
Анасы еске түссе күрсінетін,
Ұшына кірпігінің шық қонақтап.
Төгетін зергер еді сөз маржанын,
Білетін бүкіл қазақ жазғандарын.
Келмеске көз жаздырып кете барды,
Кемедей ой мұхитын кезген дарын.
Қыраны қалықтаған көк төрінде,
Жоңғардың туған еді бөктерінде.
Сол тауда анасының сүтіменен
Ең алғаш ауызданған тәтті өмірге.
Жоңғартау бұлттан асып, иық керген,
Бауырында талай перзент сүйіп көрген.
Сайынның көкірегіне туған сәтте­ақ,
Сарқытын бабалардың құйып берген.
Бесігін тау тербеген, жел әлдилеп,
Ақша бұлт мамығына ораймын деп.
Жоңғардың жотасында зыр жүгірген,
Қара жер табанында талай гүлдеп.
Үңіліп үлбіреген гүл сырына,
Бойлаған табиғаттың тылсымына.
Елеңдеп, кішкентайдан құлақ түрген
Қыранның қанатының сусылына.
Жонында құлын ойнап, қозы көшкен,
Жоңғардың сай-саласын көзіп өскен.
Киелі аналардың қолыменен
Тұсауын Ілиястың өзі кескен.
Арындап ақбоз аттай арман­-ғұмыр,
Сайын да сан бәйгеде салған дүбір.
Жайлауын жас дәуреннің дүрілдеткен,
Басқандай жалпағынан Жалғанды бір.
Өткізді Алматыда бар ғұмырын,
Сіміріп Алатаудың таңғы нұрын.
Айтайын бір ерекше оқиғасын,
Ағаның айрықша тағдырының.
Қалыпты екі жаста анасынан,
Сәбиге көршілердің жаны ашыған.
Елесі анасының жатса-тұрса,
Шықпаған өмір бойы санасынан.
Жастықта кім бар, сірә, жасқанатын,
«Бес тапал» – бес жазушы дос болатын.
(«Бес тапал» – Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов)
Бесеуі басын қосса – күнде базар,
Әңгіме ұзын­-сонар басталатын.
Бесеуі – бес асылдың сынығынан,
Келмейтін Сырдың суы жұлығынан.
Шөлдерін шөлмекпенен қандыратын,
Шараптың қауға тартып құдығынан.
Болады әркімде бір уайым бөлек,
Күтетін тек Алладан қайыр-көмек.
Бір күні дуылдасып отырғанда,
Үн­түнсіз түнереді Сайын кенет.
Бұзылды лезде неге достың өңі?
Ұға алмай аңтарылды ешкім оны.
Ауылынан келіп­-кеткен біреулерден,
Кеше бір жайсыз хабар естіп еді:
– Достарым, бүгін қатты мен алаңмын,
Құрысын надандарға қараған күн...
Басына барып қайтпай болмас енді,
Мазасы кетіп жатыр, – деді, – анамның!
Сыздау бар жанға батқан жарасында,
Ол енді алды­артына қарасын ба?
Қапалға Алматыдан тартып кетті,
Таксимен екі кештің арасында.
Ауылына жетіп келді түн ішінде,
Бір сыр бар мынау суыт жүрісінде.
Колхоздың бастығының қақты есігін:
– Үйден шық, ей, сүмелек, тірісің бе?
Қозғалып басындағы мамық жастық:
– Кімсің? – деп дауыстады оған бастық.
– Шық бері, Мұратбеков Сайынмын – мен,
Келгем жоқ жасағалы саған қастық!
Елесті көргендей боп түсіндегі,
Бастық та еш нәрсені түсінбеді.
Сескеніп үйден шықты сүйретіліп,
Сездірмей қорқынышты ішіндегі.
Анау да тани салып жорғалады,
Сайын да одан сайын долданады:
– Ей, найсап, – деді жақын төне түсіп, –
Қай жерге салмақшысың мал қораны?
Қорымды көремісің, анау тұрған,
Сол жерде жатыр менің анам туған!
Шешемнің зиратының дәл түбінен
Мал қора салам депсің сен, антұрған!
Ол жаққа аяғыңды енді баспа,
Тауып ал қора салар жерді басқа.
Аруақты тыныш жатқан мазаласаң,
Толады екі көзің қанды жасқа!
Дегендей айтып болдым айтарымды,
Бұрылып көлігіне қайта мінді.
Мәңгүрттің сағы сынып, беті қайтып,
Теседей тасқа тиген тойтарылды.
* * *
Ер еді Сайын аға, міне, осындай,
Сілтесе қиып түсер шын асылдай.
Шаң жұқпас шашасына өрен жүйрік,
Қашқанды қуып жетер қыр асырмай.
Талай жыл содан бері – талай заман,
Қаңбақтай күндер ақты жел айдаған.
Басына жылда келіп қайтатұғын,
Зират тұр ұлын күтіп қарайлаған.
Мәңгілік мекен болмас Жалған анық,
Ауылға Сайын келмес енді оралып.
Жұлдызы рухының сөнбейді оның,
Аспанда – Құдай барда, жерде – Халық!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үміттің сынық кесесі

  • 0
  • 0

Суынған жүрек сыр төкпес,
Сарқылған көздің жасындай.
Безерген тағдыр бүлк етпес,
Қайғының қара тасындай.

Толық

Жыр-шашу

  • 0
  • 0

«Бісмілла!» деп сыйынып, ауызға алып Алла атын,
Қызыл тілім толғасын Құл­Мұхаммед зәузатын.
Қызыр баба о бастан тірісіне бақ сыйлап,
Өлісіне бұйыртқан о дүниенің жәннатын.

Толық

Ақ көбелек

  • 0
  • 0

Қағасың қанатыңды, қалықтайсың,
Қонасың гүлден­-гүлге, жалықпайсың, ақ көбелек.
Жанары жарқылдаған жарқын жаздың,
Жалт етіп алдайтынын неге ұқпайсың, ақ көбелек?!

Толық

Қарап көріңіз