Өлең, жыр, ақындар

Бауырыңа қысып сүйіп мені аймала

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 319
Бауырыңа қысып сүйіп мені аймала,
Таң атсын арамыздан арайлана.
Жаныма жақын туған, жұлдызым-ау,
Көзіме түспей келдің қалай ғана?
Таң атсын арамыздан арайлана,
Сескеніп жан-жағыңа қарайлама.
Көзіме түспей жүрдің қалай менің,
Ұқсап бір, толған айым, шар айнаға.
Деректі өзің жайлы естіп өтем,
Сезімдей балапанды кеш түлетем.
Көрсетпей сенің маған ақ жүзіңді,
Жасырып жалбыр бұлттар көшті ме екен?
Алдыңа сылтау тауып жүз барамын,
(Қылығы белгілі ғой қыз баланың).
Сезімтал дүниедегі әйелдердің
Көзінен мен өзіңді қызғанамын.
Кіршіксіз көңілі пәк, жаны бала
Танымай жақын жанды жаңыла ма?
Өң түгіл, өзге емес түсінде де
Көрсе деп тілеп жүрмін мені ғана.
Ғашықтың болады екен түні жарық,
Жылы өзен өзегінде күліп ағып.
Аударып арманымды тек өзіңе,
Барады назарымды бұрып алып.
Жанымды қайтер екем жыр жайлаған,
Күн көзін жер шарымен бірге айналам.
Арманым адастырып ақ сағымға,
Әдейі жеткізбестен жүр ғой маған.
Шырқау боп шыдамымды сынайды әр күн,
Шегіне жетпей қойдым бір ойлардың.
Қорған ғып қанатыңды, қыран құсым,
Төбемнен алыстамай шыр айналдың.
Аман бол қыран құсым мекені көк,
Сен үшін шынар болдым жеке гүлдеп.
Шарқ ұрып сәуле шаштың биіктерден,
Мені шын сен бақытты етемін деп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кешкі сурет

  • 0
  • 0

Аппақ шуақ шашылғандай шат күлсең,
Көкірегімнен ақ таң болып аттың сен.
Астыңа бір алтын жалды ат мініп,
Кешкі күнге кіріп бара жаттың сен...

Толық

Жалғыз дән

  • 0
  • 0

Ежелден бізге, досым-ау,
Өмір мен өлім бұйырған.
Жер-ананың осынау,
Тұңғышы екен түйір дән.

Толық

Әкем үйге келгенде

  • 0
  • 0

Ауыл жақты көп сұрап,
Алдым білем тынышын.
– Бұрынғыдан жақсырақ,
деп кең алып тынысын.

Толық

Қарап көріңіз