Өлең, жыр, ақындар

Түбір табалдырық

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 320
Осы жермен өткендей бабам жүріп,
Қалай, ішке сезімді қалам бүгіп.
Сол бір үйде мен жиі баратұғын
Түбір ағаш болыпты табалдырық.
Олжа көріп жүргенде әр күнімді,
Жан-жүректі жасындай толқын ұрды.
Толқып тұрдым, ашуға сол есікті,
Қорқып тұрдым, басуға сол түбірді.
Түбір жайлы туған ой арылмады,
Адам түгіл, жеткендей тәңірге әні.
«Бұтақтарым қайда» – деп жер астында
Аза тұтып жатқандай тамырлары.
Жер сілкініп кеткендей дүбірден мың,
Сиынғандай бір күшке күбірлермін.
Қасіретіне қараймын қалай, шыдап,
Жапырақтарын жоқтаған түбірлердің.
Өз көзі жоқ, көретін санатқа еріп,
Сұлуларда өтеді қабақ керіп.
Түбір – ағаш тамырлы табалдырық,
Тірілерге жатқандай сабақ беріп.
Тағдыр жайлы, не айтамын ғұмыр жайлы,
Еңсемді езер жұмыр жер, жұмыр қайғы.
Естігендей жан даусын тамырлардың,
Тұла-бойым түршігіп, шымырлайды.
Баспалдақ ғып түбірді басып өттім,
Басқан ізді жуғандай жасы көктің.
Жауап беріп жатқандай жер құшағы
Қабіріне айналып қасіреттің.
Айтшы маған, уақыттың белестері,
(Кеше ол көктеп, жайқалған емес пе еді)
Табалдырық... табанға, жердің өзі –
Түбір ағаш сияқты елестеді.
Өткен екен бұл жерден бабам жүріп,
Жетелеген бұл жерден баламды үміт.
Ұқсап менде бір күні сол түбірге,
Табандарға болармын табалдырық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жалғыз дән

  • 0
  • 0

Ежелден бізге, досым-ау,
Өмір мен өлім бұйырған.
Жер-ананың осынау,
Тұңғышы екен түйір дән.

Толық

Өрісім кең, өзгеден өрем бөлек

  • 0
  • 0

Өрісім кең, өзгеден өрем бөлек,
Тіл қатпаймын, естімес кереңге кеп.
Көре алмаған өңімде жақсылықты
Көп ұйықтадым, түсімде көрем бе деп.

Толық

Еркелеп келші маған, еркін өлең

  • 0
  • 0

Еркелеп келші маған, еркін өлең,
Шабыттың жандыра алсаң өртіменен.
Көңілдің көк жиегін түріп тастап,
Аспандай жауып-жауып серпілер ем.

Толық

Қарап көріңіз