Өлең, жыр, ақындар

Көпір

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 375
Ескі көпір, жағалауды жалғаған,
Сықыр-сықыр, ойбай салып, зарлаған.
Өтіп кетіп барады өмір үстінде,
Таңба болып, кімнің ізі қалмаған.
Жарық сыйлап, алыс пенен жақынға,
Ақ таңдардан арман дәмін татуға.
Өткен шығар жағадан бір жағаға,
Көріп судан өз суретін ақын да.
Көпір тарих, айналардай аңызға,
Дүниені сиғызып бір қауызға.
Қара түнде қанжар тығып жеңіне,
Үстіменен өткен шығар жауыз да.
Өмір жатыр, бір өмірді мүсіндеп,
Тірлік сырын мән беріп кім түсінбек?
Бұл көпірден өткен шығар ғашықтар,
Қос жүрегі шапқан аттай дүсірлеп.
Уақыт жүйрік, бір орнында тұра ма,
(Ай кешігіп, жүзін суға жуа ма?)
Көпір жатыр, өткен менен кеткенге,
Көзі тірі айналып бір куәға.
Ескі көпір, кімге айтады зар-мұңын,
Зар-мұңымен келіп, кетер әр буын.
Естіп жатыр, шуылдаған керуенді,
Көш құраған толқындардың тағдырын.
Пернелері тұрғаннан соң, сөгілмей,
Жолаушылар өтер, кейін шегінбей.
Басқан кезде, зыңылдайды, құлағың
Қатты тартқан домбыраның ішегіндей.
Сезімдерді сезімімнің оты үрлер,
Алмағайып, өтті бастан не күндер.
Тартылыстай көрінбейтін көздерге,
Болады екен өмірде көп көпірлер...
Қатыгездік, қайдан келді мұншалық,
Тобыр толқын сусып ағар, құмша ағып.
Уақыт – көпір, табандардың астында,
Аттан салып жылайтындай мұң шағып.
Жер бетіне ізіменен әр түннің,
Көпір тартар сәулесімен алтын күн.
Ортасынан хақ бөлініп кетердей –
Ескі көпір, жүйкесіндей халқымның!...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір жас әйелге...

  • 0
  • 0

Өлуге тумай жатып кім асығар,
Күн шығар, мезгілімен гүл ашылар.
Өтінем, жауап берші, ей, жас әйел,
Тумаған сәбидің не кінәсі бар?

Толық

Қабағыңды қарама, түйіп маған

  • 0
  • 0

Қабағыңды қарама, түйіп маған,
(Бір көргеннен біреуді сүйіп қалам)
Махаббатсыз жамылған мұз көрпені,
Мұхиттаймын мәңгілік ұйықтаған.

Толық

Бақытты жырлап мен ылғи

  • 0
  • 0

Бақытты жырлап мен ылғи,
Елтіген талай шағым бар.
Құбылып ауа, көңіл күй,
Құбылып қашқан сағымдар.

Толық

Қарап көріңіз