Өлең, жыр, ақындар

Жар басында

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 313
Тәкаппарсың, сұстанып, керіп қабақ,
Толқын шашын табаны өріп, тарап.
Жар тұратын, жалықпай жүзін көріп,
Төбесінен өзеннің төніп қарап.
«Ағынды Ақсу» ағатын күлкіні өріп,
Ақ арманның ашылмай кілті берік.
Қытықтайтын қолтығын, толқын, жардың –
Тұрғанына шыдамай құр түнеріп...
Құпиясын қызықтап, бала шақтың,
Болдым іштей қиялдап, алашапқын.
Жар басынан қараушы ем, таңғы ағысқа
Көргім келіп бейнесін бала шақтың.
Сезім – балық, ойнаған бұлаққұмар,
Тасқа тиіп тұмсығы жылап тынар
Егіліп жар, шыдамай су арудың,
Ауық-ауық үстіне құлап, тұрар.
Жаға жайдың жайқалып оты қалың,
(Жар басында ой кешіп отырамын).
Ағады Ақсу, үстіне гүрс етіп бір –
Құлайтұғын, қосып ап топырағын...
Талшыбықтай толқыны мың бұралып,
Көкжиектен сүйердей күнді барып.
Ағысы ұрып жататын күндіз-түні,
Биік жардың табанын үңгіп, ағып.
Өтті, кетті, күмбірлі кезің керуен,
Әлиядай әжемнің көзін көрген.
Айдынына арудың құлаған жар
Жігіттей бір төзімін сезім жеңген...
Жылатты арман, кімдерді жұбатты арман,
Бұлақ таудан аққандай, сыр ақтарған.
Табамын ба, білмеймін енді барсам,
Туған үйдің орынын құлап қалған.
Бөгей алмай бойдағы тасқынымды,
Сөзге ілескіш, сезімге мас күнімді.
Қайтарар ма, Ақсуым, сұрап барсам,
Жар басынан құлаған жастығымды?..
Құрмайды екен салтанат мәңгілік таң,
Ақсуға дос, шөліңді қандырып қал.
Естігендей боп тұрам, әжем дауысын,
Жарға барып соғылған жаңғырықтан!...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мен сені іздеп тапқанша көп адастым

  • 0
  • 0

Мен сені іздеп тапқанша көп адастым,
Күйін кешіп, ұрыншақ, шала мастың.
Бар еріктен айырып, оттай жанған,
Жүрегімді көкпар ғып ала қаштың.

Толық

Арман атты мен білетін бір ән бар

  • 0
  • 0

Арман атты мен білетін бір ән бар,
Айтар оны орман, таудан сұраңдар.
Айтар оны, қайталаумен тек қана,
Қанатының екпінімен қырандар!

Толық

Дүниенің құпия болмыстары

  • 0
  • 0

Дүниенің құпия болмыстары,
Бір-біріне жасайды айналыстар.
Айналғандай мен үшін жырға бақыт,
Тоқта десе тоқтайды кімге уақыт.

Толық

Қарап көріңіз