Өлең, жыр, ақындар

Мен өмірде көп нәрсемді жоғалттым

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 348
Мен өмірде көп нәрсемді жоғалттым,
Жас күнімді, мас күнімді баянды.
Жылағанмын бақытымды тонап түн,
Жылдарымды тоқтата алмай аяулы.
Жоғалттым көп ыстық жүрек достарды,
Бәлкім оған кінәлі өзім болармын.
Көкірегім талай рет бос қалды,
Талай рет асылымнан тоналдым.
Жоғалттым мен сағыныштың жолдарын,
Және – ұзақ, көзім талып күтуді.
Қызғанбаймын жақсылықтың ал, бәрін,
Ойлағандар есеппенен ұтуды...
Жоғалттым көп жылдарымды жазбай-ақ,
Дүниеге қараймын жәй қызықпай.
Ә, дегенше-ақ алдарқатып көз бояп,
Біздің бастан өтіп кеткен қызықтай...
Жоғалттым мен сүйгенімді теңеусіз,
Сол арқылы көп нәрсемді жоғалттым.
Содан кейін өтті өмірім елеусіз,
Ешкімге де келмей ешбір қол артқым.
Мен өзімше көріп бәрін сезіндім,
Бұл басымды дүние жеңбей, ой жеңді?
Көп жоғалттым, жоғалтпадым өзіңнің
Кеудемдегі күлімдеген бейнеңді.
Арым қинап түстім тірі отқа да,
Тілім шықты, тілін жалап жалынның.
Көп жоғалттым, жоғалтпадым тек қана
Сол баяғы нәзіктігін жанымның...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сағыныш

  • 0
  • 0

Туған жер, көрікті жер, ата мекен,
Нұр таңың қалай менсіз атады екен.
Өзіңді шын жүрекпен, қайда жүрсем,
Аяулы Ақсуым деп атап өтем.

Толық

Махаббат күні

  • 0
  • 0

Бүгінгіге аңыз болар кешегі,
Өмір заңы, өшіп, біреу өседі.
Бір кездерде жер мен аспан арасы
Тас қараңғы болған екен деседі.

Толық

Ұсынба орын, босағадан, төрденде

  • 0
  • 0

Ұсынба орын, босағадан, төрденде,
Төрді қайтем? жетім жүрек шерменде.
Тәтті сөзбен алдай бермей… сәбидің –
Не жетеді? Қолына нан бергенге...

Толық

Қарап көріңіз