Өлең, жыр, ақындар

Шыңғыс ханның құдығы

  • 03.01.2022
  • 0
  • 0
  • 864
Кәлләмдағы қат-қабат қалың мидан,
Қазып алдым тарихты, бәрiн жиған...
Бұл құдыққа Шыңғыс хан қаһарланып,
Қарсыласқан жауының қанын құйған.

Ақ малтадай сыққанда ол бұла бұлтты,
Шеңгелiнен шелектеп су ағыпты.
Жорықтарға хан Шыңғыс аттанарда,
Шыңыраудан тұлпарын суарыпты.

Ыстық-суық сезiмге көп берiлдiм,
Бiреуге ерсi, бiреуге жек көрiндiм.
Қан көбiк боп езуi көпiршiген,
Бұл құдықтан су iшкен көкбөрiнiң.

Көргенiне куә дүр, мына, мекен,
Шыңыраудан қашанда жыра бөтен...
Сол құдыққа түскенде әппақ ай да,
Қызыл түске боялып шығады екен.

Ақ мәрмәрдан алынған қия шауып,
Құдық бейне ортаймас сия-сауыт.
Қалам ұшын матырып, хас шеберлер
Өлмес кiтап жазыпты, мият алып...

Ақындық та сұрапыл жорық тектi,
Сахараны шарлайды, шолып көктi,
Қаламымды мен-дағы матырып ем,
Жазған жырым қып-қызыл болып кеттi.

Жүрiп жатыр санамда қызу шаруа,
Кiрпiк iлмей жыр жаздым ұзын таңға.
Қара қаңбақ жел айдап түссе мұнда,
Шыға келер айналып қызыл шарға...

Көңiл күптi болса да жүзiм қаяу,
Ұлым да ояу, бұл күнде қызым да ояу.
Бұл құдықтың түбiнде тұнып жатыр –
Қызыл жалын –
Қызыл су –
Қызыл бояу.

Күресумен өткiздiм көп ғұмырды,
Көңiлiм жалған заманнан бек түңiлдi.
Бодауына берсең де таудай алтын,
Қызыл нiлге бояман көк туымды.

Ей, тарих,
Алжымай жөнiңе көш,
Көп құрыпты өлiм мен өмiр егес.
Әркiм барып еркiмен қан тапсырар,
Шыңғыс ханның құдығы донор емес.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Соңғы батыр

  • 0
  • 0

Қазақта – соңғы батыр Кенесары,
Атанды қоңыр болмай, неге сары?
Көз еті тым сарғайып кетеді екен,
Жауының көрінбесе төбе, шаңы...

Толық

Малшы ауылдың шетінде

  • 0
  • 0

Малшы ауылдың шетінде,
Бір әжей тұр жол қарап.
Ақ бетеге бетінде,
Бөдене жүр жорғалап.

Толық

Мінез

  • 0
  • 0

Жылқы текті жануар ғой –
Құс қорек,
Оған біткен күмбір әуен,
Түс те ерек.

Толық

Қарап көріңіз