Өлең, жыр, ақындар

Тағы ештеңе бітіріп үлгермедім

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 407
Тағы ештеңе бітіріп үлгермедім,
Тырна қылып ұзатам күндер легін.
Қап-қара боп көздері, кірпік қақпай,
Терезелер айтады түн келгенін.
Барлық күнде, ішінде бар аптаның,
Күн келгенін немесе таң атқанын,
Терезеге жазады жаратқаным.
Өтіп жатқан уақытты саралауға
Жүрегімнің жинаймын парақтарын.
Өтіп жатқан уақытты саралауға,
Тіршілігім асығып қарамауда.
Адам біткен неліктен бірдей емес,
Гүлдер неге өспейді бар аулада?
Із қалдырмай кететін ізгі күндер
Менің нәзік жанымды жаралауда.
Келем десе... қара түн кешікпеген,
Әдеп сақтап кірмейтін есікпенен.
Аппақ-аппақ ойларды ай қылам деп,
Қара түннің қойнауын кешіп келем.
Аппақ-аппақ ойларды ай қылам деп,
Ойсыздықтың елінде қайғырам көп.
Жер бетіне жаңбыр боп төгу үшін,
Бұлттарымды қанат қып жайдырам кеп.
Сабыламын, жөңкимін, байқа... дегем,
Бұлт боп ұшам, жаңбыр боп қайта келем,
Тамшы жырын жалықпай айта берем,
Дауыл болып бұрқаймын шайқап емен.
Кемпірқосақ түсімен ән айтады
Жеті түске құбылған байтақ әлем.
Күлімдеумен тірліктің нұр көктемі,
Отты өмірдің барады үрлеп демі.
Қауырсынын лақтырды маған қарай
Дүбірлеген жылдардың дүрмектері.
Саңылауынан санамның жарық түсіп,
Қауырсыннан жатамын мамық құшып.
Күндерімнің жеңісті жетекке алған
Қолын алғым келеді барып қысып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір ғұмыр

  • 0
  • 0

Бірді бірге қосумен,
Жақсы күнді тосумен,
Қиял бұлт боп көшумен,
Өтеді екен бір ғұмыр

Толық

Қоштасайын өзіңмен күліп тұрып

  • 0
  • 0

Қоштасайын өзіңмен күліп тұрып,
Жанарымнан бір тұнық сыр ұқтырып.
Өкпелеймін несіне, бәлкім сені
Өзге бір жан жіберер ұмыттырып.

Толық

Құдайым, талап берген, бақ бермеген

  • 0
  • 0

Құдайым, талап берген, бақ бермеген,
Арғымақ ырғып тұрды ақ кермеден.
Маралтай тірісінде жүрді есікте,
Топастар уәж жолдаса қақ төрменен.

Толық

Қарап көріңіз