Өлең, жыр, ақындар

Ленин туралы ода

  • 16.02.2022
  • 0
  • 0
  • 625
(аударма)

Революция қырықта.
Дәл қырық жыл жанғанына
жердегі бар үміттің.
Осынау жас - кемел шағы жігіттің.
Аналардың гүлдей толар жасы бұл,
құшағына ап асылын.
Революция өмірге алғаш келгенде,
түрлі әңгіме еткен еді жер-жерде,
«Жер теңселді, не етеміз,
бұл не керім - түсінбейміз жете біз, -
деп діндарлар дал болған-ды сонда бір, -
енді қалай күн көреміз, енді қайда кетеміз?»
Бастан кешіп талай-талай кезеңді
қалжыраған Европа ежелгі,
Америка басшылары сенделіп,
абұйырсыз қалғанына безерді,
кеткеніне қапылыста Күн шығып,
не істерге білмегеннен тұншығып,
бар өкімет басшылары сұстанған,
басын кесіп алатындай дұшпандар.
Айқын болды бірақ та
қаншама ерсі естілгенмен
кейбір керең құлаққа.
Жеңісімен халықтың
дүниені сілкіндірген
келді әлемге жарық күн.
Ленин!
Сен жайлы жыр жазу үшін, білемін,
теңеу сөздер табылмайды жақсы аса,
жырлау керек сөзбен емес -
мүлде, мүлде басқаша!
Мейіріммен шаттандырған жетімді,
адам, оның ұлылығын ет үлгі!
Жер үстінде болған емес еш адам
Владимир Ульянов секілді.
Бұл өмірде ұзын бойлы болса адам
қызықпаңдар онша оған:
адам қанша биік болса, сонша оны
жалғыздықтың кеңістігі қоршаған.
Лениннің қасиеті қаншама -
болашақтың жолын сілтеп баршаға,
көріп, болжап әлем мен Жер, Ай, Күнді
ашық жатқан кітабындай оған бәрі айқын-ды.
Жұрттан ерек адам жанын ұғынып,
жанында тек жылылық,
қаншалықты түсініксіз жан болса да бәрібір
Лениннің жанарынан қаша алмаған тығылып.
Адам оның алдында
геологтың қолындағы кен секілді табылған,
сосын барлық қоспалардан арылған,
Халық деген кұпия бір қазынаң ол ақтарып
(талай ғасыр жатқан иесіз тапталып),
сол қазына орнатсын деп
Жер-анаға бақыт күн
және лайық болсын деді талабына уақыттың.

II
Оны ешқашан шатастырып жүрмегін
белгісіз бір инженермен, біреумен,
елестет сен ойланғанын, күлгенін,
күйіп-жанған кезеңдерін жігерден,
сондықтан да оның отты жүрегін
сөндіре алған жоқ ажал да, білемін.

III
Мен өзіңді еске алуды үнатам
балық аулап отырғаның Сібірде,
Разливте,
қыстың аяз күнінде,
жалғыздықпен сырласып,
айналаны тымырсық бір мұң басып,
дала желі ойран салып кеш сайын,
елестетем: ақ далада тұр лашық.
Көргендеймін: күнде сен
кәрі орманның нұрлы әнін тыңдадың,
өзендерде тіл қатқанын сырлы ағын,
табиғаттың әр қимылын, тынысын,
тіпті желдің жүрісін -
бәрін-бәрін ұқтың жанмен, жүрекпен,
о, табиғат, салтанатың тарихты түлеткен!
Сен осылай табиғатқа, тарихқа үңілдің,
өмірді ылғи сол арқылы ұғындың.

IV
Тарихта жандар болған сан түрлі
(сан түрлі қып жаратқан ғой әркімді):
тыным көрмей ғылым қуды бірісі,
енді бірі ақылымен таң қылды.
Лениннің таудай биік талғамы,
данышпандық, тынымсыздық бар бәрі;
ақыл мен ой қос қанат боп жасынан
биіктерге самғады.
Ақыл, оймен, Ленин,
дүниені жалғандықтан аршыдың,
айтпай ұқтың адамдардың жан сырын,
Сондықтан да тек шындықпен бірсің сен,
әділетпен әлі бірге жүрсің сен.

V
Ленин!
Ми менен бірге қол сенде
титтей тыным көрмеген:
сыймайды ешбір өлшемге
сендегі ақыл. Ол неден?
Қанға батқан қалпымен
жарасына қарамай
ажалды да даңқымен
жеңген батыр анадай,
шаң мен түннің төрінен
сілкіп Жерді - көшені
нұрлы бір жүз көрінген –
революция осы еді.
Кәрі дүние жүрегі
сезді таңның атқанын,
соған дейін білемін,
сен де тыным таппадың.

VI
Ленин, сен
қарапайым адам ең,
күрсінгенге жанары ем.
Перзентіңе сапар шеккен аспанға
сүйсініп тұр бүгін, міне, бар әлем.
Сенің қолың,
қасиетті қолдарың,
халық тапқан сол қолдардан қорғанын
тыншымаған ел үшін
ақ бидайлар жайқалатын жер үшін,
қасиетті қолдарың
жетті бүгін көк аспанға, жұлдызға -
сәуле шашып ұрпақтарға - ұл-қызға!

VII
Бүгін бәрі өзгергенмен өмірдің,
өтті қанша топан судай тасқындар:
қиындығы қаншама еді со күннің,
шекарада дәл қырық жыл қыңсылап
ұлып жүрді қасқырлар;
олар мына жаңа өмірдің тұғырын
қанды аузына салғысы кеп қақсады,
революция тұлымын
өртеу - мақсат,
көздеген жоқ басқаны.
Жеңіс атты перзентіңді жаныштап
Жер бетінен аластау-ды арманы,
сөнсін деген Жерден мәңгі алыстап
ұлы Совет Одағының шамдары.
Колдарынан келмеді,
қанқұйлы күш дәрменсіз боп Жердегі,
Перзентіңе қиын болды бірақ тым...
Ашаршылық, жетпестіктер елдегі,
көк аспаннан қан аралас қар жауып,
жыртық үйге төнді емес пе сан қауіп?!
Атты солай таң қанша!
Бірақ Жерде күш пен үміт жалғанса
ештеңеге жеңдірмейді екен де!
Бүкіл әлем көзін салды
осы шағын мекенге,
жанарлары талғанша:
көрді сосын
монументін өмірдің
өсе берген, өрлей берген
жүрегі
бүкіл Жерге
жұлдыз болып жанғанша.

VIII
Ленин!
Біз алыста болсақ та
бар алғысты саған ғана арнадық:
Жер бетіне таңды алып,
келдің өзің, сол үшін де өзіңе
рақмет жаудырады бар халық.
Сен емірге келгелі,
өз перзентің - революция жеңгелі,
сенің анау жалын атқан көзіңнен
үмітті де, сенімді де сезгелі,
қара халық
жалғыз емес екенін,
күдіктер мен қорқыныштың бекерін
ұғынды әбден.
Сенің елің құлпырып,
бар әлемді нұр қылып,
жеңілмейтін мұнараға айналды -
көз алартқан қорқаулардың барлығын
бейшара қып, күлкі қып.
Бүгін, міне, адамдар
соны көріп басқаша өмір кешеді,
жібермейді үстемдікке есені!
Қара Жердің ортасында өзіңнің
перзентің тұр нүр шашып, -
Жер тағдырын сол нұр ғана шешеді.

IX
Ленин!
Мәңгі қалар ісің үшін,
Ілімің мен күшің үшін
Мың алғыс!
Бейбітшілік үшін күрес жолында
ұмытылмас ұрыс үшін,
сенің солдаттарыңның ұлы ісі үшін,
Ленинград - құрыштай қалаң үшін,
Тың аталған бидайлы далаң үшін,
Жеріңдегі саф самал, ауаң үшін,
Кеудемдегі сен жаққан сенім үшін,
Өзің берген үміттің келуі үшін,
Ленин!
... Алғыс саған,
Мың-мың алғыс!

ПАБЛО НЕРУДА



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бақыт туралы ән

  • 0
  • 0

Жанарлармен тіл қатып,
жүректерді жырлатып,
сезім деген айдынға
мың бұлқынып, мың батып -

Толық

Лүпілдей соқты жас жүрек

  • 0
  • 3

Лүпілдей соқты жас жүрек,
еркелеп назбен қарадым.
"Поезда-ақ хатты жазшы?!" - деп,
елжірей қалды жанарың.

Толық

Өлім туралы

  • 0
  • 0

Мен қалада қаңғырып көп жүремін,
Өлімді де көп көрдім бұл өмірде,
қайғырмайды сонда да ер жүрегім,
елімді ойлап жасымас жігерім де.

Толық

Қарап көріңіз