Өлең, жыр, ақындар

Қазақ

Атырау мен Алтайдың арасында ел жатыр
"Қазақ" деген ныспысы бар, жұрты — қайсар ер, батыр.
Батыр елді қас-дұшпандар батыруға ұмтылған
Ала алмаған бұл қазақты, небір сұмдар құтырған.

Аштық, қырғын, ату, айдау, "дін — апиын" дегізді
Кешіп өтті жалаңаяқ "зұлмат" деген теңізді.
Көп халық бар тарихында көз ашпаған азаптан
Сол халықтың ешбірі асып түспес қазақтан.

Көзін құртты елім деген қаймақтарын алаштың
Морт сындырды бұтақтарын енді өскен "ағаштың"
Өте берсін қаншама жыл, өтсін мейлі жыл аз-ақ,
Ешкімді де, ештеңе де ұмытпайды бұл қазақ.

Еркіндіктің желі есті, күні туды қазақтың
Әрбір қазақ ұрандады "енді, міне азатпын!".
Тоқсан бірдің желтоқсаны, тәуелсіздік таңы атты,
Күн астында қыран-бүркіт кең сермеді қанатты.

Ел еңсесі көтерілді, тұрмыс түгел түзелген
Күллі әлем таныс болды қазақ деген ұлы елмен.
Дін мен дәстүр сабақтасты, ұлттың рухы жаңғырып,
Ата-баба аңсаған елге айналды мәңгілік.

Нелер келіп, не кетпеген бұл қазақтың басына
Құдай қолдап, толып отыр орда бұзар жасына
Қамал алып, жаңа қазақ болу үшін әмәнда,
Уа қазағым, ескілікті біржолата тәмәмда!

Ә. Рахымұлы
16.02.2022



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз