Өлең, жыр, ақындар

Адам құны

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 822
Әкімдерге кіру де қиындады,
таусылмайды жүріс пен жиындары.
Шаршатады босаға баққандары-ақ,
адам емес, салпы ерін сиыр бәрі.
Шалқаяды айылын жимай бәрі,
сені адам деп сөйлеспей қинайды әрі.
Олар адамдықты емес, құнжыңдасып,
күнім түсер дегенді сыйлайды әлі.
Билік тисе харамға, арамға да,
әділ заман туар деп алаңдама.
Қымбат тілдей тышқанның терісі де,
жер бетінде құнсыз зат-адам ғана.
1995
***
Сиқырлап ақша-құзғын,
ойымыз жоқ ақшадан басқа біздің.
Арбап жанды сол сайқал, ұмыттырды
бәрін анам айтатын жақсы аңыздың.
Өзім де аш, қарызбын,
соны ойлаумен көзімнен жасты ағыздым.
Ақша десе араны ашылғандай
сәбидің де, кедейдің, патшаңыздың.
Жұрттан жылу жинайды қатындары,
ел байғұстан күй кетті – пақыр бәрі.
Кісілік пен тектілік жолдан тайып,
жұрттың бәрін ақша-қу тақымдады.
Ақша болса, батыр да, батыл бәрі,
қылмыс – ардың, киенің сатылғаны.
Ебін тапқан ептілер жұлып – тартып
қазынасын халқымның тақырлады.
Ақша десе құжынап бал араша,
қарар жан жоқ санаға, данаға аса.
Бұл не заман-Адалдық шарасыздан
ақша-арсыздың табанын тазаласа?
1998
* * *
Мансапты мен малдының,
әкім менен әлдінің,
жарамсақ пен жансыздың,
арамза мен арсыздың
бар заманда құлқы бір:
жағасы ақ та, ұрты кір.
Тойдыра алмай құлқынын,
жаны таппас бір тыным;
уәдеге бай, дәлелге
әр ауылда, әр елде
мұндайлардың бары рас:
сырты жылтыр, жаны лас,
Сызда қалған балықтай.
Күн кешеді тарықпай,
Қоғам содан сасыған.
Ал, халықтың жасы – қан.
Шірігеннің дауа-емі –
басын тазарт әуелі!
2000



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қарлы шарап

  • 0
  • 0

Шыныдан шарап іркілген
жарқ етіп өзің тағы да,
күнәсыз келбет, күлкіңмен
қорқыныш кұйдың жаныма.

Толық

Тебіреніп жүрегіңнен жыр арнадың

  • 0
  • 0

Тебіреніп жүрегіңнен жыр арнадың,
көп мезгіл жылылығын ұға алмадым.
Мен саған үміт артар сөз бермедім,
сонда да ынтық болдың, өзгермедің.

Толық

Кісілік

  • 0
  • 0

Өз-өзіңнен сыздана
тырсиғанмен ісініп,
өрте жерді, тұз жала –
қонбайды одан кісілік.

Толық

Қарап көріңіз