Өлең, жыр, ақындар

Қапы қалдым

  • 02.12.2015
  • 0
  • 0
  • 2754
Өткен соң қызық дәуір балалықтың,
Өмірге кірді өзгеріс саналып күн.
Ойласам бас қатады, жан ашиды.
Арасын балаық пен саналықтың.
Бар жанды жақын көріп айырмастан,
Жұмсақ сөз, жылы жүзге бауыр басқан.
Орнығып жарық сәуле таудай үміт,
Жас көңіл махаббатпен қойнын ашқан.
Жалғанның барлық жанды, жансыз затын,
Білмек боп құмар көңіл асығатын,
Көрінген, естілген суреттеліп,
Желімдей жас жүрекке жабысатын.
Өзге түр, ізгі көңіл терең сырлы,
Тез сезер қуанышты, қайғы - мұңды.
Көрініп қызғалдақтай тез солатын
Сол екен ең қымбат шақ өмір гүлі.
Сонда екен от жүректің ізгі шағы,
Сол екен өмірімнің байлау бағы.
Сонда екен бойда қуат, ойда байлық,
Үміттің алтын тағы, асыл тәжі.
Өзгеріп бастапқыдан жаным - тәнім,
Сол екен адамдыққа тұңғыш адым.
Тұрмыстың бал мен улы табағынан
Бағыма я сорыма татар дәмім.
Қайтейін сорға тағы жаңылыстым,
Қапыда жөні босқа жолға түстім.
Асығыс албырт көңіл ағат кетіп,
Тағдырдың бал орнына уын іштім.
Бұл ма еді мен іздеген бақ есігі,
Өмірімнің елестеген бұл ма ел түні,
Мас болып ерке көңілім тынбай қуған,
Құбылған ер жүректің қайда үні?
Бүйтерін кім біліпті бұл жалғанның,
Сендім де «ал» дегенін қабыл алдым,
Жолымнан жауыз тағдыр жаңылдырды,
Ой, дүние - ай, мезгілінен қапы қалдым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаз

  • 0
  • 0

Қыстың қары, аяздың зәрі батқан,
Қар мен мұзға көміліп біраз жатқан.
Жер жаңарып, жан бітіп табиғатқа,
Бәйшешегі бұраңдап жайнаң қаққан.

Толық

Өлім - құрдым, өмір - өзен, жоғалт

  • 0
  • 0

Өлім - құрдым, өмір - өзен, жоғалат,
Өсер өзен тұрмыс жасын сорғалап.
Тағдыр желі еркіні қоймай айдаса,
Сорлы қу бас қайда кетпес домалап.

Толық

Жанталас

  • 0
  • 0

Шарқ ұрып жаным түсіп сергелдеңге,
Бірде ыстық, бірде салқын тартып дене.
Бұрқ етіп қайнап шыққан қызу қанмен,
Көзге жас тығылып тұр тамбай жерге.

Толық

Қарап көріңіз