Өлең, жыр, ақындар

Қарындасқа хат

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 562
(Сүйікті кенже қарындасым Үмітейге)

Орындалмай тірлікте бас талабы,
Қорғасын ой тарамай бастан әрі —
Миллионның ішінде жалғызсырап,
Жанарына ағаңның жас толады.
Сағындым ба, мұңымды шағайын ба?
Қартайдым ба, қатайдым ағайынға.
Орның бөлек, бәрінен, айналайын,
Сырласар жан қалмады маңайымда.
Алғысымен ата-ана көктеп едің,
Сарай салдың төсіне Көктөбенің.
Он екіңде Ордаға алып келген
Кетпепті ғой еңбегім текке менің.
Жарқылдаған нұрлы жүз ай қабақты,
Тісің маржан, бұлақ сөз сайрап ақты.
Қас жүйріктер жұлқынар орта толса,
Талай ділмар алдыңда тайғанапты.
Өз әкеңнен дарыған ептілігің,
Мәті атаңнан жалғасқан тектілігің.
Құдай берген бақытың — Серік мырза,
Ауызына қаратты көпті бүгін.
Бауыр, Нұржан, Мейіржан — ұлдарыңыз,
Жақайымның еліне бұлданыңыз.
Нағашылар жиеннің мақтанышы,
Біз — Адайлар, қашан да тұлғалымыз.
Өз жолыңмен өмірге талаптандың,
Ешкімге де келмейді қарап қалғың.
Кеше ойыншық ойнаған қарашығым,
Ағайынға қамқорға жарап қалдың.
Жас та ұлғайып күннен-күн бара жатыр,
Өз дегенің, ол шабаз, алады ақыр.
Тындыра алмай, қисықты сындыра алмай,
"Әттең" деумен, арманды сана жатыр.
"Мезгіл-жауыз" бізге де көңді күле,
"Қаһар-қауіп" арманға төнді міне.
Басарлық із, түсерлік соқпақ қалмай,
Сене алмадым Әлемнің кеңдігіне.
Тірі жан жоқ сұрайтын күйің нешік,
Сөйлесерлік сыр ашып, түйіндесіп.
Таба алмадым тыныштық қай жақтан да,
Байтағымда Қорқыттың күйін кешіп.
Талай зәрдің ағаңыз дәмін татты,
Жазалай ма тазаны Тәңір қатты.
Басқан сайын балтырға оратылып,
Иреңдеген у жылан — өмір атты.
Армандар да тарады — солып, құрып,
Үміттер де ортайды — толып тұрып.
Заман, Адам, Дос-жараң — бәрі сатқын,
Шаршатқандай ағаңды торықтырып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазағым

  • 0
  • 0

Махамбетке өмір сыйлап қазағым,
Аңқылдады cap далада қазақ үн.
Қалай көзі мерт етуге қиды екен
Мен тұтамын әлі күнге аза, мұң.

Толық

Мұрагер

  • 0
  • 0

Мен, Сен, Ол – мұрагерміз бәріміз де,
Жасымыз, ұл менен қыз, кәріміз де.
Атаның дақ түсірмей өнеріне,
Әр сөздің, әр қаденің нәрін ізде.

Толық

Білтелі шам

  • 0
  • 0

Отырмын сенің түбіңде тағы ойланып,
Балалық шақты, өмірді өткен ойға алып.
Жас шақта шырақ қажет те емес екен-ау,
Арманның нұры сіңгенде, аппақ, бойға анық.

Толық

Қарап көріңіз