Өлең, жыр, ақындар

Цыгандар

  • 13.07.2022
  • 0
  • 0
  • 483
1824

Бессарабия жерінде
Цыгандар көшіп жүреді.
Өзенді бойлап бүгін де
Шатырда жыртық түнеді.
Қонысы еркін олардың
Астында аспан жайлы ұйқтап,
Арасында арбаның
Ықтырма кілем жабдықтап.
Пісіріп кешкі ас, ат жайып
Үй іші от басында.
Аюы жатыр жантайып,
Далада, шатыр қасында
Жаңғыртып қырды күллісі:
Қамданып ұжым үй іші,
Жолға әзір тұр, таңғы көш!
Әйелдер ән сап, бала у-шу,
Соғылған шың-шың темір төс.
Көшпелі тобыр тым-тырыс,
Маужырап түнде мүлгіген,
Тып-тыныш, қырды тек дыбыс
Ат кісінеп, ит үрген.
Далада барлық от сенген.
Төңірек жым-жырт, ай ғана
Жарқырап аспан төсінен
Төгіп түр нұрын айнала.
Шатырда бір қарт ұйықтамай
Қоламтаға жылынып,
Бусаған түнгі далаға
Отыр қарап үңіліп,
Қыдырып оның жас қызы
Кеткен кезіп даланы,
Сейіл жан еді өзі,
Келер, бірақ, түн болды.
Тастап зеңгір аспанды
Барады батып айдағы;
Суып кешкі ас қалды,
Жоқ Земфира, жоқ әлі.
Қыз келді міне; жанында
Еріп кеп тұр жас жігіт,
Ол — бейтаныс цыганға,
Қарады да көз тігіп:
«Әке,— деді қыз тұрып,—
Ертіп келдім бір мейман.
Қорғанның арғы жағынан
Кездестім де даладан,
Қонаға қосқа шақырдым.
Болғысы келеді ол цыган.
Қуғын сапты заң оған,
Алайда, оған жар болам,
Аты өзінің Алеко,
Еруге әзір ол маған».
Қ а р т:
Қош алам! Қон осында,
Біздің шатыр астында,
Қалғың келсе шын егер,
Бізбен бірге бола бер,
Құрметтеуге мен дайын;
Аяусыз нан мен үй жайым.
Біздік бол,
бізге дағдылан,
Ғұрпымыз үйрен қаңғыған.
Ал, ертең біз таңменен
Жөнейміз көшіп арбамен,
Кәсібіңді істе қалаған,
Я, ұста бол, я, шырқа ән,
Я, ауыл көз аюмен.
А л е к о:
Онда, осында қалам мен.
З е м ф и р а
Болады ол маған жар.
Кім мені одан айырар?
Кеш болды...Жаңа ай батты.
Қараңғы басты даланы.
Ұйқым келіп барады...
Таң ағарды. Қарт тұрды
Шолып шатыр маңайын.
— «Тұр, Земфира, күн шықты,
Тұрсаңшы енді қонағым!
Манаурамай төсекте
Тұр сүйкімді, балдарым!»
Жұрт оянып дүрлігіп,
Шатырларын жатты артып;
Кетті бәрі бір жүріп,
Құла дүзге жол тартып:
Кебеже теңдеп есекке,
Мәз боп соған балдары.
Қатын-қалаш, еркек те
Жөңкіле көшіп барады.
Қыз-қырқын мен кәрі-жас,
Аюы да аралас,
Цыгандар шулап ән салып,
Арбасы қырда қаңғырлап,
Аюлары жұлқынса
Шынжыр бауы шылдырап,
Үстері өрім, арса-арса,
Баласы,
Қарты былдырлап,
Сырнай ойнап, ит үріп,
Дөрекі бәрі жабайы,
Беймаза шу маңайы,
Осы сурет өзі де —
Жайлы тимес сезімге,
Шуласа тобыр не түрлі
Құлдардың әні секілді.
* * *
Құлазыған далаға
Мұңайып жігіт қарады.
Мұңының сырын алай да
Ашуға батылы бармады.
Жігіттің бар қасында,
Жас Земфира манағы.
Шат еді бұл көз осында
Дүниенің ерке қонағы.
Тал түсте үн жарқырап.
Жайдары нұрын шашады.
Жүрегі тулап қалтырап
Жігіт не ойлап шаршады?
Тәңірінің құсы білмейді!
Әрекет, ойды, еңбекті,
Мехнат етіп көрмейді
Салуға ұя көрнекті:
Қызыл арай шықса күн
Отырған құс қонақтап,
Үнін тыңдап тәңірінің
Сілкінеді ән шырқап.
Сұлу көктем артынан
Ыстық жаз да өтеді,
Бірде жаңбыр, бір тұман
Кешігіп күз жетеді.
Жұрт жабырқау, жұрт мұңды,
Сонау күнгей қиырға
Көктем шыққан құс кетті:
Қанаттыға киын ба,
Көк теңізден әрі етті.
Еркін құстай алаңсыз
Дүзде жігіт қаңғыған,
Баспанасыз, ұясыз
Жүрген, дағды жөн бұған.
Кез келген жол — сапары,
Кез келген жер — мекені.
Қонақтап, ерте тұрарда
Тәңірге дұға етеді.
Бойкүйез, жадау жүретін
Бұл көшу медет болмаған.
Кейде оны ғажап сиқырлы
Алыс бір жұлдыз арбаған
Сән сауық кенет мың түрлі
Құлпырып кейде келді оған.
Төбесінен кейде ойнап.
Найзағай оның өтетін.
Ашылса дауыл күн шуақ
Астында қалғып кететін.
Әміріне сойқан тағдырдың
Өмірде ол бас ұрмаған,
О, тоба, қалай құмардың
Жанында оты ойнаған!
Қажыған оның көңілі
Толқып бір шалқып, жадырап,
Қашан да болса бір күні
Оянар— шыда, азырақ.
З е м ф и р а
Айт, достым: өкінбейсің бе,
Мәңгілік тастап кеткенге?
А л е к о
Тастап едім мен нені?
З е м ф и р а
Ойлайсың ба еліңді,
Қаланы — туған жеріңді.
А л е к о
Несі өкініш? Сен білсең,
Есіңе өзің түсірсең,
Қалпын қапас қаланың!
Қаланың топ-топ адамы
Жұта алмайды таңғы ауаны,
Қош иісін көк майсаның.
Махаббаттан жасқанып,
Қудалайды сананы;
Өз еркін өзі апарып
Саудаға арсыз салады,
Ұлыққа тәжім қылады,
Ақша мен бұғау табары,
Тастасам, мен тастадым:
Алдау, арбау заңдарын,
Айдан анық масқара
Қуғынын, озбыр жандарын.
З е м ф и р а
Онда зәулім шатырлы үй,
Масаты кілем құлпырған,
Ойын-күлкі, той-думан
Киінген қыздар асылдан!
А л е к о:
Қызық па, шуы қаланың?
Сүю жоқ жерде, қызық жоқ.
Қыздары... жоқ сендей нақ,
Үстіңе қамқа кимей-ақ,
Інжу, алқа ілмей-ақ,
Артықсың, сендей бір қыз жоқ.
Ерке досым өзгерме!
Ал, менің.... жалғыз тілегім
Махаббат еркімді өзіңе
Сый қып, кезіп жүремін.
Қ а р т:
Біздерді сен сүйесің,—
Бай елде өзің туғанмен
Бос жүру жайсыз тиетін,
Кісіге ләззат үйренген.
Біздерде бар бір аңыз,
Айтайық соны тыңдаңыз:
Әмірімен патшаның
Айдалып бір мүскін жан,
Солтүстіктен бізге кеп
Тұрған екен бір заман.
(Білуші ем аты-жөнін де,
Ұмыттым енді мен мүлде.)
Жасы кәрі, жаны жас
Сергек, ізгі кісі екен.
Тау суындай сарқылмас —
Дарынды әннің иесі екен.
Сонау Дунай бойында,
Сол әнші адам тұрыпты.
Жұрт та оны сүйіпті,
Әңгімесіне ұйыпты.
Қалтқысы жоқ ойында,
Нәзіктік мінез бойында,
Жас балаша жүруші еді.
Оған бөтен адам да,
Балық, аң аулап беруші еді.
Өзенге лезде мұз қатып,
Қардан құйын бораған.
Ақ түбітті тіріде —
Қартты ақ қар ораған.
Ол бишара тентек тек,
Өмірге үйрене алмаған.
Көгеріп, қатып, дірілдеп,
Күнәм үшін берген деп,
Көрген бәрін алладан.
Болар ма деп күтетін:
Құтқарар рахым тағдырдан.
Ол қаңғырған қамығып,
Дунай бойын жол қылып
Жылаған зарлап жабығып,
Көзінің жасын көл қылып.
Алыста қалған қаласын,
Ойлай-ойлай шерменде;
Іркіп тұрып көз жасын
Өсиет айтқан өлерде.
Жан тапсырар кезде шын
Деген мынау тілегім:
«Оңтүстікке көмілсін,
Қаусаған кәрі сүйегім...
Ажал кеп — бұл жат жердей
Меймандар тыным көрмеген.
А л е к о
Міне ұлдарың тағдыры,
О, паш Рим дүниеге!..
Ғашықтықтың әншісі,
Айтшы тәңірі жыршысы
Даңқ деген немене?
Моладан шыққан дыбыс па?
Мақтаныш еткен дабыс па?
Ұрудан ұруға кеп жеткен,
Я, тобырлы күркенің
Астында қоңсы түтіннің
Отырып тағы цыганның
Әңгімесі ме шерткен?
Өтті екі жаз. Цыгандар,—
Жүр көшпелі салтымен,
Барған жері қарсы алады
Меймандостық қалпымен
Өткен, ұмыт, ғұрпы,
Цыгандарға ол сіңісті.
Цыгандарды ол сүйді,
Дарқан жалқау жүргенін,
Шаңқылдаған ащы үнді
Шүлдірлеген тілдерін.
Үңгірінде баяғы
Барақ жүнді аюы
Шатырының қонағы,
Молдавандар ауылы
Тұр көрініп жолдағы.
Кейде аю долдана
Шынжырын шайнап сүйрейді,
Жұрт алдында жай ғана
Балпаңдап кейде билейді.
Асасына сүйеніп,
Шал да ұйықтады, жайланды...
Земфира ауыл қыдырып,
Алеко аю бағады
Бергенін жұрттың алады;
Орылмаған бидайды
Қуырып олар баяғы
Түннің тыныш кешінде,
Шал да ұйықтады, жайланды...
Шатырдың тыныш ішінде.
Салқын тартқан бойдағы,
Қанын қарт күнгі қыздырып,
Сұрлана жігіт тыңдайды;
Қыз тартып ауыз сырнайын
Махаббат жырын жырлайды.
З е м ф и р а:
Кәрі байым, пейілі тар,
Мейлің өрте, мейлің жар!
Қорықпаймын оқтан да,
Пышақтан да, оттан да.
Жоқ енді маған керегің —
Сені мен жек көремін.
Мен басқаны сүйемін,
Сүйемін, сүйе өлемін.
А л е к о
Үндеме. Ән тойдырды,
Сүймеймін жабайы әндерді.
З е м ф и р а
Сүймейсің бе?—Сүюіңнің
Маған қанша керегі?
Өзім үшін мен әнді
Шырқаймын, жаным тіледі!
Мейлің ерте, мейлің жар,
Басқа ешнәрсе айтпаймын;
Кәрі байым, тым қатал
Айтқанымнан қайтпаймын!
Жаңа байым көктемнен
Сәнді, күндей күліп тұр!
Шіркін ер жас көркімен
Күйдіре мені сүйіп тұр!
Еркеледім айлы түн
Иығына асыла...
Күлгенбіз сонда талғап мін,
Ағарған сенің шашыңа!
А л е к о
Өшір, Земфира, үніңді...
З е м ф и р а
Ұқтың ба сонымен әнімді?
А л е к о
Земфира!..
З е м ф и р а
Еріктісің, кейін төксең көріңді,
Сен туралы шырқатамын әнімді.
(Кетеді, кетіп бара жатып бұрынғы
әнін айтып соза береді).
Қ а р т:
Есіме түсті: бұл әнің
Біздің кезде шыққан ән,
Ермегіңдей дүниенің
Ертеде елде шырқалған.
Көшіп жүріп Кагулдың1
Даласында қысқы түн;
Мариулам жырлаушы еді,
Тербетіп жатып жас қызын
Ойдағы өткен күндерім,
Күңгірттеніп барады;
Есіме тұтқам әндерін
Айтқан осы сондағы.
Әлем тыныш маужырап,
Ай нұрына көмілген;
Земфира мен жалғыз-ақ
Шал ояу көз ілмеген.
«Тыңда, әке, әкежан,
Алеконы дұрыстап,
Ұйықтап жатып манадан
Жылайды күңгірт дауыстап».
Қ а р т:
Үн қатпа, жаным оятпа!
Есіткем аңызын орыстың:
Тарылатын әдеті —
Түнде ұйықтаса тыныстың,
Бастыртқан жын-пері,
Таң алдында қашады,
Қасыма отыр, кел бері!
З е м ф и р а :
Әне, қарашы, әкежан:—
Земфира,
— дейді — сыбырлап...
Қ а р т:
Түсінде де сені іздейді,
Әлемнен оған сен қымбат.
Бессарабиядағы жер аты,
З е м ф и р а
Суыды онда махаббат,
Жүрегім ерік тілейді.
Шықты аузынан бір жат ат,
Енді мен...Тыс есіттің бе?
Әне... өзгеше сөйлейді...
Қ а р т
Кімнің атын атайды?
З е м ф и р а
Есіттің бе, қорылдап
Қайрайды тісін қат-қабат,
Оятам оны, қорқытады!
Қ а р т
Оның бекер, оятпа!
Қума, түннің перісін;
Өзі-ақ кетеді ақырын...
З е м ф и р а
Мені жатыр шақырып,
Әне тұрды, оянды.
Сен де ұйықта, сәл тынық
Хош бол, кеттім қой енді.
А л е к о
Манадан қайда отырдың?
З е м ф и р а
Мен әкеммен отырдым.
Айналдырып басынды,
«Шын, шайтан ба» қамады;
Түс көрдің бе, қорқыттың,
Жаның ауыр қиналды,
Ұйқылы-ояу мені сен
Шақырдың, тісің қайралды.
А л е к о
Түсіме менің ендің сен,
Арамызда болғандай
Сұмдық бір істі көрдім мен.
З е м ф и р а
Алдамшы түске сен сенбе.
А л е к о
Сенбеймін ешнәрсеге:
Түсіңе де, сенімге
Сене алма, сірә, мен—
Жүрегіңе сенің де.
Қ а р т:
Есалаң жас неліктен,
Жиі: жиі күрсіндің?
Мына жүрген жұрт еркін,
Аспан ашық, па шіркін!—
Желдің асқан көр көркін,
Құсалық сені құрытар;
Жылай берме сен дүркін.
А л е к о:
Ата, ол мені сүймейді.
Қ а р т:
Тыныштал, ол жас бала,
Уайымның пе керегі?
Болыпты қапа аз ғана,
Нәзік қой әйел жүрегі
Биік көкке қарашы,
Еркін ай жүзіп қылмиып,
Бар әлемге ақырын
Тұр тамылжып нұр құйып:
Кез келген бұлтқа көз тіксе,
Аялай сәуле шашады:
Бір бұлтқа шарпып нұр төксе
Өзгесін өрлей асады.
Пәлен жерге тоқта деп,
Көктегі айға кім нұсқар;
Сүю бір — от, өйтпе деп,
Қыз нәпсісін кім ұстар,
Сүй, басқаға берілме,
Тыныштал, жігіт, тыныштал!
А л е к о
Сүйіп еді, сонша, мені о да,
Еркелеп нәзік майысып.
Тұңғиық тыныш далада
Шығарып түнде табысып!..
Жас баладай қуанып
Жан балқытып, тіл қатып,
Аймалап тауып ойымды,
Бір минуттер назданып,
Ұмыттырушы еді уайымды.
Земфира ауды не шара?
Салқын тартты Земфира.
Қ а р т
Тыңда, бір сөз айтайын;
Өз өмірім жырынан,
Шайқалмаған қаймағы
Кезі еді Дунай бұрыннан.
(Көремісің Алеко
Еске алдым өткен қайғымнан.)
Біз ол кезде қорқамыз
Бөджек патша, сұлтаннан.
Мұнаралы үйінен
Аккерманның құрсанған.
Мен ол кезде жас едім,
Жалын жанған қанымда.
Бұйра қара шашымның,
Ақ шалмаған талын да.
Көп кербездің ішінде
Бір сұлу түсіп көзіме;
Күндей жаным сүйсініп,
Қаратқам ақыры өзіме...
Қайран жастық тез өтті,
Көктен аққан жұлдыздай.
Сүйді де тастап тез кетті,
Мариула мені бір жылдай;
Бір күні бөтен кеш қонды
Кагул суын бөктерлеп.
Шатырларын тікті оңды
Ылғи сәнді көкпеңбек.
Екі түнеп көш кетті,
Мариула менен түңілген.
Жетім тастап жас қызын,
Артынан сол көш жөнелген...
Төсегімнен оянсам...
Құланиек таң алды,—
Жан жарым жоқ, қарасам
Із жоқ, түз жоқ жоғалды.
Жылады өксіп Земфирам,
Жасын іркіп көзіне;
Қамығып жылап жібердім
Қосылып оған өзім де.
Сонан бері суытты,
Жүрегімді қыз деген:
Қыздан аузым күйіпті,—
Жар таба алмай іздеген.
Басым бос жалғыз сол кезден
Сұхбаттаспай өзгемен.
А л е к о:
Нағып қуып артынан,
Қашқандардың бармадың;
Жыртқыштың да, ол жардың
Қанға бояп қанжарды
Жүрегінен салмадың?
Қ а р т:
Неге?
Махаббаттың жастық құсын,
Ешкім ұстап тұра алмас.
Қайта қонбас өткен ісің,
Жан жоқ, кезек қуанбас.
А л е к о:
Ондайда мен, дау салып,—
Арыма шаппай, көнбес ем!
Кек алып жаным жай тауып,
Намысымды бермес ем.
Жоқ, жоқ терең теңізде
Жатқан тапсам жауымды,
Ант етемін, аямай
Құртар едім залымды.
Панасыз жауды теңізде,
Толқынға атып көмер ем;
Сілкініп кенет сол кезде
Тәкаппар шат күлер ем.
Малтығып суға кеткенін
Сықақ етіп жүрер ем.
Жас цыган
Сүйгіз тағы бір рет!..
З е м ф и р а
Уақыт болды
Күйеуім жауыз, қызғаншақ.
Ц ы г а н
Бір ғана, сосын!.. Қоштассақ.
З е м ф и р а
Келіп қалар, қош бол, қош.
Ц ы г а н
Айт, қашан енді жолығыс?
З е м ф и р а
Бүгін, ай батқан. шағында,
Қорғанның арғы жағында
Кәдімгі ескі молада.
Ц ы г а н
Алдайды, келмейді, білемін.
З е м ф и р а
Көріп қалды, қаш, әне!
Келемін, жаным, келемін!
Алеко ұйықтап оянып,
Жатыр күңгірт түс көріп:
Түнде шошып қарманып,
Сермейді қолын тістеніп,
Қызғаншақ қолы қалтырап,
Үй жарын ұстап қармайды,
Сүйген жары жүр жырақ...
Оянып тұрып тыңдайды...
Тыныш түнде абдырап,
Бір ысып, бір суынды,
Шатырдан шығып теңселіп,
Тыстағы арба жанында
Үрейленіп қыдырды...
Жым-жырт тыныш айнала,
Жасырды айды сұр тұман.
Көмескі жұлдыз жәй ғана
Әлденеге ымдаған.
Қорғанға сонау ұласып
Шықта жатыр жалғыз із,
Жетуге соған ол асық,
Болар ма жауыз сол бір із.
Мола тұр жол үстінде
Ағарып көз ұшында
Бастырып зорға аяғы,
Соған жүріп барады,
Сезгендей жүрек жанады...
Еріндері қалтырап,
Тізелері дірілдеп,
Буындары салдырап,
Өң бе, түс пе, деп келеді,
Кенет көзге шалынған
Көрінді, күбір естілді—
Әдіре қалғам моладан.
Бірінші дауыс:
Уақыт болды, енді жүр!
Екінші дауыс:
Тұра тұр!
Бірінші дауыс:
Уақыт тар, қалқажан!
Е к і м ш і д а у ы с:
Жоқ, жоқ тоқта атсын таң.
Б і р і н ш і д а у ы с :
Қалдық кеш.
Е к і н ш і д а у ы с:
Именіп қалай сүйесің?
Тағы да, сәулем, бір минут.
Б і р і н ш і д а у ы с
Құртасың, мені босқа тек.
Е к і н ш і д а у ы с
Бір минут?!
Б і р і н ш і д а у ы с
Мен жоқта егер күйеуім
Оянып қалса не дермін?..
А л е к о
Ояндым, міне, келемін:
Тоқта, асықпа екеуің.
Сіздерге жақсы осында —
Өлер жер табыт басында!
З е м ф и р а
Қаш, қаш, достым, қашып зыт!
А л е к о
Тоқта! Көркем жас жігіт,
Барасың қашып қай жаққа?
Жат, солай!
(Пышақпен жігітті жарып жібереді.)
З е м ф и р а
Алеко!
Ц ы г а н
Өлдім!
З е м ф и р а
Алеко! Өлтіресің енді оны!
Оһ, не қылдым?
А л е к о
Оқасы жоқ.
Енді оның махаббатынан тыныс ал.
З е м ф и р а
Жоқ, қорықпа мен сенен,
Зәр шашуыңды жек керем,
Кісі өлтірдің, қарғаймын.
А л е к о
Ендеше, сен де ел!
(Оны да жарып жібереді).
З е м ф и р а :
Өлемін, сүйе өлемін!..
... Ертемен шығыс жайнады
Күн шұғыла шашқанда,
Қолында қанды пышағы,
Алеко қырдың астында,.
Отыр түсі түнерген
Табыттың сұр тасында,
Екі өліктің сүйегі
Жатыр сұлап қасында.
Кісі өлтірген, шамасы
Жан шошырлық түсі де.
Цыгандар батпай, тоқтасты
Кісі өлтірген кісіге.
Өлгендерге бір шеттен
Моланы қазды тезінен.
Сүйді әйелдер кемсеңдеп
Өлгендердің көзінен.
Реңі шалдың бұзылған
Көз алмай отыр қызынан,
Тіл қатпай билеп қайғы-шер.
Молаға өлік қойылды,
Бауыры суық қара жер
Ашты мұздай қойынды.
Тұрды Алеко қиырдан
Өлікті көміп жатқанда,
Ақтық аза бір уыс —
Топырақ тастап жатқанда.
Тіл қатпастан тым-тырыс
Жүріп қана жағалап,
Құз жартастан Алеко
Құлады жерге домалап.
Сол кезде шал жетіп кеп.
«Бізді таста өр адам,
Біз жабайы, біз надан.
Болмаушы еді бізде заң,
Қиналмаймыз дарға асып,
Керек емес бізге қан.
Қан құмармен біздердің
Тұрғымыз келмес, сүймес жан.
Туған жоқсын, білемін,—
Сен жабайы жан үшін,
Тек бостандық тіледің
Өз басыңның қамы үшін.
Біз бір момын ізгі адам,
Сен — жауыз, ер жалын жан,
Кет енді аулақ, ғапу ет,
Жарылқасын алдыңнан!»
Соны айтты да топырлап,
Шулап көшіп жөнелді,
Тастап құтсыз қонысты,
Жоғалды асып белеңді.
Көне - тоз кілем жабылған,
Жұртта қалған бір арба,
Тұрды жалғыз әдіре,
Қаралы, мұңды далада.
Бейне сондай болушы еді,
Күзді күні тұманды:—
Кештеу қайтқан көруші ек.
Тыраулаған тырнаны,
Оңтүстікке қиқулап,
Қиырға бетін бұрғаны.
Түн болды, арба астында
Ешкім де от жақпады.
Күркеде таң атқанша
Тірі жан міз қақпады.
ЭПИЛОГ
Қуаныш, мұңның қойнында
Бұлдырап өткен күндерім
Кеп түсті күңгірт ойыма,
Күшімен сиқыр әндердің.
Бұрқаған майдан — сұсты алаң!
Пәрменді қолы орыстың.
Стамбулға нұсқаған.
Сонау бір шекарадан
Екі басты самұрық
Даңқымен ескі шарқ ұрып,
Тұрған шақта, даладан,
Кездестім мен сондағы
Тобына цыган арбалы,—
Дарқан өскен балдары.
Сол жалқау топ соңынан
Еріп, талай қаңғығам!
Бөліп жесіп асын да
Ұйықтағам от басында.
Жол-жөнекей айтатын
Сүйдім жайлы шат әнін.
Есіме тұтқам мен атын
Мариула қалқаның.
Сендерде де бақыт жоқ,
Тағдырдың мүскін ұлдары
Жыртық шатыр астында,
Ұйқы басып тұрғаны.
Көшпелі сіздің күркеңіз,
Құтылмай қырда бәледен;
Көңілсіз, қайда жүрсеңіз
Тағдырдан пана көрмеген.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұңғыш борозда

  • 0
  • 0

Солтүстіктен суылдап,
Жылы жаққа құс қайтып,
Боз торғайлар шырылдап
Көктем жырын, ұшты, айтып.

Толық

Күтіп алшы

  • 0
  • 0

Біз майданда от шашуға адамның
Ажалы үшін жасамаймыз темірді,
Біз жасаймыз бақыты үшін әлемнің,
Жайқалтуға бейбітшілік өмірді.

Толық

Жыр көмей

  • 0
  • 0

Жыр көмей, жез таңдайлы, қоқыраулы
Сырнайдай сыңғырлата қоңыр әнді
Тойда ақын, ұлан асыр, шырқамас иә,
Айқара ашып тастап омырауды!

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер