Өлең, жыр, ақындар

Марқасқа

  • 09.08.2022
  • 0
  • 0
  • 569
(Тұманбай Молдағалиев туралы)
1.
Қызғалдақтай көктемде гүлдеп берген,
Су төгілмес жорғадай жүрдек келген,
Қай ақын бар бақ, талант түгел дарып,
Қалам алған шақтан-ақ құрмет көрген?!
Топқа түсіп, додалы сан қызбалы,
Келе жатқан соқтықпай жар-құзға әлі,
Қай ақын бар,қалың ел қадір тұтып,
Ғашық болған қазақтың бар қыздары?!
Қай ақын бар – қадірлеп қала, дала,
Сүйікті еткен қарындас, нар ағаға,
Қай ақын бар дәл сендей тұла бойы
Жақсылықтан тұратын дара ғана?!
Құлай сүйіп қызулы жыр дүрмегін,
Арғымақтың алдырмай бір күн демін,
Қашан болсын халқының қақ төрінде
Домбырасы сияқты күмбірледің.
Арамызда көп емес сендей бағлан,
Кеудемізді біздің де кернейді арман.
Аламанда қосылған ағайынның
Қаншасы бар қараңды көрмей қалған!
Төңірегін түрткілеп, жоққа емінбей,
Көкірегінен текті әуен төкті ерінбей.
Көздің жауын алып-ақ тұр-ау жырың
Өзің туған өлкенің көктеміндей!
Алдын алып тетелес тең құрбының,
Хас бәйгеден қасқайып келдің бұрын.
Ежелден-ақ осылай баптайтын жұрт
Жүзден жүйрік шығатын ең дүлдүлін.
Өзің сүйген өлкенің бағын ашып,
Қызғанбайық, талай бір тағына шық.
Күтері де көп әлі сенен елдің,
Қазағыңның қыздары әлі ғашық.
Әлі ғашық, өзіңе, сөзіңе де,
Сені оқымай сұлулар көз іле ме!
Жүрегің де солармен бірге соғып,
Егіле де білесің, езіле де.
Парнас таудың басына таяп барып,
Көрген жоқсың елден сыр аяп қалып.
Тұманбайдың жырымен басталған той,
Тұманбайдың жырымен аяқталып
Жатқанын да бүгінде көрдік енді,
Пейіліңе осындай елді берді.
Көсіле бер, қазақтың марқасқасы,
Көсілетін тұсың да енді келді!
* * *
Жыл басында азғана күн демалайын деп, "Алматы" санаторийіне барсам, Еркеғали Рахмадиев, Тұманбай Молдағалиев сияқты сыйлас көкелерім де сонда екен. Ерағаң аяғынан қалып, көше қыдыра алмайды. Көбіне үйде. Содан да бізді қасына алып, картаның кингі дегенін ойнаймыз. Бұл баяғы Қасым Аманжоловтың:

Бір министр, үш ақын
Отырды енді кингіге.
Министр алды үш қатын,
Кинг ақынға тиді де, –

дейтін ойыны. Барған күні әлгі екі көкем мен марқұм Екейбай Қашағановтың жесірі, маған әпкелігі бар Мархаба апай үшеуі уәделесіп алғандай мені кезек-кезек ұта беретін болды. Карта ойнағанда Тұмекеңнің де біраз берекесі кететіні бар. Содан туған өлеңдер еді бұлар.

Бөсейін десем, бөстірмей,
Жібермей ескі мақтанға,
Көкбөрі көкем қос бірдей
алды бір дейсің қапталға.
Алды бір дейсің ортаға,
бұрылуға мұрша берместен,
Жылтырап шығар сорпаға
Желкөбік құрлы көрместен.
Ерекем – есті мәрт ағам,
Кингінің тіпті пірі екен.
"Жолым болғыш, – деп, – картадан"
Күледі келіп Тұмекем.
Кездесуден бе тосындау,
болмаса бағым шын-ақ кем?
Екеуіне келіп қосылды-ау
тісін батыра бір әпкем.
Шындары ма әлде өтірік,
Көпшік те қойып, бақ тілеп,
мақтап та қойып отырып,
Қалтамның түбін қақты кеп.
Есімді жиып жандәрмен,
елімді таптым мен бағлан.
Азулы арыстандармен
айқаса кету немді алған?!

2.
КАРТА ОЙНАУ КЕЗІНДЕГІ ТҰМАНБАЙ КӨКЕМЕ МІНЕЗДЕМЕ
Столыңды саусақпен сарт еткізе қатты ұрып,
қиғаш тастап картасын, қырын қарай лақтырып,
қолы жүріп бергенде күлмең қағып Тұмекең,
әндетеді-ау дейсің бір арғымақ жал ат мініп.
Айналымда келесі сап тыйылып жаңағы ән,
абыржып-ақ қалады әлгіндегі нән ағам.
Ойыны ғой картаның,
карта деген бұл итің
кімнің ғана, Құдай-ау, көңіліне қараған!
Қолтығына кіргендей сиықсыздау бір кемпір,
Қалмайды енді ағамда әлгіндегі түрден түр.
Әлденені күбірлеп, күрмеле ме, қайтеді,
Қара тастың өзін де қиып түсіп жүрген тіл.
Карта дейтін шіркінге қандай ғана дауаң бар,
Қарап тұрып көкемнің қабағынан жауар қар.
Мәткені де валетті алып жатар қос-қостан,
Қалып жатар жауапсыз қаншама бір сауалдар.
Карта дейтін пәлеңіз қарамайды беделге,
қарамайды, қайтесің, Тұманбаймын дегенге. –
Шарықтатып біресе шың басына шығарып,
Домалата салады тағы бірде төменге.
Қарамайды бұл итің талантыңа, дарынға,
Құлағына кірмейді күйінгенің, зарың да.
Алып та қал сондықтан, шалып та қал,
Тұмеке, қолың жүріп тұрғанда, көзіріңнің барында!
... Кезегімен картаңыз айналғанда тағы бір,
Тұмекеңнің қайтадан жанып беріп бағы-дүр,
Әндетсе де түнімен, әр кетсе де түрінен,
Ұтып шығар түбінде Сәкеніңді бәрібір!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бәрі бекер

  • 0
  • 0

Қыдырып, қыз-дүние, тізіле көш,—
үздігіп көрген жоқпын үзіп өңеш,
мүмкін-ау үдеуі де,
жүдеуі де, —

Толық

Күні кеше

  • 0
  • 0

Күні кеше (сөзіме сенші, күнім!)
көргіш едік кісінің кемшілігін,
тергіш едік құрбының кемістігін,
ағаттығын ағаның,

Толық

Ауыр тиіп өмірдің өткелдері

  • 0
  • 0

Ауыр тиіп өмірдің өткелдері,
арғымағым арыды,
көп терледі,
жетпей қалып жүреді созған қолым

Толық

Қарап көріңіз