Өлең, жыр, ақындар

Өтірікші

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1454
Бұл кезде атқа мінген жігіттердің,
Білмеймін шаһар халқын қырдағы елдің,
Жанымен пар өтірік бір қыссасы
Кім біледі қашан барып түзелерін.
Пайдасы өтіріктің, екі дүнияда
Болмайды деп бірнеше рет айтты молда,
Мендағы көргенімді тәржіме еттім,
Үлгі алар ғибратынан құрбыларға.
Мысалы, өтіріктен қанша пайда
Көрді екен Исін бала жүрген қойда,
Ауылдан бір шақырым жырақ емес,
Қой бағып тұрған сорлы бір тоғайда.
Ертеден іші пысып тұрған бала,
Әркімге болсын алла өзі пана.
Ауылды қорқытайын деді дағы,
Жүгіріп кетті Исін тұра сала.
Ентігіп екі иіннен демін алып,
Қотанда тұрды Исін айғай салып,
Тиді деп қойға қасқыр у-шу қылды,
Тыныш жатқан сол ауылдан зәрені алып.
Ауылдан үлкен-кіші, бала-шаға,
Ұмтылды не түскенін қолына ала.
Бірі кетпен бірі балта, бірі сойыл,
Бақан ап келе жатыр қатындар да.
Жүгіріп қойға келсе ешнәрсе жоқ,
Көреді жайылып жатқан жануарларды.
Шек-сілесі қатып Исін күліп жатыр,
Мәз болып жарым шіркін алдағанға.
Сол жерде Исінді ұрсып үлкендері,
Айтпа бұндай өтірік ендігәрі.
Сабауға таяп-таяп бала ғой деп,
Шіркінді аяды да кетті бәрі.
Артынан бірнеше күн өткеннен соң,
Алладан тағдыр уақыт жеткеннен соң,
Қойға кеп екі қасқыр тиді шынымен
Ойбай сап ұмтылмас па ауылға Исін.
Ауылдан сөзіне нанып, бұл жолы адам
Шықпады, жыласа да басып қадам.
Қайта ұрсып, кет, жоғал деп қуды өзің
Жүрсін,— деп,— алдайын деп одан жаман,
Тұра алмай ол ауылда сабыр тұтып,
Үмітін үзгеннен соң біраз күтіп,
Жүгіріп қойға келді еңіреумен
Зар қағып кідіре алмай қарар етіп,
Келсе Исін қойдың көбін қасқыр қырып,
Кетіпті оңашада жұрдай қылып.
Сол жерде не қыларын білмей қойшы,
Жылады кешке шейін иттей ұлып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түлкі менен жүзім жемісі

  • 0
  • 0

Ашығып түлкі байғұс бақа кірді,
Аралап жем таба алмай талай жерді,
Шынардың салбыраған жемістерін,
Жүзімін тұрған пісіп көзі көрді.

Толық

Қарашекпен әм жылан

  • 0
  • 0

Болды дос жылан менен қарашекпен
Жүргіншіден айналдырып азды-көпте
Мужиктің іш-баурына кіріп алды,
Ақылды бір өнерпаз залым екен.

Толық

Қайыршы

  • 0
  • 0

Қайыршы бір мүсәпір білуші ем шал,
Үрерге ит, тігерге тұяқ болмаған мал,
Ертеден кешке дейін қайыр сұрап,
Жүруші ед көрінгенін етіп амал.

Толық

Қарап көріңіз