Өлең, жыр, ақындар

Тозақта

  • 15.09.2022
  • 0
  • 0
  • 620
Сауапты су елестеп, баталы бел,
бір қиялдың шетіне тақалып ем...
салақтатып тілдерін әр көлеңке,
ойнап жатыр Сәскенің сақалымен.

Қай бір жақсы дейсің бұл елегізу,
Қайғым ерген қасыма, қабағы – зіл.
Мерекешіл көше де – мейірімсіз,
ерніндегі далабы ғана қызыл...

Мұңсыз да аман болғанмен, құнсыз да аман,
көбелектер бітті өліп жұлдызтабан.
Қаталаған-шөлдеген шерлі Түздің
шекесінде күлтілдеп Күн сыздаған!

Ақылды жұрт ішкізсін бүгін уын,
ашырқанар мендегі ыңыл-уіл.
Жел – қып-қызыл!
Тау – ессіз!..
Ессіздіктің
езуінен сағымы шұбыруын!..

Неге, неге мына жұрт салғырт-керең?
Ойсыздықтың ұлдары-ай мәңгүрттенер!
Бұрымыңды бұлдама, ей, ару Ән,
Руыңды бұлдама, ей, мұртты Өлөң!

Сөзге бүгін қажетсіз мың бір астар.
Астарсыз-ақ, Ақ Сөзім мұңға ұласқан.
Құдайды да құлатар у осы да –
күлгін Дала, күлгін Күн, күлгін Аспан!

Гүл тілімен Даламды пішіндесем,
нені ұғады өз тілін түсінбес ел?
Тағдырыңа тақырлық тап болды ма:
сыртыңда – шөл, жұртым-ай, ішіңде – шер?!.

Сен де, көңілім, болмасаң нысаналы,
Неге үнемі жүресің құсаланып?
Күрсінбеші, байқашы!...
қурап тұрған
бұл Даланың лап-п ете түсері анық!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Иә, біздер жаз бойы хат алыстық

  • 0
  • 0

Иә, біздер жаз бойы хат алыстық. Ал,
алғашқы кездесу – одан ыстық: кезіп
жүріп тірліктің кеңістігін, кездейсоқтық
жаратқан о Таныстық!..

Толық

Таң да атар, күн де батар

  • 0
  • 0

Таң да атар, күн де батар... кешқұрым. Сол
бір тірлік қалыпты.
Ай да туар, сақалындай ешкінің. О да
өзгермес, жарықтық.

Толық

Мұңға айналып кететін міні ұдайы

  • 0
  • 0

Мұңға айналып кететін міні ұдайы –
тағдыр шығар?..
Не берсін қыңыраю.
Жұртқа – бәрібір, дүние өз орнында:

Толық

Қарап көріңіз