Өлең, жыр, ақындар

Күзге сыр айттың ба...

Ұясына күн кіргенде ұялып,
Естілді ме ең əуезді күй анық?
Көктің жүзін түнде жұлдыз жапқанда,
Отырдың ба мені еске жиі алып?
Жүрек кейде өз кеудеңе сыймайды,
Жанға жақын көрем осы түнде Айды!
Ұйықтады ма, әлде ояу ма екен деп,
Жұлдыздардан сұрадың ба мен жайлы?
Зырғып ағып өтсе жылдар қас қақпай,
Елжірейсің, мені ойлаудан бас тартпай.
Түскі асын ішті ме деп елеңдеп,
Отырдың ғой, өзіңе де ас батпай?
Албырт шақтан естеліктер бақта көп,
Мына күзге сыр айттың ба сақта деп?
Себелесе суық жауын төбемнен,
Ойладың ғой тоңып қалған жоқ па деп?
Боз бұлттарға айтып кейде наз, тілек,
Қиялға ерік береміз-ау азды-көп.
Түн көрпесін ысырғанда ақ таңда,
Мені іздейсің,
Қандай өлең түніменен жазды деп!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз