Өлең, жыр, ақындар

Өмір

Өмір
Өмір - сені ешкімге бермес едім.
Көрмесем күндеріңді сенбес едім.
Бар демменен айта алам - Бақыттымын!
Сүймесем бұл әлемге келмес едім.

Не десе де, өзгелер ерекшесің.
Жалған, - дейтін “пенделер” ерікпесін.
Әр күніңе қуанып, мас боп өтем,
Тағы келем өмірге - керек десең.

Өмір саған ғашықпын, сен де жара.
Елеңдейді шыбын жан көкке қарап.
Мейіріңді күтумен қолын созып,
Балаң тұр шабытына біткен қанат.

Ұнатамын аспанды тұнжыраған,
Бұлт үйірін қуалап жорғалаған.
Шақырады далаға еріктіріп,
Тереземді тамшылар ұрғылаған.

Сыбырлайды бұлағым таудан аққан,
Тас еркелеп тылсымның сырын шаққан,
Бесігінде әлдилеп табиғаттың -
О Жер-ана өзіңсің мені тапқан.

Қыбырлаған жәндігің, ну орманың,
Сар даланың самалы салған әнін.
Жер жүзіннің тұрғанда бар жұмағы
Фердаустың бақтарын не қыламын?

Ержан Қабышұлы Қабанбай



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз