Өлең, жыр, ақындар

Тұманбай елуге келгенде

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 81
Жырсыз күнің өткен емес ешқашан,
Жабырқадың ойдан ұшқын шашпасаң.
Көктем күйі күмбірледі сәт сайын,
Сен қолыңа қалам ала бастасаң.
Сен жырласаң, дала жырлап кеткендей,
Алатауың алтын нұрға бөккендей.
Алматыңа ақ жаңбырын төккендей,
Нәзік жаның өзің туған көктемдей.
Сен жырласаң, таудан сырғып ақ тұман,
Шыға келді ақ бұлақтар атқыған.
Аққу-­қаздар аспан астын тербетіп,
Көк төсінен төгілгендей шаттық ән.
Сен жырласаң, «сыр қалмайды жасырын»,
Мөлдіреттің моншағын көз жасының.
Тайға мінген Тұманбайды сағынып,
Күрсінеді көк жайлауы Асының.
Сен жырласаң, көбейгендей аз үміт,
Сөйледі өмір қысы – жұтаң, жазы – құт.
Соғыс сызы, жетім­-жесір әуені –
Жатты бәрі жүрегіңе жазылып.
Арман жолы болған емес кең көше,
Бұзып өттің тағдыр өткел бермесе.
Өрнек салып өлкесіне өлеңнің,
Көктем алып келіп едің сен кеше.
Күлімдейсің сол бір көктем қалпыңмен,
Шуақ болып тілдесесің халқыңмен.
Көлеңке мен ызғар барда тірлікте,
Қайран ақын қалай ғана алсын дем.
Көпке жетер көңілің бар ақ айран,
Емін­-еркін дәмін татты талай жан.
Жиренесің Оразбайдан, Дантестен,
Үйренесің Пушкин менен Абайдан.
Қазынасы таусылмайтын кең кеуде,
Ақтарылды кеткенге де, келгенге.
Күйкілікке кеуіп қалған шөлсің де,
Дариясың кісілікке келгенде.
Біреу анау, біреу мынау демейсің,
Адалға дос, арамдарға өгейсің.
Мейірімге шаттануға байсың да,
Менменсуге, мақтануға кедейсің.
Жырмен жалғап алыс-жақын арасын,
Жырмен гүлдеп, жырмен тыныс аласың.
Алатаудың бауырында туған ұл,
Алатаудай биік тартып барасың.
Қарап тұрып қызығамын мен саған,
Сендей келсін елу жасқа келсе адам.
Өрлей берсін осылайша жұлдызың,
Он жыл сайын осылайша қол соғам!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бөрітостаған

  • 0
  • 0

Бөрітостаған, Бөрітостаған,
Жұмбағыңды айтшы, кәрі тас, маған.
Таңырқасын деп жердегі пенде,
Аспаннан, бәлкім, пері тастаған.

Толық

Сырғып қайда барасың, сырлы айларым

  • 0
  • 0

Сырғып қайда барасың, сырлы айларым,
Сырлы айларым –
Сыңсыған сырнайларым.
Мәрмәрларым, менен де кеттіңдер ме,

Толық

Шырқа, наурыз!

  • 0
  • 0

Жайнап мереке ажары,
Қайнап береке қазаны,
Айлап думанды базары,
Келді Наурызым!

Толық

Қарап көріңіз