Өлең, жыр, ақындар

Жасымнан соңыңа еріп...

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 76
(Кәдірбек Сегізбайұлына)

Жетпістің жотасына шықтың, аға,
Биікке байрағыңды тіктің, аға!
Қайыспай елдің жүгін көтереді
Нар туған өзіңіздей мықты ғана.
Бұл жалған өте шығар жортуылдай,
Қазақсың құшағың кең, қолтығың бай.
Көңіліңнен көпті сүйген айналайын,
Зайсанның тебіреніп толқынындай.
Заманға мың құбылған қарамастан,
Сүйендің қаламыңа бала жастан.
Жаз дәурен жалт­-жұлт етіп артта қалды,
Жақсымен, жаманмен де араласқан.
Сезіліп салқын тартқан күз қабағы,
Көрінді қыс қарасы бізге­-дағы.
Бетінде ақ қағаздың сайрап жатыр,
Жұрт үшін жүрегіңнің сыздағаны.
Күн нұры көкірегінен шашыраған,
Ақ көңіл аңқылдаған асыл ағам,
Қасқа атты Қамбар батыр секілдісің,
Бір өзі қырық үйді асыраған.
Халқыңнан басқа, сірә, жоқ сенерің,
Көп еді аңсағаның, көксегенің.
Түсіңе сағындырып жиі енеді
Оралхан, Кәрібайың, Ақселеуің.
Жылдардың көз жіберіп асқарына,
Қарайсың тұнжыраған аспаныңа.
Қобыздай күңіреніп мұң шағасың
Бексұлтан, Қуанышбай достарыңа!
Алтайдан мұнар басын бұлт ораған,
Ұлтына тірек болар ұл тараған.
Табанды тоздыратын тау мен таста
Тағасыз талай шапқан тұлпар ағам!
Жасымнан соңыңа еріп ағаладым,
Саяңды дауыл соқса сағаладым.
Жүйтки бер, жүзге дейін енді зулап,
Жырыммен тұяғыңды тағаладым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұлым Нұратқа

  • 0
  • 0

Ауылға қашып кетті төлім менің,
Ұқпадым неден сонша жерінгенін.
Қарашы, баламызбен екеуміздің
Әлден-ақ арамыздың бөлінгенін.

Толық

Тарбағатайға

  • 0
  • 0

Жасырын жүрген бір мұңға
Жалындап барып батайын.
Өзгеше еді-ау бұлтың да,
Туған жер – Тарбағатайым.

Толық

Ән-шашу

  • 0
  • 0

Домбырамды алайын,
Қанат қағайын!
Шырқап әнге салайын,
Тыңда, ағайын!

Толық

Қарап көріңіз