Өлең, жыр, ақындар

Тайғанақтап қара жерде құлаған

  • admin
  • 07.01.2024
  • 0
  • 0
  • 77
Тайғанақтап қара жерде құлаған,
Тарыққаннан кейде өксіп жылаған.
Естен шығып кеткенің бе, күндерім,
Естен бәрін шығарады-ау, бұл адам.
Жамап-жасқап барды-жоқты құраған,
Жасқаншақтап жаттан жәрдем сұраған.
Ұмыт болып кеткенің бе, күндерім?
Ұмытады-ау, бәрін-бәрін бұл адам.
Таяқ жасап жаңқадан да сынадан,
Таяныш қып өткен қия, жырадан,
Ойдан шығып кеткенің бе, күндерім?
Ойдан бәрін шығарады-ау, бұл адам.
Артта қалып жиған мүлік дін аман,
Азат болып пенделік пен күнәдан.
Шу деп бір күн кетер болса мәңгіге,
Мәңгі бәрін ұмытады-ау, бұл адам.
Өмір жолы кейде соқпақ бұралаң,
Кім де болса шығар-ау, бір құлаған.
Сол үшін де сендерден мен сұранам:
Бақытының білем десе бағасын,
Өткенін де ұмытпасын, бұл адам.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұл жалғанның рақат, азабын да

  • 0
  • 0

Бұл жалғанның рақат, азабын да,
Көрсет Алла мадағын, мазағын да.
Білу үшін қадірін жаннатыңның,
Жату үшін үн-түнсіз тозағыңда.

Толық

О, Жаратқан, ешбір жанға бас идіре көрмегін

  • 0
  • 0

О, Жаратқан, ешбір жанға бас идіре көрмегін,
Қошеметке құл болғанша, жақсы оданда өлгенім.
Дақ түсірмей өткізе гөр адамдықтың арына,
Рас болса бұл өмірге адам болып келгенім.

Толық

Хаттар, хаттар, хаттар-ай

  • 0
  • 0

Хаттар, хаттар, хаттар-ай,
Қимас-сыйлас жандардың,
Хат соңында аттары-ай.
Сөзі жүрек лүпілі,

Толық

Қарап көріңіз