Өлең, жыр, ақындар

Наурызбай батырға

  • admin
  • 07.01.2024
  • 0
  • 0
  • 98
Атан түйе өркешінен екі иығы асатын,
Айбарынан адам түгіл арыстан да қашатын.
Қарасайдай қас батырдың, бас батырдың ұрпағы,
Наурызбайдың аты аталса қалмақты үрей басатын.
Арқар ауып Арқа бойы азан-қазан болғанда,
Абылайдың ақ ордасы ауа көшіп қонғанда.
Дегерестің бауырына түмен бастап, ту тіктің,
Бас батыр боп, баһадүр боп жиырма бірге толғанда.
Тап сол күні Бас батырдың тауы боп – тау аталып,
Жауға шаптың «Қарасайлап», Төле биден бата алып.
Ұлыңды құл, қызыңды күң етпек болған қалмақтар,
Арқа аса қайта қашты қан мен шаңға қақалып.
Жекпе-жек те қалмақ ханы шырылдаттың Шамалды,
Ажал құшты Шамал байғұс жанға таппай амалды.
Елің үшін, жерің үшін қан түкіріп түн қатып,
Атың сенің аңыз болып кең далаға таралды.
Ерлігіңе тәнті болып Бұқар жырау толғапты,
Толғап-толғап, батыр, саған мына жырды жолдапты.
«Наурызбайды көрген жан,
Іші удай ашыр-ды.
Таудай Наурыз батырың,
Егескен жауын қашырды.
Алдына келген торғауыт,
Аяғына бас ұрды.
Жалынды оған, жалбарды,
Иегінен асылды.
Сырттағанға сырт беріп,
Қарсы алып қалмақ тасырды.
Ала ат мінген Наурызбай
Алапатын асырды», – деген екен
Бұқар да көрген екі ғасырды.
Бабам, сенің болмысың да, туысың да ерек-ті,
Ғазіреті Әлиге де көрген жандар теңепті.
Бағы асқан батырларға басын иіп Абылай,
Жеңіс тойы болған күні былай десе керек-ті;
«Ардақта, жұртым, ардақта!
Ардақта Қабанбайыңды,
Ардақта Бөгенбайыңды,
Ардақта Наурызбайыңды!
Осы үшеуі емес пе
Тыныш ішкізген шайыңды?!
Қазы мен қарта жегізіп,
Жұтқызған сары майыңды?!
Ардақта, жұртым, ардақта!
Ардақта үшем батырды.
Сызыла келген таңыңды
Тыныштықпен атырды.
Шал бозыңды Құдайға,
Тік көгалға шатырды!»
Деген екен Абылай хан шаттанып та, мақтанып,
Ұрпақтарға жетті сөзі сол қалпында сақталып.
Рухың, бабам, қыран болып көгімде жүр қалықтап,
Атың қалды ұрпақтардың жүрегінде жатталып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Хан басымды

  • 0
  • 0

Хан басымды, қадірімді өзім кейде қорлаймын,
Бармас жерге бару үшін өзімді-өзім зорлаймын.
Қорсылдасып шошқалармен, ырылдастым иттермен,
Өзіме де обал жоқ-ау, обал жоқ-ау, оңбаймын.

Толық

Мені өзіндей көр, достым

  • 0
  • 0

Мені өзіндей көр, достым, жаны бөлек демесең,
Сен қуансаң қуанып, айдарымнан жел есем.
Өзіңді ойлап мен бүгін біраз жасқа қартайдым,
Өзінді ойлап ешқашан тебіренген емес ем.

Толық

Тіршілік-ай, тіршілік

  • 0
  • 0

Тіршілік-ай, тіршілік,
Қалсам оқыс күрсініп.
«Өкінішті» демегін,
Шүкіршілік, құлшылық.

Толық

Қарап көріңіз