Өлең, жыр, ақындар

Ескендірдің екі мүйізі

  • admin
  • 13.02.2024
  • 0
  • 0
  • 304
Болсаң да жалғыз жапанда,
Сырыңа, құрбым, берік бол!
Күбірлесе-ақ ауызың,
Әкетер қағып жүйрік жел.
Ертегі ерте күндерде
Ескендір атты хан болған.
Бесіктен көрге кіргенше,
Көргені қызыл қан болған.
Заманында Ескендір
Жеті ықылымды билеген.
Асқан алып, киелі,
Түссе де отқа күймеген.
Ескендірдей алыптар
Дүниеге енді туа ма?
Алып адам денесін
Сынап-мінеп бола ма?
Ескендірдің басында
Екі мүйіз болыпты.
Екі мүйізді екенін
Ол жасырып жүріпті.
Ескендірдің басында
Екі мүйіз – нысана!
Жабайы жұртқа көрсетсе,
Қасиеті қала ма?
Қос мүйізін жасырып,
Ескендір ер жасынан
Алмайды екен еш уақыт
Дулығасын басынан.
Ескендірдің басынан
Талай заман көшіпті.
Арыстанның жалындай
Жалпылдап шаш өсіпті.
Күндерде бір күн Ескендір
Шарап ішті, балбырад.
Шашын біраз кесуге
Шаштаразды алдырад.
Келгеннен соң шаштараз,
Дулығасын алады.
Шаштараз көріп қос мүйіз,
Қорқып-сасып қалады.
Айтады оған Ескендір:
«Қорықпа, құлым, бері кел!
Тұрам десең дүниеде,
Аузыңа бірақ берік бол!»
Шаштараз кетті жайына,
Күндер, айлар өтеді.
Шаштараздың жүрегін
Мынау сыр бірақ өртеді.
Аузы-басы жыбырлап,
Сөйлегісі келеді.
Сөйлесе, сорлы шаштараз
Сол сағатта-ақ өледі.
Енді сорлы не қылмақ?
Барады жанып, іш күйіп.
Бір құдықтың аузына
Жатты келіп еңкейіп.
Жан-жағына қаранып,
Күрсініп бір уһі деп:
«Ескендірдің мүйізі!..» –
Деді ақырын күбірлеп.
Жақын тұрған жас қамыс
Қоя қойып сыбырды,
Түре қойып құлағын,
Тыңдай қалды күбірді.
Мынау сырды білді де,
Қамыс төмен иілді.
Басына түрлі ой келіп,
Тұнжырады, күйінді.
Сол арада сайтандай
Елбелеңдеп жел келді.
Әрине, енді жас қамыс
Жаратпады келгенді.
Жаратпаса, желге не?
Ерегісті жынды жел.
Қамысты алды құшаққа,
Сына жаздад бұраң бел.
Қамыс басын шайқады,
Жел өндірді у жырын.
Жырлады, құшты, улады,
Біліп алды бар сырын.
Сырын біліп алды да,
Қоштасып сүйіп, сыбырлап:
«Ескендірдің мүйізі!» –
Деп жөнелді жыбырлап.
Таң атқанша жүйрік жел
Жүгіруден талмады.
Ескендірдің мүйізін
Білмеген жан қалмады.
Таң да атты, жүйрік жел
Баяулады, басылды.
Таң да атты, шаштараз
Дар ағашқа асылды!..
Есің болса, жолдасым,
Бола көрме шаштараз.
Асылмасаң да ағашқа,
Болуы анық дос араз!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сәрсембайдың жыры

  • 0
  • 0

Домбырам басы бал қурай,
Басына қонар бозторғай.
Қалампырлы насыбай,
Насыбайды атпасам,

Толық

Көбелек

  • 1
  • 3

Отқа ұшар көбелек,
Қарамай, сорлы, алды-артын.
Ойына кіріп-шықпайды
Күйдірер деп от-жалын.

Толық

Орал

  • 1
  • 2

Ұзын Орал - күн мен түн шекарасы,
Бір жағы - күн, бір жағы - түн баласы.
Арғы жағы - көк көзді жын ұясы,
Бергі жағы - Түріктің cap даласы.

Толық

Қарап көріңіз