Өлең, жыр, ақындар

Тұранның бір бауында

  • admin
  • 14.02.2024
  • 0
  • 0
  • 197
(Сурет)

Ай туды, күңгірт кеш еді, алтын табақ,
Ару ғой Ай дегенің алтын қабақ.
Жүзінен сол сұлудың нұр төгілді,
Жапырақ – суда ойнаған алтын шапақ.
Жапырақ сәуле сүйіп дірілдеген,
Жел шіркін жаны күйіп күбірлеген.
Жерде су сылдыр қағып сүйінгендей,
Кей кезде күйік кернеп күрілдеген.
Ай қалқыды, сәуле аспаннан сорғалады,
Ағаштар ерке арудай ырғалады,
Арудың аққу мойны бұрылғанда,
Жұлдыздай жарқ-жұрқ етіп сырғалары.
Бөрік киген бұйра сеңсең қара ағашы,
Алқызыл алқа киер алма ағашы.
Бөленген сары алтынға тапал інжу,
Басына ақық сепкен тағалшасы.
Шиесі мөлтілдеген маржан екен,
Маржаны жерде жатар арзан екен.
Жамбыдай жақұты көп анар байғұс,
Тырбиып неліктен ол азған екен!?
Тізілген түйме меруерт тұтқа таптап,
Жандардай жарқыраған тәп-тәтті тап.
Жас өрік ай нұрында ақ алтындай,
Жас үзім – зүбәржаттан тізген шашақ.
Көк сұлтан, қызыл сұлтан – сұлтан егіз,
Бірі көк, бірі қызыл тәжі – жеміс.
Жан-жағың жемісті ағаш, аяқ астың
Жайнаған феруза гүл ұшан-теңіз.
Сыр сөйлеп сол гүлдерге сылдыр қағып,
Жатқаны тарам-тарам сулар ағып.
Тереңдік – мінсіз кезу, өн бойына
Қойған ба біреу әдей күміс жағып?
Сәуле ырғып талдың сұлу саласынан,
Неге ұзақ бұйра бұлттың арасынан
Алтын Ай – ерке сұлу шықпай қалды,
Арылмай жүрек анық жарасынан?
Бір жым-жырт басты неге баудың ішін?
Құлпырып, неге өзгертті гүлдер түсін?
Мынау жыр – шер жыры емес, хор жыры ғой!
Жыр қайдан? Өңім бе бұл? Әлде түсім?
Бұл – бұлбұл! Бұлбұл екен сиқыр көмей,
Не дейін, сонша сұлу, сиқыр демей!
Басында балбыратты, елжіретті
Біраздан жанымды ол алай-түлей!
Ертеден сені іздеген мен едім ғой,
Тұранға бір сені іздеп кеп едім ғой!..
Ширази, шеих Саади, Хайямдардың
Өртеген өзектерін сен едің ғой!..
Жүректе, мені де өрте, бір күл қалсын,
Жүректе, жоқ, күл емес, мың гүл қалсын...
Сайрарға өмір бойы судай сұлу,
Жанымда сиқыр жырлы бұлбұл қалсын...
Бебеу қағып, басты бұлбұл тербеткендей,
Тербетіп ырыс, аспанға өрлеткендей.
Ессіз боп бұлбұл құстың сиқырымен,
Кетті алып асау жүрек ырыққа көнбей.
Бергенде көтеріле от боп жанып,
Қиялдың толқындары алды қағып.
Толқыннан улы балды жұта бердім,
Кетпес-ау, мен татпасам, толқын танып.
Жұтсам да, жүзе бердім, сусын қанбай,
Қысылды кейде жаным шошынғандай.
Арылып бар күнәдан асау жаным,
Тәңірінің даргаһына бас ұрғандай.
Жүрек те арылғандай жарасынан...
Сонда Ай да бұйра бұлттың арасынан
Жарқырап шыға келіп, ақ жүзінен
Төкті нұр талдың сұлу саласынан.
Жан-жақта көлеңкелер көлеңдеді,
Көзіме әлденелер елеңдеді.
Жүрегім дүрс-дүрс соғып, айта бердім,
Айтқаным: «Аят бер»-ді, өлең бер»-ді...
Білмеймін, көктен кәусар нұр құйылды,
Неге екен, көзіме ыстық жас жиылды.
Жоқ, әлі улы балға қанбадым ғой,
Бұлбұлым, әнің неге тез тыйылды?
Дариға, аяқталмай, үзілді жыр,
Сұм жүрек жалын болып қалды ғой құр.
Бұлбұлдың әнін үзген не болды екен?
Мынау не: көлдің беті жыбыр-жыбыр?
Көл беті жыбыр-жыбыр, бақа: «Бақ-бақ».
Сайрасын енді қалай бұлбұл бейбақ?
Өмірдің өзгермейтін құрсын заңы –
Бір жақтан бұлбұл шықса, бақа шықпақ.
Жыршы құс бақырайған бақа көрсе,
Бақылдап тырбық бақа әнін бөлсе,
Ойласаң ,таң қаларлық дәнеңе жоқ,
Құсадан ақын бұлбұл үнсіз өлсе...
Түн өтті. Бозарғандай шығыс жағы,
Бақаның бітпек пе бір «бақ-бақ-бағы?»
Бұлбұлға сыйға тартқан сол сәулесін
Арсыз Ай бақаға да төкті тағы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Пайғамбар

  • 1
  • 2

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күнi батып, жаңа таңы атпаған.
Түнерiп жүр түннен туған перiлер,
Тәңiрiсiн табанына таптаған.

Толық

Сүйгенім анық

  • 1
  • 2

Көрдім де келдім,
Қолымды бердім:
«Сүйем сені, сұлу қыз.
Жүрегім жанып,

Толық

Сәлем хат

  • 0
  • 2

Сәлем сөзім алыстағы еліме,
Алыстағы ақ селеулі беліме.
Айдан да айқын сендерді іздеп қайтуым
Күнім бітіп, кіргенімше көріме.

Толық

Қарап көріңіз