Өлең, жыр, ақындар

Кірпігіңді күзетем

  • admin
  • 22.04.2024
  • 0
  • 0
  • 22
Жүрек түннен ішеді мұң, таусады,
Қабырғам жоқ...
Қабырғам да қаусады.
Пианино кірпігіңде ойнайды,
Мөлдір мұңның моншақ-моншақ саусағы.
Есімің бар... жүрегімде тыртығым,
Сәулесі бар көздерімде шырпының.
Жанарыңдай жарық таңға тап болдым,
Түрілгенде қара түндей кірпігің.
Күн тілгілеп, бұлт кеудесі қанады,
Күнге жайған ақ көйлегі жанады.
Жауған сайын жанарыңның аспаны,
Қолшатырдай кірпігіңнен тамады...
Жауын асты, қуайыншы, қашсаңшы,
Құшағыңды бұлт көгіне ашсаңшы!
Жаңбыр бізге мұң сыйлайды ылғи да...
Біз де оған сыйлайықшы қос тамшы...
Қара аспаннан төгіледі мұң әні,
Оқып жатыр ғазалымды түн әлі.
Жанарымыз жолықпаса жолдарда,
Оған сенің кірпіктерің кінәлі.
Дұрыс, жаным! Жасамайық күнәні,
Екеумізге өкпелі ғой күн әлі.
Күз тұрақтап қалса біздің жүрекке,
Оған менің сағынышым кінәлі.
Самал есіп, өлең оқып міңгірлеп,
Түн жатады жұлдыз ұрлап бір-бірлеп.
Күй ойнайды, мөлдір мұңның саусағы
Кірпігіңді шерткен сайын күмбірлеп.

Қайыңдардан өзің жайлы хат алар,
Жүрек қалай ұясында жата алар?
Жанарыңнан төгіледі өлеңдер,
Кірпігіңнен төгіледі ноталар...
Мұң жүзеді көңіліңде шомылып,
Кетем қара терезеңе шам іліп.
Ұйықтай қойшы, бәрінен де шаршадың...
Жанарыңа кірпігіңді жамылып.
Терезеңде қалғып қалған күз екен...
Терезеңе жүз қараумен жүз өтем.
Жастығыңа тамбас үшін мөлдір мұң...
Мен ұйықтамай кірпігіңді күзетем...
(Әр түні...)



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сені ойлау ғажап сезім мың түрлі

  • 0
  • 0

Сені ойлау ғажап сезім мың түрлі –
Сипағандай таңғы нұрдың білтесін,
Ауаға гүлдер еккендей түр-түрлі,
Сәби жамылғандай жылы көрпесін...

Толық

Ай сияқты бейкүнә бола алмадым

  • 0
  • 4

Ай сияқты бейкүнә бола алмадым,
Көлеңкем де түн кезер Айға ілесіп...
Кірпігімнің желкені жағалауда,
...Жанарымда дірілдеп Ай сәулесі.

Толық

Екі шың

  • 0
  • 0

Мұңды сүйер, мұң көтерер ер деген...
Жан-жүйкеңді жыр әлемі кернеген.
Ғашығың бар, жан досың бар, мұңың бар,
Бай адамды сен секілді көрмегем.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар