Өлең, жыр, ақындар

Жанымның мезгілі

  • admin
  • 22.04.2024
  • 0
  • 0
  • 21
«Қош, құстар!
Сәлем айтыңдар көктемге...»
Ескі күнделіктен

Кеудеме кеп тұрақтады күз демде,
Жүрегімнен жапырақты үзгенде.
Ұшып кетсем мәңгі жазға... көктемге...
Ұшып кетсем өзімнен де... күзден де...
Хәлімді еш жан болмады сұраған,
Сүрінгенмін, оңбай тағы құлағам.
Мен ешкімді... мені ешкім түсінбей,
Өкпелегем... өкінгенмін... жылағам...
Қиял қуып, сағымға да текке ергем,
Зағип жандай қараңғыны тек көргем.
Мен өзімді дұшпан көргем... жау көргем...
Мен өзімді танымастай жек көргем...
Шаршағанмын... жабықанмын... безінгем...
Тамыздан да Қаңтар мұзын сезінгем.
Жүрегімде қанша жұлдыз жоғалған...
Қанша арман, қанша үміт көз ілген?..
Түңілгенмін өмірден де, тағдырдан,
Қабағым жүр қараңғыда қаңғырған.
Төсімдегі тамырыма шөлдеген,
Нәр беремін жанардағы жаңбырдан.
Шаршағанмын қараңғыдан... түнектен...
Мен езіліп... ал, көлеңкем жүр, өктем.
Сағыныштың, жапырақтың иісі,
Аңқып жатыр көкіректен, жүректен...

Мен өзімнен қалай енді тыс қалам?
Көктем аңсап кеудемдегі қыс ғалам...
Іздесеңдер көктен мені іздеңдер...
Жетер енді! Самғаймын мен, құс болам...
Мөлдір мұңнан ақ қайыңдар жырланды,
Жоғалтпашы жапырақтан сырғаңды.
Таң оралды терезесіне кеудемнің,
Ымырттағы жүрек бөлмем нұрланды.
Көз жасына жуынатын түнімен,
Сынған Айға малмаңдай су мұң ілем.
Өз кеудемде өз-өзімді өлтіргем,
Өз кеудемде өзім қайта тірілем...
Мені іздеп құстар ұшад көктен де,
Мені іздеп гүл күтеді бөктер де.
Асығамын жылуға да... жарыққа...
Асығамын Сәуіріме...
КӨКТЕМГЕ...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кітап

  • 0
  • 0

Парақтарын ақтарып,
Әкем отыр сұқтанып.
Қарап қалсам, мәссаған,
Суреттер тұр топтанып!

Толық

Сені ойлау ғажап сезім мың түрлі

  • 0
  • 0

Сені ойлау ғажап сезім мың түрлі –
Сипағандай таңғы нұрдың білтесін,
Ауаға гүлдер еккендей түр-түрлі,
Сәби жамылғандай жылы көрпесін...

Толық

Мұң патшасы

  • 0
  • 0

Қарап тұрған жалғыз жанар тесіле,
Ай көзінен сіңдіріп мұң төсіме.
Тәнсіз жүрек ақтара сап қайғысын,
Төне қалды бұлт көйлегін шешіне.

Толық

Қарап көріңіз