Өлең, жыр, ақындар

Жеңге

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 4724
1
Көгермеген бүр жарып,
Орман әлі жалаңаш.
Тыным алмай тұр жауып,
Жанбыр мен қар аралас.
Көзден өзен, көпірді
Қалқалаған сұр тұман.
Оянбаған секілді
Дала түнгі ұйқыдан.
Қанаттары суылдап,
Ұшатұғын зуылдап,
Бұтақта отыр бүрісіп,
Торғай біткен шырылдап.
Қуанатын балаша
Келмей өлең құйылып.
Ойға батып оңаша
Отырмын мен бұйығып.
Өлең бүгін кешікті
Ерегесіп жатқандай.
Болды бір кез есікті,
Біреу әлсіз қаққандай.
Тұрып едім елеңдеп,
Қалды дыбыс үзіліп,
Қайта отырдым өлең кеп,
Құйылардай тізіліп.
Ойды қуып қайтарам
Үйдің іші тым-тырыс.
Естілді әлсіз қайтадан
Тағы әлгі бір дыбыс.
Бөгет болған өлеңге
Сұрадым мен кімсің?— деп.
Тентекпісің?— дегенде
Кетті жүрек дүрсілдеп.
Осы сөзге болдым зар,
Күнде түріп құлақты.
Ести алмай көп жылдар,
Сағынғанмын бұл атты.
Айтатұғын бұл атты,
Дүниеде бір адам.
Туған анам сияқты.
Қарыздармын мен оған.
— О, жеңеше, сенбісің,
Сүйді құшып бассалып.
Бір босатты шерлі ішін,
Көздерінен жас тамып.
2
Өтсе де оған талай күн,
Бүгінгідей жадымда.
Тұрды үйі ағайдың
Дарияның жанында.
Жаман аты шықпаған
Жанындағы елге бір.
Жоқшылықтан бұқпаған,
Жігіт еді ер көңіл.
Қалса-дағы от түксіз,
Қарайлайтын кісіге.
Тындыратын мүлтіксіз,
Мығым еді ісіне.
Ойлаушы еді гүл жайын,
Отырғызып іргеге.
Ойнаушы еді сырнайын,
Безілдетіп түндерде.
Әттең зәру бір гүлге,
Иіскейтұғын қолына ап.
Армансыздай жүр мүлде,
Сырын ашпай ол бірақ.
Қызық қуған ұл ертіп,
Балалы қаз ел бейне.
Осы бір жай жүдетіп,
Тиеді ауыр жеңгейге.
Екеу ара ермекке
Болмады деп бір шыбық.
Қолы жетпей перзентке,
Қорланады күрсініп.
— Ашылмаған маңдайы,
Жан деп оны жүрді ауыл.
Туысының жағдайы,
Әкеме де тиді ауыр.
— Осы біреу кеселден,
Шығар екен кім алып.
Кеңеседі ол шешеммен
Оңашада ұрланып.
Мені көрсе қалады,
Кеңестері тыиылып.
Түнерісіп қабағы,
Отырады түйіліп.
Алаңдатып балалық,
Кетемін мен жүгіріп.
Шөңге аяққа қадалып,
Кейде ақсаңдап кідіріп.
Ат қып мініп жас талды
Құйындатам шапқылап.
Су бетіне тастарды,
Жалатамын атқылап.
Артық байтақ даладан,
Балалыққа не керек.
Кейде үйіме оралам,
Ай туғанда дөнгелеп.
Сондай кештің бірінде,
Келсем үйге құйғытып.
Әкем қақпа түбінде
Ағай менен тұр күтіп.
Алмады әкем тергеуге,
Тұрғанымен жол бағып.
— Ағаң менен жеңгеңе
Қонақ болып қон барып.
Бас изедім тіл алып,
Айтқан сөзім сол-ақ боп,
Ағайға ердім қуанып,
Өзімше үлкен қонақ боп.
3
Сол ұяға бір түнеп,
Қалдым құстай қонақтап,
Алды баулып біртіндеп,
Жеңешемнің жаны аппақ,
Ашық мінез жеңешем
Атты қойып: «Тентек» деп,
Екі етпей не десем,
Күтті мені елпектеп.
Өз еркімше жүргізіп,
Мені қысып ұстамай,
Мойынына мінгізіп,
Асты-үстіме түсті ағай.
Жұмысынан келерде,
Жолын тостым алақтап,
Айқай салдым мен елге,
Төбесіне қонақтап.
Шығатұғын ол мені
Демалыс күн құсқа алып.
Қызықпенен көлдегі
Күн қалатын қысқарып.
Десе де ол: «Тыныстап,
Осы жерде тұр күтіп»
Алып жүрдім дыбыстап,
Үйректерді үркітіп.
Ондай кезде күйініп,
Көрсетпейтін кеюін.
Тұратұғын жымиып,
Күлкі боп бір мейірім.
Шіркін оның күлуі
Болатұғын бір бақыт.
Қолдарының жылуы
Тастайтұғын қуантып.
— Қалмай менің қасымда
Еріп кеттің, неге сен,
— Дейтін басып ашуға,
Қабақ түйіп жеңешем.
Ағайдың тек білері:
— Құс әкелдік біз барып...
Біреуінен біреуі
Жүрді солай кызғанып.
Көшті жылдар шұбырып,
Алды-артына қарамай.
Асыр салған жүгіріп,
Ойынқұмар баладай.
4
Айналаны шу қаптап,
Ақырды ажал жер теуіп.
Түтін бұлттай будақтап,
Аспан жатты өртеніп.
Соғыс-апат анталап,
Аран ашты жұтынып.
Айдың көзі қанталап
Тұрды жүзі тұтылып.
Күңіренді айнала
Қоңыраулар қағылып,
Тартты асығыс майданға
Эшелондар ағылып.
Тұрдық бір күн ағайды
Біз де жолға шығарып.
Жеңгем оған қарайды
Көзі жасқа шыланып.
Айрылуға шыдамай
Мен де тұрмын егіліп.
— Тый жасыңды жыламай,
Жігіт дейді сені жұрт.
Деді де ол бетімнен
Қайта-қайта сүйді кеп:
Ағатайлап секірген
Күндер қайда? Тиді өрт...
Қарап қаппыз бекер біз
Әкетті оны жол ұрлап.
Жеңгейменен екеуміз
Тұрдық ұзақ қол бұлғап.
5
Жас ағызып талайдан
Өтіп жатты апталар.
Майдандағы ағайдан
Болмады еш хат-хабар.
Күн суытып қатайды
Дегендей-ақ жұт егіз.
Хат тасушы атайды
Ертелі-кеш күтеміз.
Біздің үйдің есігін
Ашпайды ол бірақ та.
Таныс жанның есімін
Естіртпейді құлаққа.
Үшбұрышты хатпенен
Басқаларды жылытып,
Біздің үйді қарт неден,
Кетеді екен ұмытып?!
Жанға медет болғандай,
Зармыз жалғыз хатына.
Жаутаңдаймыз торғайдай,
Торға түскен қапыда.
Күнде айналып атынан
Бірақ күдер үзбейміз.
Басқалардың хатынан
Басқан Ізін іздейміз.
Тағдыры оның тым өзге
Білінбейді дерегі.
Өзі еккен бір кезде
Тұр мұңайып терегі.
Сол бір терек сырласым,
Қиыла кеп қараймын.
Сол теректен тұлғасын
Көргендеймін ағайдың.
Оның кеткен күнінен
Алты ай салып артқа дәл.
Майдандардың бірінен
Келді суық хат-хабар.
Булығып көз жасына
Оқи бердік сол хатты.
Харьковтың дәл қасына
Жерлепті ер солдатты.
Жалбарынып жауынан
Сұрамапты жансауға.
Кір келтірмей арына
Кетіпті өліп қоршауда.
Осы бір сөз маңайды
Біздің үйге жинады.
Мақтады жұрт ағайды
Өлімге оны қимады.
— Бар еді ерлік пішіні...—
Жатыр солай ел айтып.
Енді жақын кісіні
Көре алам ба мен қайтып.
Бара алам ба басына,
Біткен күні бұл ұрыс.
Қарап құлпытасына,
Тұрармын ба тым-тырыс.
Жүрек шіркін жаралы
Жазылатын күн жоқтай,
Қанды қағаз қаралы —
Ыршып түскен бір шоқтай.
Басқа үйлерден ертерек,
Сөнді біздің шамымыз.
Басқалардан ертерек,
Батты мұңға жанымыз.
6
Жалыны өр заманның,
Жүзді оттай ой-қырда.
Жүгі екі-үш адамның
Түсті әркімнің мойнына.
Мен де еңбекке берілдім,
Елдің қамын сезіне.
Есейгендей көріндім
Жігіт боп жұрт көзіне.
Жүгіремін күнімен,
Суды тасып өзеннен.
Жібітем көл суымен
Еріндерді кезерген.
Боламын мал қасында,
Күзді күні күзекте,
Кейде қырман басында.
Тұрамын мен күзетте.
Тартты еңбек қырдағы
Көңілге боп сүйініш.
Бірақ оны ұрлады,
Тап болып бір күйініш.
Қалды жеңгей бір күні,
Үйге кеште оралмай.
Күткен одан кім мұны,
Ұйтқыды ой борандай.
Сумаңдаған бір сыбыс,
Шалынатын қулаққа.
Білмеген боп тым-тырыс,
Жүретінмін бірақ та.
Дауыл тұрып кеудеде
Биледі от денемді.
Естуші едім жеңгеңе
Есепші-үйір дегенді.
Алқымға ашу жармасты,
Соқты жүрек тарсылдап.
Көздерімді қан басты,
Тұла бойым қалшылдап.
Торлады бұлт көңілді,
Дөңбекшідім жата алмай.
Өз үйім бір көрінді,
Азынаған жапандай.
Жат боп кетті үй іші,
Өзімді-өзім ұмыттым.
Жеңгейдің бұл жүрісі,
Үзді жібін үміттің.
Ерте тұрып қырманға,
Тартып кеттім жүгіріп:
— Жеңгеңіз жоқ бұл маңда,
Кеткен кеше қыдырып.—
Дейді бұжыр, қайқы ерін,
Қара әйел өсекші.
— Ол кеткен жоқ жай тегін,
Қасында әлгі есепші.
ТүсініктІ, солай де...
Дірілдедім тұра алмай.
Көрінді сұм сол әйел,
Қара шұбар жыландай.
Кек ал,—
деді қызғаныш,
Деді,-
үміт тұра тұр.
Кетті суып мұздап іш,
Таптым ойлап бір ақыл.
Көңілім қап жеңгеме,
Қайғы кернеп жанымды.
Мойын бұрмай өңгеге,
Кеттім тастап ауылды.
Кейін көзден жас шықты,
Түсіп сол шақ есіме.
Жалындаған жастықты,
Жазғырғанмын несіне.
7
Жігерімді жасытып,
Салған ауыр зар-мұңға.
Көздерінен жас ытқып
Тұр жеңгейім алдымда.
Үнсіз «кешір» дегізіп,
Тұр көзінде бір жаңбыр,
Дейді опық жегізіп,
Алдап кетті сұм тағдыр.
Шешілді шер түйілген,
Жүрген мені алаң қып.
Ұсындым төр үйімнен,
Кешір деді адамдық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қордай қайқаңы

  • 0
  • 0

Аумайды ол түйеден,
Қоршауында қойтастар.
Басына бұлт түнеген,
Тұр тұнжырап ойлы асқар.

Толық

Ұлы жолда

  • 0
  • 0

Отан үшін өлімге
Белді байлап бас тігіп,
Жапанда жанын тапсырды
Жалындап жанып жас жігіт.

Толық

Сыр бойында күн жауын

  • 0
  • 0

Қып-қызыл оттан өрілген,.
Найзағайдың қамшысы.
Меруерттей саулап төгілген,
Жаңбырдың жеңіл тамшысы.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар