Өлең, жыр, ақындар

***

Тас талқанын шығарып өткенімнің,
Өмірімде айналып өксігіме,
Барлығы да өзгеріп кеткені ме?
Тиіп кетсе тобырдың сәл иығы,
Қанталатып кетеді ойларымды...
Тамып кетсе заманның бір тармағы,
Кірпігінен жырымның мұң тамады.
Шешіп бергім келеді шидемімді,
Жаурап тұрған үстіне жүректердің.
Сүймей қойдым білген соң күйгенімді,
Солатынын білдім де гүл екпедім.

Көлеңкемді түсіріп көңілдерге,
Бақытымның қия алмай бір тілімін.
Мың өлімін ескермей бір тірінің,
Көңіл айтып бармадым тал терекке.
Жапырақ қып жанымды ал керек пе?!

Ғасырымның зар мұңын
Көтере алмай тұрғандай көкірегім,
Өкіремін ішімнен өкіремін.
Терезеден жәутеңдеп таныс шырақ,
Таныс жанар қарайды қараңғыға...
Қайран апа білсең ғой жүрегімді,
Табаныңнан сүйер ем алыс бірақ...
Сорлы балаң ұшып ед арманына,
Ақ қауырсынын қондырып шаштарыңа.
Сағыныштың көзіңде толқыны ойнап,
Сонда да мен кетіп ем салқын ойлап,
Қандай дауа табармын арға мына...

Бақытымды сыйласам мұң боп шығад,
Шуағымды сыйласам түн боп шығад.
Өз ішімде өлтірген өзгелердің,
Аралап жүз қайтамын молаларын.
Төсім менің қабірге толып кетті,
Жанарымның шөл басып жағалауын.

Арман деген апажан ақ емес пе?
Біз ойлаған өмірді іздеп келем...
Кіршіксіздік жалғанда бар емес пе?
Бар емес пе тазалық?
Жоқтап соны кетіп ем аза ғып!

Бәрі тамаша сыртымда жап-жарық күн,
Ал ішімде өкініш түн түсіндей.
Өмір сүріп келемін не үшін мен?
Жүрмін-ау дым түсінбей...

Жүрегімнің жарасын таңып алып,
Арымды да өлтірмей,
Намысымды таптатпай,
Иманымды тұмар ғып тағып алып,
Қатігездік ешқандай зұлымдық та
кіре алмайтын,
Опасыздар жоспары жүре алмайтын,
Бөгелместен ойлардың құрсауына,
Қарамастан уақыттың тұсауына,
«ӨМІР» атты соғыстан ораламын,
Тып-тыныш құшағыңа...
Күт, апажан!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз