Өлең, жыр, ақындар

Серт

Жан - тәнім рахат табар шуақ мекен ,
Арманымның ауылы жырақта екен .
Жете алмай жолда қалар болсам егер ,
Тағдырдың жартасынан құлап кетем .

Құлап кетем , қайтара түргелместей ,
Түргелместей , мәңгүрт боп дым білместей .
Болмаса Қожа Ахметтей тәуекел деп ,
Қылуетке түсемін күн көрместей .

Жанымды қарығанда мұң мұз құсап ,
Көгіңнен ағып өтем жұлдыз құсап .
Бәлкім мені махаббат ұстап қалар ,
Жаным - ау деп ашқандай бір қыз құшақ.

Басыма орнағанда қашан қайғы ,
Үмітім аяғынан баса алмайды .
Қобызымды құшақтап Қорқыт болып ,
Менің болғым келеді Асан Қайғы .

Айға қарап арманмен тілдесермін ,
Астында жалғыз тұрып бір нөсердің .
Армансыз қос қанаты құрыш болған ,
Соқыр бүркіт секілді күн кешермін .

Ержетіп түскенімен асық қолдан ,
Әлі де ештеңем жоқ тасып толған .
Құдай құлы - Адаммын арманыма ,
Анамның құрсағында ғашық болған.

Арманым мәңгі өшпейтін өртім осы ,
Жете алмасам жазылмас дертім осы .
Түбінде жетіп барып жығылармын ,
Бауырлар , сертім осы .





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз