Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Кеңес

  • admin
  • 12.07.2018
  • 0
  • 0
  • 1218
Отырмын көп ішінде мен де тыңдап,
Көңілім қырға шауып, ойға құлдап,
Музыка Ұлы Отанның күйін тартып,
Шешендер жұрт жігерін жатты шыңдап.
Сайрандап жауды алған ел шебін бұзып,
Думандап тойдай тобын, дүкен қызып,
Картасын қара жердің қайта жасап,
Тарихтың жаңа бетін жатты сызып.
«Аға» деп бір өкіл кеп қолымды алды,
Көрмеген болсам дағы қорынбады;
Жайраңдап күлген көзбен, сынық сөзбен
Қасымнан отыруға орын алды.
− Бар еді бір кісінің аманаты,
Мінеки ол кісінің жазған хаты;
«Тапсыр, деп өз қолына» сәлем айтты,
«Едім, деп, жолдасының жамағаты».
Деп маған хат шығарды қалтасынан,
Өкілсіп өзімізге марқамсынған.
Оқыдым өкіл берген хатын ашып,
Екен деп әлдеқандай танысымнан:
«Аманбыз, өзің дағы жүрімсің сау,
Көп болды көрмегелі, қайыным - ау,
Колхоздың «Кеңес» деген мүшесімін,
Хабарды толығырақ. айтар, мынау.
Хат беріп қасындағы тұрған жігіт,
Жіберген біздер сайлап өкіл қылып,
Түсірсең, Есімді еске Қайрақтыдан,
Есіңе түсермін - ау, болсам ұмыт...
Деп қысқа хат жазыпты латындатып,
«Нұршай» деп қол қойыпты атын да айтып.
Ойыма түсіре алмай аң - таң болдым,
Хат жазған қай қатын деп қақылдатып?
Хатты қайта оқыдым,
Оқыдым да ойланып,
Аңтарылып отырдым...
Нұршай кім? Есім деп,
Есім деп таң қаламын...
Естен шықса келсін деп,
Ойлай - ойлай табылды ол,
Бір мезгілде түсті ойға:
Қараңғы түні қашқан жол
Қайрақты атты тау еді;
Ақ пен қызыл атысқан
Елдің іші жау еді...
Таң сарғая біліне
Қайрақтыға іліндік...
Қажыған ат сүріне
Тау қойнына тығылдық.
Түні тынбай жол жүре
Шаршап әбден жығылдық.
Елсіз жерден өтуге
Күн барында дәт қылмай,
Күн батқан соң кетуге
Атты байлап бадалға,
Ер - тоқымды жастанып,
Жаттық ұйықтап самалда.
Ғали деген байдағы
Есім дейтін жасынан
Жігіт еді жалдағы.
Ел «ақ», «қызыл» дескенде
Есімді ұстап жазды бай
«Алаш» деген әскерге;
Жоқ сүйеніш тиянақ,
Тарыққанда тапқаны,
Тек тынысы қызыл жақ.
Тәуекелге қол артып,
Мініп байдан екі атқа
Кеткен еді жол тартып
Жетсек - ау деп қызылға.
Таң атқанда тығылдық
Қайрақтының құзына.
Жаттықтауда бекініп,
Құлазиды қоңыр тау,
Тек шақырады кекілік.
Бұлар қашып кеткен соң,
Бірдей мініп екі атты;
Ызасы әбден өткен соң
Жігіт жиып жабдықтап,
Ғали мінген атына
Іздің бетін анықтап,
«Бәлем қолға түсер» деп,
Шылбыр тағып мойнына
Алып қайтпақ кісендеп.
Жортуылдап ой - қырға,
Он шақты атты кеп кірген
Қайрақтының қойнына.
Ұстармыз деп Есімді,
Осы құзда жатып деп,
Қарауылдап бекінді.
Күн еңкейді ұяға,
Атқа мініп үшеуміз,
Шыға келдік қияға.
Жар астында жау тұрып,
Иек артпа бір жерден
Қоя берді ұмтылып.
Не болғанды білмедік,
Таласып тау асуға
Бетті түзеп «шүу» дедік.
Жау жабылды қосылып,
Мылтық тарс - тұрс атылды,
Келе жатырмыз жосылып,
Қамшы сарт - сұрт ұрылды.
Оқ тиді, әлде сүрінді...
Есім аты жығылды.
Қалды Есімді жау басып,
Қайрылуға мұрша жоқ,
Бардық кетіп, тауды асып...
Ағарып таң атқанда
Қызыл бізді қарсы алды;
Аттанған қол ақтарға.
Қосылған соң қызылға
Отрядпен қайтқан ек
Қайрақтының құзына.
Болғанда күн сәскерек
Таптық Есім сүйегін;
Кеткен екен кескілеп.
Қынжылып жан ауыра,
Қойып кеттік Есімді
Қайрақтының тауына.
Міне мынау, сол Нұршай,
Есім түсті есіме;
Өтіпті - ау жыл бірталай.
Сонда Нұршай кім еді?
Бостандыққа талпынған
Күңіренген күң еді.
Есіл Есім ер еді;
Есіміне еңіреп,
Көз алдыма келеді
Қап - қара бір түн еді;
Қайрақтының ішінде
Қақсаған бір үн еді.
Білеудейін көзі боп,
Жауға алдырып жолдасын
Бір сорлы адам өзі боп,
Нұршай жылай береді
Қарғап - сілеп Ғалиді;
Түнде «сарт - сұрт» желеді.
Сөйтіп екі ай өтті,
Алма пісіп ағашта
Алатұғын күн жетті.
Нұршай дағы толғатты,
Тұяғы боп Есімнің
Төлеуіне ұл тапты.
Есім уайым емес деп,
Қуандық біз балаға:
Атын қойып «Кеңес» деп.
Шілдехана күзетіп,
Қош айтысып Нұршайға
Қалған едік кетісіп.
Аңсап қашқан еліне
Жетіп, Нұршай жайланған,
Өлмейтұғын жеріне.
Соныменен мен қайда
Жүрмедім, көп өтті күн,
Ақты талай су сайда.
Онан бері біздің ел
Нелер белес аспады,
Аз ба майдан біз білер?
Ол майданда жау жеңіп
Алашты да, ақты да
Жер түбіне жіберіп,
Болысты айдап, биді айдап,
Елде Кеңес құрғамыз;
Қатыннан да би сайлап.
Жуандардан жерді алдық,
Кәмпескелеп Ғалиді
Елден айдап шығардық.
Қайрақтының баурына,
Түрксібті жүргіздік
Есім өлген тауына.
Жоспарланған жолға сап,
Ойын, қырын даланың
Колхоз атты ел жасап
Жатқанымыз мінеки.
Өзгерді өмір осындай
Елу емес, он жылда,
Жаңаланды ел мұнша!
Тағы қайта оқыдым,
Жазған хатын Нұршайдың,
Ол күнді ойлап отырмын.
− Колхоздарың күйлі ме?
Деп сұраймын өкілден,
Еңбекке мол тиді ме?
− Колхозымыз жақсы ғой,
Машина бар, мектеп бар,
Жылқы, сиыр, ешкі, қой...
− Нұршай өзі тын ба әлі?
Хат жазғаны қуантты...
Сенің атың кім әлі?
− Шешем сізге жазған хат,
Есім ұлы Кеңеспін
Өздеріңіз қойған ат...
Дегенде мен қызардым,
Дүрсілдеді жүрегім...
Сасып қалған шығармын.
Тасып кетті көңілім,
Жая бердім құшақты,
Өзімді өзім білмедім.
− Келші бері, қарағым!
Сүйдім қысып Кеңесті,
Қайта - қайта ойладым.
Қарасам да тоймадым.
О күн менен бүгінді
Қайта - қайта қарадым,
Бірталай жыл өтіпті,
Ескі дүние тозғындап,
Жаңа дүние жетіпті;
Кеңес әбден өсіпті.
Өскендігі - ел сайлап,
Топқа барсын десіпті.
Отыр топта марқайып,
«Комбайнда жүрмін» деп,
Қалыпты аузым аңқайып.
Көрді әлі бұрын кәне кім мұндайды?
Марқамсып Кеңес ұлы жымыңдайды.
«Тапсырған топқа айтуға мәселем бар»,
Деп тағы топ алдында сөз сұрайды.
Туған ұл жаңа өмірдің жұлдызы боп,
Мұндай қып өзге жақта туғызу жоқ.
Өмірден таза туып, тәрбие алған
Кеңестің мұндай талай ұл, қызы көп.
Сайрандап жау жеңген ер шебін бұзып,
Думандап топтарымен тарих сызып.
Астында ұлы ұранның Кеңес аспан,
Па шіркін, біздің, өмір қандай қызық!

1933 жыл

Басқа да өлеңдері

Tалғамалар

  • 1
  • 0

Бірді жесең, майды же!
Аузында тұрсын жылтылдап.
Бірді мінсең, жүйрік мін!
Астында тұрсын жылпылдап.

Толық

Малта

  • 0
  • 0

Құлыншақтай қу шұнақ,
Құйрық-жалсыз, сұр шұнақ.
Балаға берді апасы
Сұрша малта, жұмыршақ.

Толық

Қосылыс

  • 1
  • 2

Қосылды міне екі жас, амандасты,
Қара көз, қас қағылып, хабарды ашты.
Майысып балдырғандай қыз толысып,
Жігітке берді ләззат таб алмасты.

Толық

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...