Өлең, жыр, ақындар

Жетісуым

  • 05.09.2018
  • 0
  • 1
  • 2766
Жетісуым, жерің таулы, далаң жаз,
Көлдерінде қиқулаған балаң қаз.
Көріктісі – ай, көкорайлы алқаптың,
Көрген сайын көңіл шалқып, болам мәз.
Бұлақ — саумал, жұтсаң шөлің бір қанар,
Кербез шындар сұлумын деп бұлданар.
Түр ғой сонда шопан шолып маңайын,
Күн қақтаған жүздерінен нұр жанар.
Көк орманға құстар қонса дүрлігіп,
Күн сәулесі жапырағында түр күліп.
Ақ көңіл ғой аңқылдаған бұл далам,
Ақынынан көрген емес сыр бүгіп.
Тұнық сырлар, жұтам сенің нәріңді,
Нұрландырып тұрсың сен де жанымды,
Сен бір сиқыр күйшімісің дарынды,
Аярмын ба мен де сенен барымды.
Қалды бұлттар тау басында қалжырап,
Қалды етекте бал құрақтар балбырап.
Келе жатты осы сәтте көңілге,
Тамылжыған, сорғалаған ән құлап.
* * *
Өтсе де күндер тауысып бар сабырын,
Күн кірпігі қадалып, талса бұрым.
Сен бе екен деп қаламын келе жатқан,
Жинап алып даланың барша гүлін.
Көктем сайын гүл кешіп дала белден,
Күндер таусып төзімін қала берген.
Жыршы құстар тұс-тұстан күй төккенде,
Сен бе екен деп қаламын ала келген.
Өткен күннің ызғары, бар аптабы,
Судырап жатыр артта парақтары.
Ол да сені іздей ме, асыл арман,
Қыран ұшты талғанша қанаттары.
Бұлттар да тынымы жоқ жөңкіледі,
Ол әлде маған бітпес жол тіледі.
Дариғай, сырлы, сазды бір сағыныш,
Кеудемнен құс боп ұшып серпіледі.



Пікірлер (1)

Мөлдір

Өте керемет

Пікір қалдырыңыз

Сенің саусағың

  • 0
  • 0

Өңімнен қаным қашып, сұлық түсіп,
Ащы ойлар жүрегімді тіліп түсіп.
Жатқан жерден, апашым, өмір бердің,
Жатырмын тірлікті енді күліп, құшып.

Толық

Ауладағы гүлге қарап

  • 0
  • 1

Су берші гүлге,
Қызым,
Шөлдеді ғой,
Шел буса нәзіктіктің өлгені ғой,

Толық

Өзендердің — домбыра

  • 0
  • 0

Аяулы ел бұл далаға гүл өсірген,
Гүлжамалдай мақташы қыз өсірген.
Қайсар ел бұл қашан да қиындықпен,
Беті қайтып көрмеген күресуден.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар