Өлең, жыр, ақындар

Ояну

Ояну.

Ойымның батып батпан қиялына,
Қиялымның шығып шырқау қиянына.
Толқытып тыным бермей елестерім,
Есік қағып кеп тұрушы еді жиі алдыма.

Маужырап маржан көзді ұйқы басып,
Арманым ой-қырларға ала қашып,
Тәтті түс тамсандырып балдай тәтті,
Қалғып өмір өте берді алшаң басып.

Тұлпар болғым келген еді алтын тұяқ,
Аламанды дүбірлеткен топтан жырақ.
Сұңқар болғым келген еді күміс қанат,
Елден биік ұшуы қатты ұнап,

Тауда болғым келген еді асқар биік
Заңғар басын ала бұлттар тұрған сүйіп.
Теңіз болғым келген еді түпсіз терең,
Өз әлемін құшағына алған жиып.

Жұлдыз болғым келген еді жымыңдаған,
Жарқырыған ажары түнді ұрлаған.
Гаухар болғым келген еді арулардың,
Құлағында сырға болып сыңғырлаған.

Санамдағы сарқырыған селден бекен,
Өмір сүрдім бұлдыр оймен елден бөтен.
Сырт келбетім мінсіздей боп көрінгенімен,
Кемшілікпен жаралған пенде екем.

Әмір Әлім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз