Өлең, жыр, ақындар

Жеті минуттық жол

  • 10.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1636
(немесе Президенттің Ант беру сәтін көргендегі көңіл тасқыны)

Президентім Нұрсұлтан,
Өрбиді бір сыр бір сырдан.
Қазаққа келген Бақ болып,
Айтуға мұны қымсынбан.
Тапқан жөн сөзді жүйелі,
Бар халқы оны сүйеді.
Сайланған мерзім жеті жыл,
Жеті саны киелі.
Өмірді әділ сүрген жөн,
Дәстүрді – ғұрып білген жөн.
Ант берерде адымдап,
Жеті минуттық жүрген жол.
Жолы болсын қазақтың,
Жеті ғасырлық ғажап бұл.
Артта қалсын бәрі де,
Азап пенен мазақтың.
Уағыздайды елдікті ой,
Үйді ұстар белдеу, белдік қой.
Барыс болып көрелік,
Көк бөрі болып көрдік қой.
Өзі төгіп жақсы асын,
Өзі тонап бақшасын.
Қуғындайды ақынын,
Жамандайды патшасын.
Еркегі сайқал тозған ел,
Әйелі байтал азған ел.
Пақырын хан ғып көтерер,
Өзіне көрін қазған ел.
Қасірет бар ма одан көп,
Қарамас ешкім адам деп.
Бөлшектеніп ек, бөрі жеп,
Орысқа кеттік бодан боп.
Әдет-ғұрып, салты-нұр,
Алқа ғып тағып алтынын.
Дәуірлеген де кез бар Ел – қазақ,
Екі жүз жетпіс алты жыл.
Ұлтымның асқақ әні көп,
Кербездік сымбат сәні көп.
Ұйытқан ел ғып сонау жыл,
Сұлтандар Керей – Жәнібек.
Қасқа жолды Қасым боп,
Ескі жолды Есім боп.
Тәуекел мен Хақназар,
Шығарған дана шешім көп.
Тілегі болып қабыл-ай,
Көтерген талай дабыл-ай.
Жеті жарғылы Әз Тәуке,
Әбілқайыр, Абылай.
Ағайын бұған құлақ сал,
Арнама сыйман бір ақсам.
Солардан қалған арман мен,
Солардан қалған мұрат бар.
Асқар-асқар талабым,
Мөлдірден ішсем қанамын.
Туғандай қайта түледім,
Жеті жаста ғанамын.
Ынтымағы жарасқан,
Елдердің дәйім бағы асқан.
Жердің де асты жеті қат,
Жеті қабат көк аспан.
Саз қосар дәуір сазына,
Шертілер небір базына.
Тектілік сыры – жеті ата,
Халқымда – жеті қазына.
Кімде жоқ намыс көкірек,
Болсын деп елге бір тірек.
Туған үйі жұртына,
Аунатар ұлды жеті рет.
Жігіттің болсын ісі адал,
Шектесін қайғы құсадан.
Сау болсын ләйім оқыстан,
Адамда жеті мүше бар.
Сақта деп тозақ отынан,
Кейінгі ұрпақ атынан.
Аруақтар үшін иіс қып,
Пісірер анаң жеті нан.
Өмірді әділ сүрген жөн,
Дәстүрді – ғұрып білген жөн.
Ант берерде адымдап,
Жеті минуттік жүрген жол.
Жолы болсын Қазақтың
Жеті ғасырлық ғажап бұл.
Артта қалсын бәрі де,
Азап пенен мазақтың.
Зұлматтан небір өтіп ек,
Буындар қатып бекіп ек.
Әлемге бізді паш етіп,
Атылды салют жеті рет.
Шалқымай көңіл тұра ма,
Тулайды жүрек сірә да.
Жиырма бірінші ғасыр тұр,
Баста алға бізді, Нұр-Аға!!!

1998 жыл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Іздеймін неге...

  • 0
  • 0

«Келініңді түсіруге әзірлен,
Үйленемін»,-дей алмаймын қазір мен.
Қандай жақсы,қандай жақсы бойдақтық,
Көрген қызды қағытатын әзілмен.

Толық

Қиялымды қиырларға самғатып

  • 0
  • 0

Қиялымды қиырларға самғатып,
Ой-толқынға сан шығамын, сан батып.
Менің үшін томсарғаның қайғым да,
Менің үшін күлгеніңде бар бақыт.

Толық

Ерлік жалғасады

  • 0
  • 0

Дос-жарандар
Сүйсінерлік,
Білерлік,
Ұят екен жасамаған бір ерлік.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер