Өлең, жыр, ақындар

Өткеннен

  • 19.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1335
Қойшы деп сөз бастасам кеңескелі,
Көремін алыстағы белестерді.
Керемін қисық таяқ күйкі шалмен
Сағымда сарғылт тартқан елестерді.
Көп болды сол белесте жел ескелі,
Жарысып желмен бірге мен өскелі.
Қалушы ем қарттар сөзін аңғара алмай,
Өмірі үлкендердің көмескі еді.
Ішінен егделердің сол көмескі
Ойлансам бір қария түседі еске.
Кім еді, әкем бе еді, атам ба еді,
Ап-анық көз алдымда тұр емес пе?
Табаны тілім-тілім, ерні жалақ,
Талшығы торсығына құйған шалап,
Ізі жоқ, кең дүниеден іздері жоқ,
Жанының жәрмеңкесі кеткен тарап.
Керткені таяғына қой есебі,
Жалықса жалғыз өзі кеңеседі,
Қалады кең дүниеге кіргендей боп
Ақырса астындағы көк есегі.
Серігі селт еткізер Бөрбасары,
Cap жүні тарғыл тартқан о да кәрі
Жантайса қойшы құмға, жатады иті
Жастағы арсалаңға жетпейді әлі.
Қарт қарап отыр оның бейнесіне,
Тілі жоқ жан досының сөйлесуге.
Итінің ол күндері, өр күндері
Кенеттен сонда шалдың келді есіне.
Бір сурет түсті есіне ақпандағы,
Қыстауда қойға қасқыр шапқандағы,
Айқайлап айтақ сала ұмтылғанда
Иті де бірге ұмтылды, жасқанбады.
Шыдамай ащы айқайға жақындағы
Шоқаңдап қалың қойдан шықты тағы.
Салаңдап ойдан өрге жөней берді
Қымсынбай кісіден де артындағы.
Қуа алмай жаяу күйде қойшы қалды,
Ұзатып көзіменен тұр көк жалды.
Сол кезде көлденеңнен қосылды да
Сарқұмай сарнай безіп кете барды.
Асырмай азулыны қырдан әрі,
Жау жүрек, жел аяқты жетті сары,
Бөктерде бөріменен қалды айқасып,
Жұмбақ боп немен тынып, не болары.
Сол сары жеңіп қайтқан осы еді ғой,
Қыспақта жан қиысар дос еді ғой.
Итінен көзін алмай отыр қойшы,
Сан қилы сарайына түседі ой.
– Сен өлсең, мен көрермін, мен жылармын,
Жоқтармын жақынымды, қынжылармын.
Мен өлсем қу далада кім көмеді,
Қойнында қалар ма екем бір жыраның?..
Десе шал, итте ақырын ашып көзін,
Қыңсылап қостайтұғын шалдың сөзін,
Сорғалап жүндес бетін жуатын жас
Жоқтай қап желігі мол жас мінезін.
Қойшы деп сөз бастасам кеңескелі,
Кетеді кезіп көңілім белестерді.
Көремін көзім қорқар суреттерді,
Апырым-ау, кешегідей емес пе еді...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қара теңізге

  • 0
  • 0

Теңіз, теңіз, Қара теңіз!
Туғандайсың көкпен егіз.
Өзгерілмес өз күйінде
Жатырсың бір жарты дүние,

Толық

Айтыңдаршы, арманым не

  • 0
  • 0

− Ей, жолдастар,
Замандастар!
Ата-аналар,
Балғын жастар!

Толық

Бір ініге

  • 0
  • 1

Кеңесім ғой ағалық,
Болмашыға мастанба.
Емес елге жаңалық
Жеткізбеуің қашқанда.

Толық

Қарап көріңіз