Өлең, жыр, ақындар

Достарға

  • 22.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1970
Ассалаумағалайкум азиялық – достарым африкалық достарым!
Өздеріңсің алыстан аңсап тосқаным.
Алдарыңда аппақ басымды иемін,
Әр біріңді баурыма басып сүйемін!
Есігім ашық,төрімде көрпе салулы,
Өздерің үшін бар жылу, барлық жарығым,
Қабыл етіңдер – қарт қазақтардың мейірімін,
Қабыл етіңдер – жас қазақтардың жалынын.
Секілді мына жалаңаш ашық аспаным,
Жүрегімде де бұлтсыз ашып тастадым,
Мына жұлдыздар да – менің жұлдыздарым, достарым,
Жолдарыңа шашу қып осы шашқаным.
Ақ дастарханым - ақ ниетімдей жаюлы,
Келіңдер, достар, алыңдар дәмнен тартылған,
Елімде барды сыйлауға түгел әзірмін,
Не қалайсыңдар? Қанеки, бәрін айтыңдар!
Мінеки - дариям, мінеки мөлдір бұлағым,
Іше ғой, қане қанғанша мейірің, шырағым,
Мінемін десең атым да тұр әне ерттеулі
Ылдидан шапса өрге озған менің пырағым.
Үйіме менің кіре бер еркін өзімдей,
Ең жақыныңа еркелеп кірер кезіңдей.
Қазақтың шайын құйып береді жеңешең
Қайырымнан өзге көзінен түк те сезілмей.
Домбырам мынау серігім, кәрі сырласым,
Осыдан алам қашанда, досым, жыр басын.
Кәнеки ұста, қаттырақ қақшы іркілмей
Өжет әндерге жіберейікші бір басып!
Біздің дауыстан ұйықтаған жел де оянсын,
Айналсыншы бір айқайын салған боранға,
Таулардың тасын домалатсыншы қаңбақтай,
Қос қанат берсін қимылсыз қалған адамға.
Шығайық тағы биікке оттар көтеріп,
Күнге де біздер жырменен көмек берейік.
Жылыту үшін жаурағандарды, достарым
Күн кіре алмайтын құлзымдарға да енейік!
Қараңғы - қара қуыстар іші жарқырап,
Біз жаққан оттың жалындарымен жылынсын
Біз айтқан әннен ашылып керең құлақтар,
Қап-қара туы қараңғылықтың жығылсын!
О, меймандарым, сырлары, жырлары ортақ достарым,
Өздеріңсің алыстан күтіп тосқаным.
Міне домбырам, байқайықшы енді қосылып,
Бақытқа жұртты бастайтындардың дастанын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дәужан ойлары

  • 0
  • 0

− Біздің Жәмен пысық қой,
Біздің Жәмен шебер - ау,
Жамағаны жаңадай,
Мұнысы да өнер - ау!

Толық

Халық жырлайды

  • 0
  • 0

Байлар бізді тақаса тобамызға,
Ленин келіп шам жақты санамызға.
Қып-қызыл ту көтердің күн астында
Ағымыз да, сарымыз да, қарамыз да.

Толық

Мұхамеджан Қаратаев

  • 0
  • 0

Тағдыр тәлкек етсе де сындырам деп,
Тақымыңа саламын қыл бұрау деп,
Сынбай қайтқан сабаздың біреуі осы,
Міндетімді өтеймін, тындырам деп.

Толық

Қарап көріңіз