Өлең, жыр, ақындар

Зейінмен әңгіме

  • 09.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1182
Мен:
— Тілеуші ем Саулығыңды, тірлігіңді,
Балаушы ем Бір ғасырға бір күніңді
Тым ерте
Жоқ боп Зейін, қайда кеттің?
Сағынтып:
«Дәке» деген «іні үніңді».
Зейін:
— Қаратпай
«Қош!» деуге де ажал құрық,
Жолынан
Арманымның алды жұлып,
Талайдың
Ажалына ара түскен
Зейініңнің
Өзін жұтты алдап ұрып.
Мен сізге бара алмаймын,
Сіз келмеңіз.
Тілейміз соны
Барлық көрдегіміз—
Бергеннен
Көп қой әлі береріңіз.
Ағатай,
Тілеймін: «Бұл жаққа» түк асықпаңыз,
Саулықты
Тек тірлікті машықтаңыз.
Жалғанның
Жарығында шалқып жүріп,
Көңілді
Бұ жақты ойлап жасытпаңыз!
Бәрі тұр
Тірліктегі көз алдымда,
Жүргенде
Репрессия тозағында
Топырақ
Бұйырса деп туған жерден,
«Аһ!» ұрып,
Армандамай төзе алдым ба?
Жазықсыз
Мені «айдаған» — «он сегіз жыл»
Көрінсе
Шайнап-шайнап тастар ем бір.
Тозаққа айдап келіп соны салса,
Рақмет айтар едім
Бір мың бір жыл.
Репрессия тозағында
Болғандарды,
Тірідей аруақ боп
Солғандарды
Тозаққа
Екінші рет салмайды екен, -
Бейіштемін, —
Қоршаулы қорғандағы.
Аты екен «Бейіш» деген,
Қамал екен,
Тіріні
Арбайтын тек амал екен.
Көзіңе
Көрінетін бір тірлік жоқ,
Жаныңды
Тәнсіз әкеп қамар екен.
Аспан жоқ,
Ай жоқ, күн жоқ - қараңғылық,
Аңда жоқ
Әлдеқайда жатқан ұлып;
Елі жоқ,
Ертісі жоқ, таулары жоқ, —
Самсаған
Көк шындары катар тұрып.
Жалықтым
Әм зарықтым әбден мұнда,
Дәриға-ай,
Желпінер ме ем шығып қырға?!
«Бір күнгі тірлік артық» —
Рас екен,
Мұндағы
Бейіштінің мың жылына.
Діндарлар
Мақтайтұғын хор қыздары,
Бәрі тілсіз — Шетінен
«Үн сызбайды».
Түр жоқ,
Түс жоқ ілбиген бірдемелер,
Сыңқылы, әзілі жоқ
Үнсіз қайғы.
Мінекей,оңбай жатыр бұл жағы да,
«Арта туған
Бала едің ел бағына» -
Дегізерлік
Сәулешім Мәркешімнің
Алмас ем
Мың хор қызын тырнағына.
Кеп қапты
Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдер де,
Сәлем беріп
Жүремін көрінгенде,
Мұнда «келген»
Жазушы, ақын біткен
Бәрі адал жандар ғой
Бейішке енді.
Бірақ әлгі ішкіштер
Бір кешкіде,
Бейіште
Арақ жоғын естіді де,
«Тозағыңа жібер!» — деп
Әлек салды,
Тозақ
Арақ берер деп, — әр бес күнде.
Ала кеп
Әзілімді бұ жаққа да,
Әзілдеп
Жатқаным ғой жанап қана.
Бұл ғасырда
Сөйлесе бере алмаспын,
Рұқсат қатал
Біз түгіл арабқа да.
Мен:
— Бейіш бола тұрғансын
Онысы не?
Мың жылдық,
Миллион жылдық қонысы кең
Уақытқа
Сараңдық ете ме екен...
Сөйлесіп көр,
«Онысы», «мұнысымен».
Зейін:
— Жоқ! Жоқ, Дәке,
Ондайды аузына алма,
Ол құқық жоқ—
Бейіште кіріптарға.
Онан да айтыңызшы:
Жасқа толмай
Жетім қалған қарғашым
Гүлжан бар ма?!
Мен:
— Гүлжаның
Өсті, ержетті өз төрінде,
Университет бітіріп,
Ертеңінде Лекция оқып,
Өзіндей ұстаз боп жүр,
Қосылар да күн жақын
Өз теңіне.
Ашқанда
Көкшетауда музейіңді.
Гүлжаның
Сөз сөйледі, жұрт егілді:
Халықтың
Ризалық құрметінен
Гүлжаның жүрегіне
Нұр төгілді.
Зейін:
— Қайсы бірін сұрайын
Шығармамның, «Дарханды»
Екінші рет шығармағын
Білсем де...
Үлгере алмай кеттім ғой мен,
Оқып берші
Кейінгі шығарғанын!
Мен:
— Үш қарғаң,
Сүйген жарың,
Көркем сезің,
Өміріңнің жалғасы —
Кешегі өзің!
Зейін:
— Рақмет,
Халқыма да, қарғашыма!
Рақмет,
«Сырқат сарай» —
Бар машина!
Мен:
Алтында...
Деген сонда дауысымды,
Төсегім
Неге сонда ауырсынды?
Сықыр етті,
Оянып кеттім кенет.
Сонымен
Әңгімеміз тауысылды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әкімжан Төкеновке

  • 0
  • 0

Әкімжан, бауырым, жүрегім,
Ұзатып тұрмыз мәңгіге.
Өлімге қияр сені кім?!
Отырған сайрап әлгінде.

Толық

Өздеріңе бердім сөз

  • 0
  • 0

Толғадым заман жайын,
Елдің жайын.
Сарыарқа өңіріне
Өмір жайып,

Толық

Әбу Сәрсенбаев

  • 0
  • 0

Екі шал «ата» депті бірі-бірін,
Біздер де соған ұқсас болдық бүгін.
Ағарттық сақал-шашты заулап жүріп,
Өрімдеп ернектеумен өмір сырын.

Толық

Қарап көріңіз