Өлең, жыр, ақындар

Жамбылдың түсі

  • 10.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2069
Сен барсаң, Жәкең кейде құрыстайтын,
Ондайда келмедің деп ұрыспайтын.
«Қонақтар асығыс»! — деп, шай қамдатып,
«Жолыңнан қалмағанды» дұрыстайтын.
Бір жылы жаз жайлауы — төске бардым.
Жәкеңе сәлем бере түсте бардым.
Бұл жолы көңілі бір көл-дария,
Жолы сол қозы жейтін қонақтардың.
Себебін кейіп білсек, түс көріпті,
Түсінде таңғажайып іс көріпті.
Ақынның өз аузымен айтуынша,
Көрген түс бір ғаламат күш беріпті.
Ж а м б ы л:
Түсімде күн қоныпты жерге дейді,
Жалыны жап шыдатпай елге дейді.
Жиналып жер жүзінің адамдары
Күнді қолмен ұстауға келген дейді.
Ұқпаған жан-жануар шуылдап жүр,
Аспанда құс қанаты суылдап жүр.
Шыдамай күн лебіне,
жан сауғалап,
Айдаһар көл - теңізден су ұрлап жүр.
Халық жүр ұстаймыз деп
Күнді айналып,
Құжынап құмырсқадай айқай салып,
Үйіме жапқан үзік қап-қара еді,
Жүгірдім сол үзікті жұлып алып.
Құшақтап үзігімді мен де айқайлап,
Қалың жұрт маған қарап тұрды абайлап.
Бас салдым бардым - дағы жалын күнді,
Ақырып бар дауысыммен Қарасайлап.
Ұстаған ұлы күнді үзікпенен,
Бола ма бұдан артың қызық деген!?
Жүгірдім үйге қарай көтеріп ап,
Балқыды қорғасындай қызып денем.
Таңырқап тұрған халық ерлігіме,
Бастады өз үйіме енді кіре!..
Төріме күнді әкеліп орнатып ем,
Ай қонды жайып қойған терлігіме.
Сондықтан күнге талас кеше кеште
Құдайы ажал жетті ақ серкешке.
Ет жеген шал-кемпірлер айта кетті,
«Жақсылық бар екен деп ерте, кеш пе».
Біз айттық ақындық деп сүтпен біткен,
Әншейін түс емес деп өткен-кеткен,
Бар дедік ғылымда да түске кірмек —
Арманың, аңсағаның көптен күткен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұлбұл мен көкек

  • 0
  • 0

Саяда бұлбұл тұрса сайрап әнге,
Ұйытып жан-жануар күллі әлемге,
«Көк - көк» деп таста отырған тау көкегі,
Мақтанды ұялмастан жалғыз әнге.

Толық

Кенебай мен Кербез сұлу

  • 0
  • 0

Ырғайты, Ақтерек пен Жаманты сай,
Бар екен Аламандай бір үлкен бай.
Баласы Бошқұл, Керім үшеу туған,
Кішісі ақын, сері, сал Кенебай.

Толық

Жамбыл-жыр

  • 0
  • 0

Жамбылды Жамбыл десем, кім білмейді,
Өлеңнің ордасына кім кірмейді.
Елу жыл ертіп жүрген ардақты ата,
Домбыраң құлағымда күмбірлейді.

Толық

Қарап көріңіз