Өлең, жыр, ақындар

Өнер өткелдері

  • 18.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2804
Атаның, әуелінде, белінде еттің,
Екінші, ана қарны теңінде еттің.
Тоғыз ай, тоғыз сағат, тоғыз күнде
Қадірлеп құдіретіңмен шегіндеттің.
Бұрыннан қамқоршылық қылып бізге
Ананы, ақ сүт беріп, желінді еттің.
Тудырып сау-саламат, талпындырып,
Емшекті іңгәлатып тебіндеттің.
Алты айда от басына отырғызып,
Жан-жаққа күл шаштырып, төгінді еттің.
Жүргізіп, жыл толған соң, апыл-тапыл,
Бойымды бұрынғыдан жеңілдеттің.
Сөйлетіп екі жаста оны - мұны
Тірліктің, тілім, түрлі кебінде еттің.
Жеткенше жеті жасқа жазы-қысы
Қойны мен ата-ананың жеңінде еттің.
Секіртіп, сегіз жасқа келгеннен соң
Айтақыр, ойнамақтың жерінде еттің.
Асқан соң оннан бері, ақыл беріп,
Дүниенің айласы мен ебінде еттің.
Жиырмаға жеткеннен соң, желіктіріп,
Қатар мен қыз-қырқынның шенінде еттің.
Затыңды — бір білдіріп, достыңды — шын,
Өзімді Әһлі Исламның елінде еттің.
Отызда өз алдыма от жақтырып,
Кейпімді жұрт көруге келімді еттің.
Ұл-қызға көп ұзамай ата қылып,
Қой, түйе, сиыр, жылқы желімде еттің.
Бойыма ақындықты үйір қылып,
Атымды алты алашқа мәлімді еттің.
Басыма бақыт құсын баяндатып,
Алашқа айтқан сөзімді сенімді еттің.
Тоқталмай топ ішінде жыр толғауға,
Ой көзін өз теңімнен өнімді еттің.
Мың шүкір, осы еткен мәртебеңе,
Енді тап ойнақшыған емін дерттің!
Өйтпесең, О Тәбәрәк өз пазылыңмен,
Бәрі де өтелген жоқ не міндеттің.
Қақар айлап құлдарыңның бағзысына,
Тамұқта құрт, құзғынға телімді еттің.
Айыбын анау айлап бағзысының,
Ұжмақтың өлгеннен соң төрінде еттің.
Еркің бар не етсең де, өзің біл, Хақ,
Мүкміңе рахмәтіңді толымды еттің.
"Үмітсіз рахмәтімнен болма" деген,
Аятың Әһлісламның қолында еттің.
Қалдырсаң құдіретіңе қиын емес,
Қураған қамысты да жолында өрттің.
Күшіңнің артықтығы айдан анық,
Ізіне жұмла жанның өлімді ерттің.
Байқайтын болса бектер сөздің парқын,
Демеймін: "Құр далаға терім кеттің!"

1912



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тайманға

  • 0
  • 0

Сәлем хат жанабыңа жаздым, Тайман,
Еппенен екі болмайды еткен пайман.
Талабың ойындағы оңғарылып,
Сұлуға қосқайсың бас нағыз Айман.

Толық

Өтірік хикаясы

  • 0
  • 0

Шынкөйдің шырайы артықшамнан-дағы,
Жүзі кір жалғаншының шаңнан дағы.
Ту ұстап туралардың топ бастауы,
Ататын анық бектер таңнан-дағы.

Толық

Шырын тіл, шырайлы жүз болсаң кішік

  • 0
  • 0

Шырын тіл, шырайлы жүз, болсаң кішік,
Құрметтер қатар, құрбың аттан түсіп.
Көрікті көп көзіне көрінерсің,
Дарақтай миуалы тұрған пісіп.

Толық

Қарап көріңіз