Өлең, жыр, ақындар

Түрмеде айтқаны

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1332
Ұйтқыма, ойым, енді олай, былай,
Арылар сабыр қылсаң, бастан лай.
"Кейіні кеніш — реніштің" болатұғын,
Тітіреп тұрса-дағы жұртың жылай.
Шаттықтың шыдасаңдар атар таңы,
Болады деп жабықпаңдар жаман сылай.
Сабыр етіп шыдау бұған өте керек,
Адамға әділдікке қойған қолай.
* * *
Қырығын қарық қалған соң, келсе елу,
Елеуреп, ұнамайды ойды бөлу.
Мәпелеп, баққаныңмен өзіңді-өзің,
Қалпыңа киын сауда — қайтып келу!
Ойланып ой көзімен қарағанда,
Елудің алтауын да тұр-ау өлу.
Көзден нұр, кеудеден күш кеміген соң,
Қайткенмен келмес қолдан жортып, желу.
* * *
Жомарт бар білмейтұғын барды, жоқты,
Ерлер бар ескермейтін атқан оқты.
Су сұрап іше алмайтын сүмерлер бар,
Сатпақты саусақтары, мұрны боқты.
Сабырсыз саннан да көп шамаласақ,
Шыдамай басатұғын көз бен шоқты.
Кең ойлы кемеңгерлер кем көрінеді,
Сияқты салқын сабат бір кең қоқты.
Артында азаматтың аты қалсын,
Болса да тірілікте ашты, тоқты.
"Аты жоқ, заты жоқтың", аңлауымда,
Бұл сөзім, байқаңдаршы, қалай соқты.
* * *
Сабырдың түбі — сары алтын,
Шыдаған жеткен мұратқа.
Бұл — өткендердің мақалы,
Жаттарында тұрады та.
Бейнет пен егіз рахат,
Кезекпен басқа туады да.
Қайсысы қонса бағыңа,
Қайғырмай қарсы ал, қуатта!
* * *
Бұл күнде бейнет — жолдасың
Болып тұр деп күйінбе!
Уақытша ол — қонақ,
Қалпымен тұрмас күйінде.
Қосылатын күн туар,
Туысқан, думан, үйірге.
Шат болар қатын, балдарың,
Басынды қоссаң үйіңде.
Шаттыққа мұндай кездессең,
Қайғыдан қалмас түйін де.
Қайғының арты — қуаныш,
Қапастың арты — бостандық.
Бейнеттің арты — рахат,
Шыдаңдар соған сүйін де!
* * *
Көбейіп бара жатыр тамашалар,
Біреуге біреу бәле таңа салар.
" Айтқаны әрқалайда анық қой",- деп,
Асаудай ұстап, матап таңа салар.
Ісінің ақ, қарасы ашылғанша,
Қамауда қанша уақыт қала салар.
"Жүрме, - деп, — серуендеп сен де сыртта",
Өзін де үйге әкеліп, жана салар.
Ойлаған оқ боп тиіп қиянаты,
Етіне ойсыратып жара салар.
"К...нді қисаңдамай, қысып жүр", - деп,
Кеуліне көптің кеңес — сана салар.
Қалғанмен қалың өрттің ортасында,
Су сеуіп, сені адамдар арашалар.
Онан да өзінді-өзің қыздай бағып,
Болма ақымақ әр нәрсеге бара салар.

Шымкент, 1938
* * *
Жоқ еді пол жууға, жүдә, ебім,
Жұмысқа болмағансын бұрын жегін.
Отырмын оның үшін өтінуге,
Көрген соң әр ауданның өңшең бегін.
"Болса олай қиналмай-ақ қоя ғой", - деп,
Қылсаңдар қошеметті менен көбің.
Мақтанып мәз-мейрам боп қалар едім,
Бергендей белді бедеу сыйлап тегін.
Баянды бастарыңа бақыт қонып,
Болыңдар ұшан теңіз, ұзақ шенің.
Болынып бостаншылық, босаныңдар,
Ұмыт боп ойларыңнан өткен не күн.
Ашылар әлі-ақ, есік бостандықтан,
Күлімдеп, көсеміміз көтерсе иегін.
Қайткенмен кедей көңілін көркейтті ғой,
Капитал елдерінен алып кегін.
Қалайда халықтың қарап жағдайына,
Есіркеп етер ақыр ағын - төгін.
"Жаса!" деп ұзағынан отырармыз,
Шаттықтың шайын ішіп, шайнап сөгін.
Торт, бес ай түрме үйінде отырғанға,
"Қайда, - деп, - қамықпаңдар бізге ол күн?"
Аузынан әрбір сөзі оның шыққан,
Жайнатар жаз жауыны жердің көгін.

Шымкент, 1938
* * *
Епсіз ем ете алмайтын істі онды,
Елудің алтауына жас та толды.
Шалдық пен шалағайлық қосылған соң,
Дұрыстап бере алмаспын жуып полды.
Ортаңа онан - дағы отырғызып,
Алыңдар алғысымды онды-солды.
Болыңдар бақытқа бай, білімге ие,
Десеңдер бұл айтқаным "болды, болды".
Көріңдер сау-саламат сәуіклі жар,
Ұл мен қыз — өздеріңнен өнген төлді.
Шат болып, шамадан тыс шалықтаңдар,
Аққудай қоныстаған айдын көлді.
Тапқандай қайнар бұлақ қуаныңдар,
Кезеріп келе жатып, кезіп шөлді.
Етіңдер ертеңгі күн ел жұртты аң-таң,
Келгендей өгіз мініп деген өлді.
Өзгеге үйрететін түрлерің бар,
Ұнамды үлгі-өнеге, жоба - жолды.
Сөз жазып сол себепті былайынша,
Анықтап аяғына қойдым қолды.
Осындай уайымға ұшыраспай,
Адамзат аңғармайды тарды, молды.
"Кейіні кеніш — реніштің" болар, бірақ,
Табиғат тарқатпаса тәннен сөлді.
* * *
Құмалақ, қорқытады, дұрыс түспей,
Ұйқыда ой түршігер керген түстей.
Қойындар онда - дағы "ол-пұл" сөзді,
Үрлеген мес сияқты кеуіп, іспей.
Күңіреніп қайткенменен кете алмас көп,
Қымызын қуаныштың қанып ішпей.
Үкімет қылар - ау деп қауіп қылма,
Киімін кеңшіліктің бізге пішпей.
Жемісі жақсылықтың тұрған шығар,
Тамылжып, тамыз түсіп, тегіс піспей.
Ашылар алақ есік бостандықтан,
Өкініп, отырғанмен бармақ тістей.
Көсемнің Сталиндей арқасында,
Баратқан болар мирас өрлеп, өспей.
Жасасын ұзағынан осындайша,
Кедейдің көзін ашты күштей, күштей,
Қадірін қалайда да біліп енді,
Бұйрығын бітірейік тынбай істей!

1938 ж. Шымкент
* * *
Дос емес, бірін-бірі мақтамаса,
Ойына айтқан сөзін сақтамаса!
Бүгін тату болса да, ертең араз,
Достығы кейбіреудің тап-тамаша!
Емеспін ойлағанда оның қолы,
Себебім "Сыртым мықты, миым толы",
Жолдастар, маған бірақ білдіріңдер.
"Мынау, - деп, - жұмысыңның жоба - жолы
Қан тұмсық қасқырларды қатырамын,
Қарасын қара жерге батырамын.
Алдымнан айқыш-ұйқыш ор келсе де,
Одақтап, ор текедей атыламын.
Ойлайтын жұрт жағдайын жолдастарға,
Бір емес неше жола "сатыламын".
Көсемнің Лениндей арқасында,
Демеймін енді өсекке шатыламын.
Үстіне ұлы шыңның шығып алып,
Ұранын Октябрьдің шақырамын!
* * *
Болыңдар сау-саламат, екі қалқам,
Сияқты ең бірің — кенже, бірің - марқам.
Бағуға бағлан қылып, күн тигізбей,
Жүруші ем жайып құшақ, болып қалқан.
Басында болғаннан соң тағдыр бұлай,
Тар тұсау тартса үзілмес, тағылды арқан.
Сонда да көремін деп үмітім бар,
Татар тұз, таусылмаса, жейтін талқан.
Үстіме ортекедей ойнарсыңдар,
Есіркеп, егер Кеңес етсе дарқан.
"Жағдайы соған дейін не болады" деп,
Ақылдың арнасының суын сарқам.
Бәйбішем, тайларыңды таза асырап,
Де де тұр ертелі-кеш: "Шүкір, алқам!".

Шымкент, 1938
* * *
Күңіренген көз жасын көр көптің, Алла,
Босатып бәрін де ет, бағулы арда.
Өзіңді ойға алатын көрінеді,
"Осындай ой табады, - деп, - уақыттарда!"
Ойлаймын ойың үшін ортақ қой деп,
Атына Әлһісламның осылар да.
Айыптар әркімдер де болатын еді,
Бақ құсы бастарынан аумасарда.
Білген соң қаталарын, қалтыраушы еді,
Түн бойы түнегендей тоңлы қарда.
Оларды ұзатпай-ақ есіркеуші ең,
Араға апуатты тұтып пәрдә.
Мәһрүм мыңайтқан мен қалмаушы еді,
Көрсеткен кепке зиян кәждум мәрдә.
Достыңа дәулет құсын қондырып ен,
Жаулардан жасырынып кеп жауған қарда.
Қылып ең қалайда да қуанышты,
Халық қорған қызуынан қалған парда.
Қарыннан қырық күнде сау шығарып ең,
Жұтқанмен Жүністі де жайын жарда.
Солардың біздерге де беріп жолын,
Қадірлі қалайда да қыл сәркәрдә.
Кешікпей кеңшілігін көрсетпесең,
Қаптаған қалың өрттей қалдым шарда.
Ете гөр үй-ішімнің уақытын қош,
Отыртпай ұдайына ақы, зарда.
Өзімді өз теңімнен оздыр озат,
Пазылыңмен бей нәкя екі дарда.
Айыпты ал, әуезім бұл, азашы едім,
Қайткенмен Кәрим деген атың барда!

1938
* * *
Болса аман бағындағы екі гүлің,
Божырап, бұзылмасын бұған түрің.
Иіскелеп екеуін де ертелі-кеш,
"Шүкір!" - деп, көтерде отыр көкке мұрын.
Тигені төбең көкке, тұрса ойнап
Бірі тай сияқтанып, бірі — құлын.
"Сары алтын сабыр түбі болады" деп,
Ерлердің айтқаны бар өткен бұрын.
Олардың ол айтқанын орындасаң,
Ұлғаяр он төртінші айдай нұрың.
Кідіртпей, керектерін тауып беріп,
Ойларын өсіріп тұр, сөйлеп шырын.
Болармыз сын тағылып толық жұртқа,
Боп жүрсе бойлары бит, көздері — ірің.
Келгенше сапарымнан сау-саламат,
Сол болсын мен дегенде жиған сүрің.
Қарсы алып қуанышпен қол шапаттап,
Үстіме осы болсын шашар дүрің.
Қалармыз ұзамай-ақ ұшырасып,
Кеткендей қапаланба Қытай, Үрім.
* * *
Болып тұр сау-саламат, біздің ғашық,
Күйініп "Кетер - ау, - деп, - ұзақ қашық!"
Бар шығар барар жерде баста жазған,
Кемді күн тататұғын тұз бен нәсіп.
Солардың себебімен саулығында,
Келейін көптерменен ұшырасып.
Олардың, байқағанда, бар ішінде,
Сайрайтын сандуғаштар пәріңді ашып.
Кеңесіп кеулімменен көргенімде,
Айыбым жоқ аблығатын асып-сасып.
Жоқ деген аққа зауал анық болса,
Жоқ болар қайғы, уайым ойдан қашып.
Өзің де оған дейін отың жағып,
Көз жетпес көл секілді отыр тасып.
Күндеген дәулетіңді дұшпаныңның,
Бәрі де басын сипап қалсын жасып.
Аман-сау ішіндегіні туа қойсаң,
Той жасат ойын ойнатып, шашу шашып.
Осындай оншақты ауыз өлең жаздым,
Әрқашан оқысын деп көңілін ашып.
* * *
Талайды тәрбиелеп Сәбет күтті
Кейбіреу төкті білмей "су" деп сүтті.
Кетіріп біршіліктің берекесін
Ақырында алды өзіне тілеп жұтты.
Есіткен ерлер бұған таң қалысып
Жауыздан ада-жұда үзді үмітті.
От басып ойнақтаған жас ботадай
Жайына тек жүре алмай, түлен түртті.
Кеңеске күндеушілік етемін деп
Тайдырды басынан бақ—қонған құтты.
Жауласқан ішпен, сырттан дұшпандарың,
Суырып көкке күлін, көбін құртты.
Солардың жағып кеткен оттары әлі
Жылытып жатыр шоғы сөнбей жұртты.
Данышпан көсеміміз — ұлы Ленин
Басқарған уытын тауып, қаншама ұлтты.
Көрсетіп жанға рақат жарық дүние
Серпілткен басқан тұман, қара бұлтты.
"Босат, - деп, - бейкүнәні" берер тәртіп —
"Қапаста қамалмасын, аш, - деп, - кілтті!"
* * *
Сот маған екі жылды етіп меже,
"Тат, - деп тұр, - тұз - дәміңді жүріп, кезе".
Этаппен ертеңгі күн кете қойсам,
Бәйбішем, қапаланбай отыр төзе.
Ойым бар кешікпей-ақ келем деген,
Сендерден, бара жатқан жоқпын безе!
Ойымда уайым жоқ, он айтқанмен,
Болса сау қасындағы қалған шөже.
Болат боп, болған іске божырама,
Беріп тұр тәуір киім, тауып көже.
Кеңестен бір кеңшілік болатынын,
Ел біткен осы күні отыр сезе!
* * *
Сәтті күні, сәскеде
Қауыша қалдық жанаса.
Өздерің де, бізсіз - ақ
Аз емессіңдер, санаса!
Жарық екен жайларың —
Терезесі аласа.
Тар болғанмен, тығылып
Жайласыңдар балаша.
Төңбекшітер түнімен
Қандала, бүрге таласа.
Дабыр-дүбір, ду-дуың
Той секілді тамаша.
Жайларын, жатқан берік екен
Кетпестей ешкім қамаса.
Шығарсыңдар, шыдаңдар,
Қай күні Құдай қаласа.
Қосыларсыңдар қозыдай
Анасын тапқан адаса.
Бастарыңа бақ қонып
Боларсыңдар әрқайсың
Ат түзер арна — салаша.
Азғанасынбай, алқалап
Алдарыңа алыңдар
Құйылған қымыз - шараша.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қуандария болысы Көшекке айтқаны

  • 0
  • 0

Жүрмісің сау саламат, інім Көшек,
Ер едің ел билеген, ермей өсек.
Тапсырған жұмысыңды жөндеместен,
Жоқ болды Өмірұзақ деген есек.

Толық

Не көзелдер қор болған

  • 0
  • 0

Не көзелдер қор болар,
"Жақанды жолдас білем" деп.
Жиырма - отызды өткізер,
"Жүйрік пен жорға мінем" деп.

Толық

Түрмеде, жатып түрмедегілерге айтқаны

  • 0
  • 0

Пірмахан, болдың маған жар мен достай,
Көңілімді тұрған сайын, тұрдың қоштай.
Көркейіп көрсем сені, қалады көңілім,
Халқы үшін қазынадан шыққан қостай.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар