Өлең, жыр, ақындар

Көр де көр...

Ығы-жығы базардың ортасында біреу жар салып түйесін мақтап тұрады.

— Өзі нардай түйе, өзі жардай түйе, — деп сарнайды әлгі сатушы.

— Өзін көр, көзін көр, көр де көр, бір көзі көр, көр де көр...

Нар түйенің сұлулығына, әрі иесінің құйқылжыта тақпақтап мақтауына қарағанда біреулер келіп, түйені айналдыра қарайды... Иесі тағы да тақпақтай жөнеледі. Сатып алушының бірі ұнатады да, ақшасын төлеп, нарды жетелеп кете береді.

Жолда ауылдастары оған: «Батыр-ау түйең соқыр екен», — депті. Қараса нардың шынымен-ақ бір көзі жоқ екен. «Қап, мына сатушының мені алдағаны-ай, ә!» — деп түйе алушы ашуланып, қайта базарға келеді.

— Отағасы, соқыр түйеңді алдап сатқаның қалай? — дейді түйенің иесіне.

— Атай көрмеңіз, — түйе сатушы. — Мен ешқашан алдағаным жоқ. Мен сізге шаршы базардың ішінде айғайлап тұрып: «Өзін көр, көзін көр, бір көзі көр де көр», — деп айтпадым ба.

Аңқау алушы бағанағы тақпақ, ойнақы, сырлы сөздің мағынасын ұқпағанына санын бір соғып: «Бұйырғаны осы болған шығар» деп жүріп кетеді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз