Өлең, жыр, ақындар

Дәрігер қыз

Еркін мен Ерік әлденеге керілдесіп қалды. Бірін-бірі итеріп, ерегісулері тоқтар емес. Бір кезде Ерік ызаланып қолындағы ойыншық темір қалақпен Еркіннің тізесінен салып қалды. Еркін шыңғырып жылай бастады.

— Ерік, сен не істедің? Еркіннің тізесінде жара бар еді. Мінеки, сол жарылды. Енді қайттім? — Еркіннен екі жас үлкендігі бар Айша шыр-шыр болып, тызақтады.

Мұны естіген Ерік қатты қорқып кетті. Үңіліп қараса, шынымен-ақ, оймақтай жарадан қан аралас ірің ағып тұр екен.

— Мен кез келген жараны жаза аламын. Әке-шешем дәрігер ғой. Ендеше, маған сеніңдер, — деді анандай жерде тұрған Айгүл жүгіріп келіп. Ол алдымен жарақаттанған жерді таза мақтамен сүртті. Әлдеқандай қышқыл иісі бар сұйық қоспамен қотырды жуды. Сонан соң үйінен әкелген жараға арналған майды жақты. Сосын ақ дәкемен Еркіннің тізесін орап-орап таңып тастады.

— Сен жақсы қызсың. Не істеу керек екенін білесің, — деді Ерік қуанғаннан ыржалақтап күліп. Ол сонан соң да Айгүлді қалай мақтарын білмей, ойына келген жақсы сөздерін айтып, жалбақтай берді. Ең бастысы ол көңілді еді.

— Айгүл аса мейірімді. Мен досымды мақтан етемін, — деді Айша құрбысын құшақтап, бетінен сүйіп.

— Мен өскенде дәрігер боламын. Бәлкім, атам секілді сынықшы болармын. Егер көшеде құлап қалсаңдар не жарақат алсаңдар, маған келіңдер. Мен сынықты саламын, жараларды таңамын.

Бағанадан бері қабағын ашпай отырған Еркін осы кезде ғана Айгүлге қарап езу тартты.

— Рақмет саған, дәрігер қыз, — деді шынайы көңілмен.

Еркін жадырап еді, бөлме іші де жарқырап кеткендей болды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз